Трамптың президент сайлауына қатысып-қатыспайтынын АҚШ Жоғарғы соты шешеді

АҚШ Жоғарғы соты Дональд Трамптың Колорадодағы республикалық партияның праймеризіне қатысуға тыйым салған сот шешіміне берген апелляциялық шағымын қарауға келісті. Іс ақпан айында қаралып, шешім бүкіл елге тарайды. Kazinform бұл туралы ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.

трамп
Фото: Pixabay

Колорадо Жоғарғы соты Дональд Трампты 2021 жылғы 6 қаңтардағы тәртіпсіздіктегі рөліне байланысты партияның президенттікке кандидатурасын анықтау үшін бастапқы сайлауда кандидаттар тізімінен шығару керек деп шешті.

Заң тұрғысынан алғанда АҚШ азамат соғысы кезінде енгізілген конституциялық түзету Трампқа қатысты қолданыла ма деген сұрақ туындайды.

АҚШ Конституциясына енгізілген 14-ші түзету «көтеріліске немесе бүлікке қатысқан» кез келген адамға федералды лауазым атқаруға тыйым салады, бірақ бұрынғы президенттің адвокаттары оның Трампқа қатысы жоқ деп есептейді.

«Колорадо Жоғарғы сотының шешімі Колорадодағы миллиондаған сайлаушыны сайлау құқығынан айырады және бұл шешім бүкіл ел бойынша он миллиондаған сайлаушыны сайлау құқығынан айыру үлгісі ретінде пайдаланылуы мүмкін» деп санайды оның адвокаттары.

Колорадо республикалық партиясы штаттағы праймеризді толығымен тоқтатып, партия мүшелері бейресми кездесуде ашық дауыс беру арқылы президент кандидатураларын бюллетеньсіз растайтын кокус процесін бастаймыз деп қорқытты.

Колорадо Жоғарғы сотының желтоқсанда шығарған шешімі конституцияға енгізілген 14-ші түзету президенттікке кандидатты дисквалификациялау үшін қолданылған АҚШ тарихындағы алғашқы жағдай болды.

Соңғы жаңалықтар