Трамптың «алтын виза» бағдарламасына небәрі 338 өтінім түскен
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті әкімшілігі сәуір айының соңында 2025 жылдың желтоқсанында Дональд Трамп бастамасымен іске қосылған «алтын виза» бағдарламасына қатысты өтінімдер туралы мәліметті жариялады. Трамп бұл бағдарламаны ауқатты адамдар үшін АҚШ азаматтығын алудың жылдам жолы ретінде таныстырған еді. «Алтын визаның» құны 1 миллион доллардан басталады, деп жазады Meduza.
Сәуір айының соңына дейін «алтын визаға» 338 өтінім түскен. Өтініш берушілердің тек 165-і ғана қайтарылмайтын 15 мың доллар көлеміндегі тіркеу жарнасын төлеген. Ал олардың 59-ы ғана келесі кезеңге — АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігіне құжат тапсыру сатысына өткен.
The Washington Post басылымының жазуынша, иммиграциялық заңгерлер клиенттерін «алтын виза» бағдарламасына қатысудан бас тартуға шақырып отыр. Себебі бұл бағдарлама Конгрестің мақұлдауынан өтпеген және президент жарлығымен күшін жоюы мүмкін.
Сонымен қатар бағдарлама сот дауларына тап болу қаупіне ие және шетелдік инвесторларға арналған өзге иммиграциялық бағдарламалармен салыстырғанда салықтық артықшылықтар бермейді.
The Washington Post бағдарламамен жұмыс істегісі келмейтін заңгерлер қатарында Майкл Уайлдс есімін атайды. Ол кезінде АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамп пен оның ата-анасына АҚШ азаматтығын алуға көмектескен.
Еске сала кетейік, АҚШ визасына 15 000 доллар кепіл төлейтін елдер тізімі 50-ге дейін көбейді.
АҚШ 75 елдің азаматтарына виза беруді тоқтататыны хабарланды.