Трамп Венесуэланы АҚШ-тың 51-штаты етуді ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп сейсенбі күні Венесуэла АҚШ-тың 51-штатына айналуы мүмкін екенін айтты. Ол бұған екі елдің мұнай саласындағы ынтымақтастығының артуын негіз етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Anadolu Ajansı агенттігіне сілтеме жасап. 

Трамп
Фото: Anadolu

— Венесуэламен арамызда өте жақсы, тамаша қарым-қатынас орнады. Осы үшін Венесуэлаға алғыс айтқым келеді, — деді Дональд Трамп Техас штатының Корпус-Кристи қаласында өткен сайлауалды митингіде жақтастарына.

Трамп екі ел арасындағы келісімге сәйкес Венесуэладан алғашқы 1 миллион баррель мұнай тегін жеткізілгенін хабарлады.

— Бұл тарихи жеңіс әлемдік мұнай қорының едәуір бөлігіне бақылау орнатуға мүмкіндік береді. Мұнай АҚШ-та, соның ішінде дәл осы Корпус-Кристи қаласында өңделеді, — деді АҚШ президенті.

Трамп Венесуэлаға салынған инвестицияның арқасында елде бір жыл бұрын елестету мүмкін болмаған көлемде жұмыс орындары ашылып жатқанын мәлімдеді.

— Біз өз қажетімізге мол көлемде мұнай өндіреміз. Венесуэла да өркендеген елге айналады. Ал кім білсін, бәлкім, бір күні АҚШ-тың гүлденген 51-штаты болар. Бұлай болуы да мүмкін, — деді Дональд Трамп.

Бұдан кейін АҚШ президенті Венесуэлада президенттің орнына губернатор болуы мүмкін екенін айтып, өз ұсынысын тағы да қайталады.

— Венесуэланы АҚШ-тың 51-штатына айналдырайық. Сонда президенттің орнына губернатор сайлаймыз. Бұл идея сіздерге қалай? Венесуэлада мұнай қоры мол екенін білесіздер, — деді Дональд Трамп.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Канаданы АҚШ-тың 51-штаты ету туралы ұсынысын тағы да айтқанын хабарлаған едік.