Трамптың сөзіне қатысты даудан кейін BBC бас директоры қызметінен кетеді
АСТАНА. KAZINFORM — Британдық хабар тарату корпорациясының (BBC) бас директоры Тим Дэйви және BBC News жаңалықтар қызметінің басшысы Дебора Тернесс BBC Panorama бағдарламасында Дональд Трамптың сөзі бұрмаланып өңделгеннен кейін туған даудың салдарынан қызметінен кетпек. Бұл туралы ВВС жазды.
- BBC мінсіз емес, біз әрқашан ашық, транспарентті болуға және есеп беруге міндеттіміз. Бұл - жалғыз себеп емес, бірақ BBC News төңірегіндегі қазіргі дау менің шешіміме әсер етті. Жалпы BBC жақсы жұмыс істейді, бірақ кейбір қателіктер болды және бас директор ретінде соңғы жағдайға қатысты жауапкершілікті өз мойныма алуым керек, - делінген Дэйви мәлімдемесінде.
Оның айтуынша, ол директорлар кеңесімен қызметтен кету мерзімін келісіп жатыр, жаңа басшылыққа өкілеттіктерді біртіндеп тапсыру келесі айларда іске асады.
- Президент Трамп туралы Panorama бағдарламасына байланысты туған пікірталас BBC-ге зиянын тигізіп жатыр. Бірақ мен нақты айтқым келеді: BBC News-ке ұйым ретінде тағылған соңғы айыптаулар — жалған. Жауапкершілік менде, - деп жазды Дебора Тернесс.
Тернесс сенбі күні Тим Дэйвиға қызметінен кету туралы өтініш бергенін хабарлады.
BBC бас директоры Тим Дэйви бұл қызметке 2020 жылдың қыркүйегінде тағайындалған. Бұған дейін ол жеті жыл бойы корпорацияның коммерциялық бөлімшесі BBC Studios-ты басқарды. Жалпы BBC-де 20 жыл жұмыс істеген.
Ал BBC News жаңалықтар қызметінің басшысы Дебора Тернесс осы ұжымға 2022 жылдан бері басшылық етіп келген.
Еске сала кетсек, BBC арнасы Маңғыстау облысының табиғаты ерекше өңірін түсірді. «The alien lands once hidden beneath the ocean» («Мұхит түбіне жасырынған тылсым жер») атты BBC Reel платформасында жарияланған бейнеролик өңірдің геологиялық тарихына арналған.