Трамптың соңғы шешімінен кейін жаһандану жайы не болмақ

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ-қа келетін импортқа жаңа ауқымды баж салығын енгізу арқылы халықаралық қауымдастықты қатты таң қалдырды деуге келе қоймас. Белгілі бір деңгейде ол өзінің меркантилизм саясатын бірте-бірте жалғастырып келеді. Бұл саясаттың бір бөлігі - жоғары импорттық баж салығы мен жергілікті өндірушілерге субсидиялар арқылы ішкі нарықты шетелдік өнімдермен бәсекелестіктен оқшаулау, деп жазады Kazinform агенттігінің халықаралық шолушысы. 

Трамптың соңғы шешімінен кейін жаһандану жайы не болмақ
Коллаж: Kazinform; Pixabay; AP

Трамп тактикасы

Бірақ, әрине, Трамп жақын көршілері – Канада мен Мексиканы, сондай-ақ Ресей, Беларусь, Солтүстік Корея мен Кубаны қоспағанда, іс жүзінде бүкіл әлемге қарсы шығады деп күткендер санаулы-ақ. Трамп әкімшілігінің Канадамен және Мексикамен мүлдем бөлек мәселесі бар. Бастапқыда оларға қарсы 25 пайыздық импорттық баж салығын енгізіп, артынан келіссөздер жүріп жатқан кезеңде оны біраз уақытқа тоқтата тұрған еді. Сондықтан Вашингтон оларды жаһандық санкциялар тізіміне енгізудің қажеті жоқ деп санаған сыңайлы. Мұның үстіне, олар Канада және Мексикамен қарым-қатынасының қысқа да болса өте бай тарихын барлық дерлік басқа елмен алдағы келіссөздерде баж салығы арқылы пайдаланғысы келуі ықтимал. Шын мәнінде, Трамптың өзі де тізімдегі барлық елді осылай істеуге шақырып отыр. Бұл тактика мынадай - біз баж салығын енгізіп, одан кейін келісімге келуге тырысамыз.

Трамптың қалай дегенде де сауда соғыстарының ықтимал тәуекелдері туралы хабардар болуымен байланысты басқа нұсқасы болуы да мүмкін. Мысалы, Канада мен Мексика тәжірибесі оларды баж салығын енгізу шығынның да бар екеніне сендіре алуы ықтимал. Мәселен, Канада мен Мексикадан келетін тауарларға жаңа баж салығы бүгінгі күні ұлттық шекараларды іс жүзінде ескермейтін үш елде орналасқан бүкіл өндіріс тізбегіндегі қосымша шығындар туындайтынын білдіреді.

транспортно-логистика
Фото: Midjourney

Кез келген жабдық өндірісінде, әсіресе автомобиль өндірісінде ауыр зардап күтіледі. Өйткені, Америка Құрама Штаттарына көптеген жабдық Мексика мен Канададан жеткізіледі. Оның үстіне, мәселен, АҚШ-та арзан электр энергиясы болмағандықтан алюминий өндіру мүмкін емес екені белгілі болып тұр. Сондықтан барлық алюминий Канададан жеткізіледі. Айталық, алюминий қымбаттаса, онда Трамптың негізгі электораты тұтынатын арзан банкідегі сырасының бағасы көтеріледі.

Сол себепті Мексика мен Канаданы әзірге жалпы тізімге қоспай отыр, бұл тұста олардың қарым-қатынасының өзіндік тарихы бар екенін де есте ұстаған жөн. Шартты түрде айтқанда, Вашингтон барлық ел қарымта шаралар қолдана бастаған жағдайда, күйзеліске жол бермеуді қалайды. Вашингтонның пайымынша, Ресей, Солтүстік Корея және Кубаның тізімге енбеуі олардың онсыз да санкцияға ұшырауында-мыс. Бірақ, Ресей әлі де болса АҚШ-қа 3 миллиард доллардың тауарын экспорттап отыр.

Бірақ, бұл жерде Трамп пен оның әкімшілігі Мексика мен Канададағыдай логиканы ұстанатын сияқты. Өйткені, егер Ресеймен келіссөздер жүргізіліп жатқан болса, демек, АҚШ-тың мұндағы қарым-қатынасының өзіндік тарихы бар деген сөз. Оның үстіне, аталған келіссөздер аясында АҚШ Ресей Украинамен әскери қақтығысқа қатысты келіссөздерде жеңілдік жасамаса, онда оған қарсы жаңа санкциялар мен шектеулер енгізу мүмкіндігі туралы айта бастады.

