Трамп vs Харрис: АҚШ-тағы президент сайлауы Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін

Бүгін АҚШ-та кезекті президент сайлауы басталады. Маңызды саяси науқан келесі мемлекет басшысы кім болатынын шешуі тиіс. Басты бәсекелестер – Дональд Трамп пен Камала Харрис. Қайсысын алсақ та, саяси элитада салмағы басым, Ақ үйде абыройға ие. Алғашқысы 2017-2021 жылдары ел басқарса, кейінгі кандидат билік құрылымындағы басты ойыншының бірі. Мұхиттың арғы бетіндегі халық таңдауы Қазақстанға ықпал ете ме? Тізгін ұстаған президент Орталық Азиямен байланысты қалай құбылтуы мүмкін? Kazinformтілшісі тақырыпты тарқатып көрді.

АҚШ-тағы президент сайлауы Трамп - Харрис
Коллаж: Kazinform/ x.com/VP/ Flikr/ Pixabay

Экономика қатпары: мұнай мен «жасыл» энергия текетіресі

Әзірге президенттікке үміткерлердің басты саяси позициясы Украинадағы жанжал мен заңсыз миграция төңірегінде қақтығысуда. Ешбірі сайлау алды бағдарламада Орталық Азияға қатысты ұстанымын ашып айтқан емес. Демек ұзақ жылға жоспарланған перспективалы жобалар өзгеріссіз қалатын секілді. Келесі қадам мемлекетаралық қатынасқа тәуелді болмақ.

Кейінгі жылдары Қазақстан мен АҚШ арасындағы барыс-келіс сәтті нәтиже көрсеткенін білеміз. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен 2 мәрте мұхит асып, инвестициялық және стратегиялық келіссөзге қол жеткізді. Тіпті БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы мен «С5+1» форматындағы саммитте державамен дипломатиялық байланыс нығая түскен болатын. Содан болар, биыл I жартыжылдықта АҚШ-қа жіберілген тауар көлемі 888,8 млн долларға жеткен. Мұнай мен радиоактивті элементтер экспортында да маңызды серіктес атандық. 2024 жылдың алты айында 578 миллион долларға 0,9 миллион тонна мұнай тасымалданған. Бұл 2023 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда үш есеге жуық көп.

АҚШ
Инфографика: Kazinform

 

Осы орайда еларалық алыс-беріс мұнай өндірісіне тәуелді болғандықтан, үміткерлердің аталған тақырыптағы ұстанымын анықтау маңызды. Бұл алдағы экспорт көлемі мен табыс деңгейіне әсер етуі ықтимал. Мысалы, «жасыл» энергия өтуге бағытталған Green New Deal резолюциясын алайық. Камала Харрис аталған жобаны қолдаса, Дональд Трамп түбегейлі қарсы. Оның айтуынша, Green New Deal елдегі мұнай өндірісін тежеп қана қоймай, экономиканы әлсіретеді деген күдікте. Сондықтан АҚШ-тағы мұнай өндірісін ұлғайтып, сол арқылы сұйық отын бағасын реттеуге болады деп санайды. Трамп Пенсильвания штатындағы мұнайшылармен кездесу кезінде де сөзін қайталады: «Егер президент болып сайлансам, Green New Deal жоспары жүзеге аспайды, жанар-жағармай бағасының өсуін тоқтатамын», – деп мәлімдеді.

Сарапшылардың сөзінше, АҚШ-тағы мұнай өндірісі баға саясатына әсер еткенімен, біздегі экспорт көлеміне ықпал ете алмайды. Себебі әлемдегі кәсіпорындар мен жеке сектор әлі «жасыл» энергияға дайын емес, балама энергияда мұнайға сұранысты азайтарлықтай ауқым жоқ.

Екі үміткердің сыртқы саясатқа бағытталған экономикалық жоспары болмауы мүмкін, дегенмен ішкі экономикалық шешімі әлем елдеріне әсер ететінін жоққа шығара алмаймыз. Мәселен, Трамп президент кезінде экономиканы сауықтыруға 3 трлн доллар бөліп, салдарынан АҚШ-та инфляция шарықтады. Домино әдісімен өзге мемлекеттерде баға тұрақсыздығы пайда болғаны белгілі. Сондықтан елішілік қадамдарды да қапы жібермеген дұрыс.

Осы есеппен алсақ, салық саясаты назарға түседі. Трамп президент болса, салықты 15-20 процентке дейін түсіруге ниетті, Харрис керісінше, ұжымдық салықты 21-28 пайызға арттырмақ. Трамп Қытай тауарына тарифті 12-60 пайызға, өзге елден келетін импорт тауарға 20 пайызға дейін тариф орнататынын айтты. Ал Харрис елдегі заңсыз мигранттардың құқын қорғауға уәде берген. Сарапшы Қуаныш Сайлаудың пікірінше, саясаткерлердің бұрынғы көзқарасы жаңа бастамаларға итермелеуі мүмкін әрі одан артық өзгеріс күту орынсыз.

