Трамптың сауда саясаты қайта жанданды: АҚШ соты тарифтерді қолдады

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың федералды апелляциялық соты президент Дональд Трамптың шетелдік импортқа енгізген кедендік баж салығын қайта қалпына келтірді. Бұл салық бұған дейін Халықаралық сауда жөніндегі сот шешімімен заңсыз деп танылып, тоқтатылған болатын, деп жазды Euronews сайты.

АҚШ соты тарифтерді қолдады
Фото: Gene J. Puskar/AP/ Euronews

Сот екі тарапқа да жазбаша дәлелдер ұсынуды тапсырды: талапкерлер – 5 маусымға дейін, Трамп әкімшілігі – 9 маусымға дейін. Бұған дейін сот президенттің өз өкілеттігін асыра пайдаланып, Конгресс құзырындағы сауда саясатына араласқанын айтқан.

АҚШ-тың Халықаралық сауда федералдық соты американдық президент өз өкілеттіктерін шектен тыс асырды әрі әлемнің көптеген елдеріндегі баж салығы заңсыз деп тауып, жаңа тарифтердің көпшілігіне тосқауыл қойды.

Оның үкіміне сәйкес, Дональд Трамп санкцияларды ұлғайту кезінде келтірген «Халықаралық төтенше экономикалық өкілеттіктер туралы» заң мемлекет басшысына тарифтер енгізуге мүмкіндік бермейді, өйткені Конституцияға сәйкес, басқа елдермен сауданы реттеуге президент емес, Конгресс айрықша өкілеттікке ие.

Талап арыз Liberty Justice Center атты коммерциялық емес заң ұйымы арқылы, баж салығы әсер еткен шағын бизнес иелерінің атынан берілді. Трамп әкімшілігі сот шешіміне бірден шағым түсірді.

Бұған дейін хабарланғандай, Трамп ЕО тарифтерін 9 шілдеге дейін шегерді.

Соңғы жаңалықтар