Барлық елге салынған салық

АҚШ қалған елдің бәріне боз кілемде айқастың бір түрін қолданып, барлық сауда қаруын қолданып отыр десек те болады. Сонымен бірге олар қарымта әрекет жасамауға да шақырып отыр. Ал бұл өз алдына біршама қисынсыз болып көрінеді. Қаржы министрі Скотт Бесент барлық қалған елдің үкіметтеріне жағдайдың одан әрі ушығуына жол бермеу үшін қарымта іс-қимылға бармауға шақырды.

Бұл мәлімдеме ашық көрсеткіш десек те болады. Өйткені, бұл АҚШ көзқарасы бойынша, жаңа әкімшіліктің тарифтерді негізінен барлық басқа елге салынатын салық, әділетсіз жағдайды қалпына келтірудің бір түрі ретінде қарастыратынын көрсетеді. Трамп 700 миллиард доллар кіріс алуды күтетінін, бұл бюджет тапшылығын азайтуға көмектесіп, салықты азайтуға жағдай жасайтындығын айтып отыр. Бұл өз кезегінде экономикалық белсенділіктің артуына әкелуі тиіс. Яғни, ол бірден екі міндетті қысқартуды жоспарлап отыр – бір мезгілде сауда балансының да, бюджеттің де тапшылығын қысқарту. Мұның үстіне, Трамп командасының есептеулері бойынша, бұл ақыр соңында өндірістің АҚШ аумағын қайтуына түрткі болуы тиіс.

салық
Фото: Pexels

Егер қалай дегенде де Трамптың бүкіл әлемге қарсы осы жаңа тарифінің барлығы тепе-теңдікті өз пайдасына қалпына келтіру ретінде қарастыратынымен келіссек, онда айқын парадокс туындайды. Себебі, Трамп пен оның командасының әрекеті 19-ғасырдағы классикалық меркантилизм, тіпті 20-ғасыр басындағы оқшаулану да емес. Өйткені америкалық президент АҚШ үстемдік ететін әлем тұжырымдамасынан бас тартпайды және өзінің «үйшігінде» қамалып отырмақ емес. Ол өзінің пайымынша Америка Құрама Штаттары ұсынатын қызметтерге, оның ішінде өз нарықтарына қол жеткізуге жол ашу арқылы да әділетті түрде төлем алғысы келеді.

Трампша жаһандану

Шартты түрде айтқанда, ол жаһандануды жақтайды, бірақ ол ең алдымен АҚШ мүддесіне сәйкес болуы тиіс. Мұндай жағдайда империализмнің немесе тіпті сол 19 ғасырдағы отаршылдықтың жаңа басылымы жайында айтуға болады.

Вашингтонның Украинаға қарыз ретінде алған көмегін есепке алуды талап етуі және бар. Шын мәнінде, сәуір айының басындағы АҚШ-тың Украинамен оның ресурстары туралы келісімінің баспасөзге тарап кеткен соңғы нұсқасы отаршылдық десек те болады.

Мұндай жағдайда, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ-та бірден Еуропаға көмек көрсету мәселесіне қатысты талқылау жүргенін айта кеткен жөн. Біреуі несиеге ақша бөлу керек десе, енді біреуі мүлде бөлінбеу керектігін алға тартты. Бірақ мемлекеттік хатшы Джордж Маршалл бастаған ықпалды топ бұл қаражаттың қайтарымсыз негізде берілуін талап етті. Дәл осы негізде атақты Маршалл жоспары жасалды. Бұл жердегі логика соғыстан қираған Еуропа өздігінен қалпына келе алмайды, содан соң билікке жергілікті коммунистер келеді, бұл жаңадан басталған қырғи-қабақ соғысты ескергенде АҚШ мүддесіне сай келмеуінде еді.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ-та оқшаулану идеясы онша танымал бола қоймады. Ол бүгінде президент Трамптың тұсында қайта жандана түсті. Бірақ сонымен қатар меркантилистер идеясы да танымал болмаған еді. Өйткені америкалықтар президент Герберт Гувер импортқа арналған тарифке қатысты Смут-Хоули заңына қол қойғаннан кейін басталған 1930 жылдардағы Ұлы депрессияның жағымсыз тәжірибесіне тап болған-ды. Нәтижесінде басқа елдер қарсы тариф енгізіп, сауда көлемі қысқарды және тарихта Ұлы депрессия деп аталатын жайт басталды.

Осыған байланысты АҚШ қырғи-қабақ соғыс кезінде басқа тактиканы таңдады. Олар сондай-ақ жеңіліске ұшыраған Жапония мен Германияны қолдады және өтемақы талап етпеді. Өйткені бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі өтемақылар ұлтшылардың билікке келуіне жағдай жасаған болатын. Бұған қоса, олар КСРО мен Францияда кеңінен талқыланған Еуропадағы қираған қалаларды қалпына келтіру үшін неміс жұмыс күшін пайдалану жоспарларынан бас тартты. Еркін сауда әділетті әлем құрудың тиімді құралы ретінде қарастырылды.

