Трамптың миграциялық саясаты Қазақстанға қалай әсер етеді

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тағы жаңа миграциялық саясаттың жаңғырығы Қазақстанға жете ме? Сарапшылар тікелей болмаса да жанама әсер етері сөзсіз екенін айтады.

сарапшы
Коллаж: Kazinform

Халықаралық саясаттанушы Жанат Момынқұлов Трамптың бұл ұстанымы бірінші кезекте Мексика мен Канадаға бағытталғанына тоқталды.

– Себебі, екі ел шекарасы қазір Америка үшін үлкен шырғалаңға айналды. Есірткі тасымалы, қылмыстық топтар тұрғысынан қауіп жоғары. Мексикадан өте алмағандар Канаданы пайдаланады. Былтыр АҚШ Мексикадан жарты млн адамды кіргізбей қойған. Испан тілді Латын Америкасы мен Мексика халқының саны жылдам өсіп жатыр. Бірақ, жергілікті үкіметтер олардың әлеуметтік жағдайын жақсарта алмай отыр. Сондықтан жайлы тұрмыс іздеген тұрғындар шекара асуға мәжбүр. Бұл - зор дағдарыс, - дейді сарапшы.

Пайымдауынша, Америкаға өз бетінше бару шектеліп, тіпті оқу бойынша талаптар күшейтілуі мүмкін. Тек үкіметаралық арналар жұмыс істей береді. Саяси пана сұрау жағы қиындайды.

Америка жыл сайын 10 млн жуық эмигрантпен демографиясын көтеріп отыр. Демек, демографиялық тұрғыдан жақсарған ел енді ішкі қауіпсіздікке баса көңіл аударады.

Дональд Трамп ішкі әлеуметтік әрі экономикалық өсім үшін жұмыс істейтінін мәлімдеді. Осы ретте Жанат Момынқұлов Green card немесе білім алу бойынша баратындар үшін үлкен кедергі туындамағанмен шектеу болатынын жеткізді.

– Нақты айту қиын әрине, әзірге. Бірақ, шектеу болады. Трамптың кезінде Америкаға көшу миграция мақсатында қиындайды. Орталық Азиядан жыл сайын Өзбекстаннан 2 жарым млн адам Green card-қа қатысады екен. Былтыр азайған, биыл да азайыпты. Бірақ, бұл тек Трамптың кезінде болады. Одан кейін демократиялық үкімет келсе, шектеулер қайта қалыпқа келуі мүмкін, - деді ол.

Саясаттанушы Жанерке Қайратқызы да әріптесінің пікірін құптайды. Расымен де кей кедергілер туындауы мүмкін. АҚШ-тың миграциялық саясаты – өте ақылды адамдарды жинауға бағытталған.

– Өте белсенді, білімді азаматтар өз жолын табады. Бағдарлама көп. Республикалықтар негізінен экономикалық және әскери бағытқа басымдық берсе, демократтар жұмсақ күшке көңіл бөлді. Сондықтан білім саласындағы түрлі бағдарламалар Трамптың келуімен тыйылады деген жоспар бар. Бірақ, академиялық білімге қатысы болмайды. Ал, демократиялық партия Америкаға бет бұратын азаматтық қоғамды қалыптастыруға ден қойған. Олар журналистер мен активистерге көптеген бағдарлама ұсынды, - дейді сарапшы.

Қорыта айтқанда ел азаматтары АҚШ-қа виза талаптарын орындап, заң нормаларын сақтап барады.

- Оның үстіне, саны аз болса да АҚШ экономикасына үлес қосып жатқан отандастарымыз бар. Сондықтан қандайда бір бюрократиялық мәселе туындаса да, толықтай тыйым салынбайды, - деп түйді Жанерке Қайратқызы.

Еске салсақ, Трамп билікке келе сала АҚШ-та жұмыс істеуге рұқсат беретін миграциялық қосымшаның жұмысын тоқтатқан болатын.

Соңғы жаңалықтар