Қуаныш Сайлау, саясаттанушы
Фото: Қуаныш Сайлаудың жеке мұрағатынан

 

«Қос кандидаттың сайлау бағдарламасында экономикалық және сауда саясаты үлкен орын алмайды. Дональд Трамп импортқа тарифтерді енгізу туралы айтқан-ды, бірақ бұл саясат АҚШ-тың ішкі жағдайына көбірек әсер етеді. Орталық Азия мемлекеттері бұдан пайда да, зиян да көруі екіталай. Камала Харрис елінің негізгі серіктестерімен («Үлкен жетілікке» мүше мемлекеттер) ынтымақтастықты дамытуға бағыт алады», – деді сарапшы.

Сондай-ақ АҚШ-тағы президент сайлауы сауда балансын бұзбайды. Саясаттанушы президенттікке үміткерлердің экономикалық есебі Еуроодақ елдері мен сыртқы саясатқа бағатталады деп шамалауда.

«Дональд Трамптың 2016-2020 жылдардағы басшылық кезеңі және Камала Харристің 2020-2024 жылдардағы вице-президенттік кезеңін қарастырайық. Дональд Трамп протекционистік сауда саясатын ұстанды, Ауғанстаннан әскерлерді шығару туралы ниет білдірді. АҚШ одақтастары тиісті үлес қоспады деген оймен НАТО-ның рөлін әлсіретуді көздеді. Қытайға қарсы қырғи-қабақ көңіл-күй танытып, Путинге қатысты оң пікір білдіргеніне қарамастан, Ресейге қарсы санкцияны күшейтті.

Харрис болса, вице-президент лауазымында АҚШ-тағы көші-қон мәселесімен айналысқан және сыртқы саясатқа аса аралыспаған. Оның Ақ үйдегі серіктесі Джо Байден Ауғанстаннан әскерді шығарды, бірақ Украина мен Израильге әскери көмек көрсетуге барынша тырысты», – деді Қуаныш Сайлау.

«С5+1»: шешім мен кепіл шеңбері

Экономика бағдары саяси көзқарасқа байланысты екені түсінікті. Қос кандидаттың Орталық Азия, әсіресе Қазақстанмен байланысы әрқилы. Мысалы, Трамптың ел басқарған жылдары Орталық Азия басшыларымен кездесіп, мәміле жасаған тәжірибесі бар. Ал Харристе мұндай артықшылық жоқ. Алайда бұл оның осал тұсын білдірмейді, тек оңтайлы статуста кездесуге мүмкіндік болмаған.

С5 + Орталық Азия саммиті
Фото: Ақорда

 

Жалпы Қазақстанның АҚШ-пен етене араласуы ғасыр басына тұспа-тұс келеді. 2001 жылы АҚШ әскері Ауғанстанға басып кіргелі Орталық Азия елдерінің маңызы артқаны анық. Бүгінгі «С5+1» форматының негізі де сол кезде қаланған болатын. Қазір мүдделер қақтығысы мен әскери шиеленіс кезеңінде аталған байланыстың мәні еселене түскендей. Әсіресе, АҚШ-Қытай-Ресей үштігіндегі ұстаным қайшылығы мүмкіндік пен қауіпті үдетуде.

Орталық Азия үшін Украинадағы оқиғаның дамуы аса маңызды болады. Дональд Трамп жеңсе, шиеленісті барынша тезірек тоқтатуға уәде берді. Соғыстың аяқталуы РФ позициясының біршама күшеюіне әкелуі мүмкін, бірақ келешекте Ресейдің Батыс елдерімен қарым-қатынасын қалыпқа келтіреді деп айту ерте. Орталық Азия елдері Ресей, Қытай және батыс елдерінің арасында тепе-теңдікті сақтауға мәжбүр болады.

Камала Харрис Байденнің саясатын жалғастыруға және Украинаға әскери көмек көрсетуге мүдделі. Жеңіске жеткен жағдайда Харрис АҚШ-Ресей немесе АҚШ-Қытай қатынасын қалпына келтіруі мүмкін емес. Бұл Орталық Азиядағы саяси және экономикалық жағдайға әсерін тигізеді. Саяси тұрғыдан алғанда, АҚШ өзінің негізгі қарсыластарының ықпалына қарсы амал табуға тырысады, бірақ Орталық Азияға араласуы сонда да шектеулі болып қалатын шығар. Сондай-ақ Орталық Азия елдерінің БРИКС және ЕАЭО ұйымдарындағы ынтымақтастығы күшеюі мүмкін», – деп болжады Қуаныш Сайлау.

Саяси додада кім жеңіске жетсе де Қазақстан үшін тағдыршешті өзгеріс орын алмайтындай. Әрине, мұнай бағамы мен Ресейге салынатын санкцияның салқыны тиетіні сөзсіз. Мұнан өзге айтарлықтай өзгеріс күте алмаймыз. Себебі Қазақстан-АҚШ дипломатиялық қатынасы жоғары деңгейде. Оның үстіне АҚШ-тың кез келген елге ұсына қоймайтын 10 жылдық визаны қазақстандықтарға еркін беруі – ынтымақтың ишарасы. Демек болашақ бағдар келісім мен уағдаға тәуелді.

Соңғы жаңалықтар