Трамп заңсыз мигранттарды «өз еркімен елден шығару» бағдарламасын іске қосты
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президентінің айтуынша, кез келген заңсыз мигрант әуежайға келіп, тегін билет ала алады, деп хабарлайды DW.

— Бүгін мен заңсыз мигранттарға арналған тарихтағы алғашқы «өз еркімен елден кету» бағдарламасын іске қосу туралы жарлыққа қол қойдым. Біз заңсыз мигранттардың Америкадан кетуін барынша жеңілдетіп отырмыз. Кез келген заңсыз мигрант жай ғана әуежайға келіп, елімізден шығуға арналған тегін билет ала алады, — деп мәлімдеді АҚШ президенті Truth Social әлеуметтік желісінде.
Оның айтуынша, бұл үшін арнайы мобильді қосымша іске қосылған, онда отанына билетке алдын ала тапсырыс беруге болады.
Ол мигранттарға «өте маңызды шығу бонусын» да уәде етті. Дональд Трамп оның нақты мөлшерін атамады, бірақ заңсыз мигранттардың елден кетуі АҚШ бюджетіне «триллиондаған доллар» үнемдейтінін айтты. Бұған дейін АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігі ерікті түрде кететіндерге 1000 доллар төленетінін хабарлаған.
Ал АҚШ-тан өз еркімен шықпайтындарға президент «қатаң салдар» мен «ұзақ мерзімді түрме жазасын» қоса алғанда, айыппұл, мүлік пен табысты тәркілеу секілді жаза қолданылатынын ескертті. Трамп олар кез келген елге «біздің қалауымыз бойынша» мәжбүрлі түрде «күтпеген депортацияға» ұшырауы мүмкін екенін айтты.
— Барлық заңсыз мигрант: тегін билеттеріңізге дәл қазір тапсырыс беріңіздер. Біз сіздердің Америкадан кеткендеріңізді қалаймыз, — деп түйіндеді АҚШ президенті.
Бұған дейін Қазақстан Республикасының елшілігі АҚШ-та жүрген отандастарға елден ерікті түрде шығуға байланысты үндеу жасаған болатын.
АҚШ-тан Өзбекстан арқылы депортацияланған мигранттар арасында қазақстандықтар бар екені туралы жазған едік.