Осы идеяның аясында АҚШ экспортқа бағытталған экономикалық модель есебінен Жапония мен Оңтүстік Кореяның экономикасын қалпына келтіруге жағдай жасады. Сонымен бірге Америка аталған елдердің тауарларының негізгі нарығына айналды. 1980 жылдардан бастап Қытай да дәл осындай жолмен жүрді. 1990 жылдардан бастап жаһандану дәуірі басталды, оның жұмыс істеуі еркін нарыққа және оны реттеудің батыс институттарына негізделген. Ең алдымен, бұл сауда қатынастарын реттейтін және олармен байланысты заңгерлік, консалтингтік, бағалаушы компаниялардың қызметін қамтамасыз ететін құқықтық жүйе болды.

Трамптың соңғы шешімінен кейін жаһандану жайы не болмақ
Фото: Freepik

Сонымен қатар, доллар негізгі сауда валютасы және жалпы қаржы нарығы реттеушіге айналды. Жаһанданудың арқасында әлемде ақша массасы өсті. Оның артуы қор нарықтарының, содан кейін тұтыну нарығының, оның ішінде жылжымайтын мүлік нарығының өсуіне әкелді. Криптовалюта негізінен жаһандану нәтижесінде пайда болды. Өйткені қаржы нарықтарына инвестиция, алыпсатарлық және жинақтау үшін құралдар жетіспейтін.

АҚШ-қа мұның салдары тиіп отыр. Ең алдымен, олар өндіріс пен жұмыс орындарының бір бөлігін жоғалтты. Бұл Трампты билікке әкелген Огайо сияқты бірқатар штатта «тот басқан белдіктердің» пайда болуына әкелді. Оларда да қызметтер нарығын қоспағанда, созылмалы сауда балансы тапшылығының қалыптасуына алып келді. Әрине, қарыздың 36 триллион долларға дейін өсуіне әкелген бюджет тапшылығы басты мәселе. Әлемдегі ақша массасының көлемін және капиталдың өздері қабылдаған қауіпсіз айлағын іздеуге деген ұмтылысты ескере отырып, бұл АҚШ үшін өз алдына үлкен мәселе емес те. Бірақ бұл өте тітіркендіргіш фактор. Бұл да Трамптың билікке келуіне себеп болды.

Негізгі ойыншылар жаңа ережеге мойынсұнбақ емес

Алғашқы реакция да көп күттірген жоқ. Қытай қазірдің өзінде қарсы санкциялар жариялап, америкалық 125 млрд долларлық импортқа 34 пайыздық баж салығын енгізбек. Бұл негізінен ауыл шаруашылығына қатысты. Демек, Аризона мен Индианадағы фермерлер зардап шегеді. Бірақ, Қытайдың өзі де зардап шегетіні рас. Америка нарығы оның экспортқа бағытталған экономикасы үшін өте маңызды. 2024 жылдың соңына қарай Қытайдың АҚШ-қа экспорты 524 миллиард доллар, ал импорты 163 миллиард доллар болды.

Қытайдың АҚШ-пен сауда профициті оның 2024 жылғы жалпы сауда профицитінің шамамен 37 пайызын құрайды. Сонымен қатар, ол сапа көрсеткіштері бойынша маңызды, инвестициялардың, жеткізу тізбегінің және зияткерлік құқықтардың күрделі тізбегімен де байланысты. АҚШ-тың Қытай импортына салған 54 пайыздық баж салығы оның экономикасы үшін өте ауыр. Әсіресе Қытайда тауар өндірудің рентабельділігі жарияланған баж салығынан айтарлықтай төмен екенін ескерген кезде.

Бірақ Қытайдың қарымта жауабы негізгі ойыншылар ойынның жаңа ережелерін жай ғана қабылдамайтынын көрсетіп отыр. Қарсы шаралар әртүрлі елде, оның ішінде Еуропа Одағы елдерінде де талқыланып жатыр. Сондықтан, басты мәселе 1930 жылғы жағдайдың және сол кездегі Америка президенті Гувердің әрекеттерінің қайталануы мүмкін бе екендігі, біздің жаңа Ұлы депрессияны күтуіміз керек пе екендігі жайында болып тұр.

Түптеп келгенде, Трамп шартты түрде Гувер стилінде қуатты трансформацияны бастап кетті. Бірақ түбегейлі басқа жағдайда. Бұл жаһандық сауда-саттық үшін нағыз соққы екенң сөзсіз. Шындығына келгенде, бұл ретте ең маңызды мәселе - егер Трамп үшінші мерзімге үміткер болуға ниет танытса, онда 4 жылдан соң немесе 8 жылдан кейін қисайған дүниені түзетуге болар-болмасында.

Соңғы жаңалықтар