Трамптың тактикасы: Жаһандану дәуірі бітті ме?
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп елге әкелінетін импорттық тауарларға жаңа баж салығын салып, бүкіл әлемді таң қалдырды дей алмаймыз. Ол өзінің меркантилистік саясаты тұрғысынан таңдаған жолынан қайтпай келеді. Импортқа баж салығын көтеру арқылы АҚШ тауарларын сырттан келетін өніммен бәсекелестіктен қорғау және ішкі нарықты жабу сол саясаттың бір бөлігі ғана, деп жазады Kazinform-ның халықаралық шолушысы.

Трамп тактикасы
Дегенмен Трамп бүкіл әлемге қарсы шығады деп ешкім ойламаған еді. Құдай қосқан көршілері Канада мен Мексика, сондай-ақ Ресей, Беларусь, Солтүстік Корея мен Куба ғана жаңа тарифтен тыс қалды. Канада мен Мексикаға Трамп әкімшілігі алдымен 25% көлемінде импорттық баж салығын енгізіп, кейін келіссөздер аяқталғанша оны уақытша тоқтатты. Сол себепті Вашингтон бұл екі елді жаһандық санкция тізіміне қоспады. Тіпті Канада және Мексикамен арадағы осы оқиғаны өзге елдермен келіссөздерде үлгі ретінде пайдаланбақ. Тізімге енген барлық елдерге Трамптың тактикасы сондай: алдымен баж салығын көтереді, сосын келіссөз арқылы мәмілеге жетеді.
Бірақ Трамп сауда соғысы қаншалықты қауіпті екенін жақсы түсінеді деген басқа да нұсқа бар. Мәселен, Канада мен Мексиканың тәжірибесі бұл баждың да жағымсыз жағы барын көрсетті. Канада мен Мексикадан келетін тауарларға жаңа салық салу үш елде орналасқан өндірістік циклге қосымша шығындар қажет екенін байқатты.

Әсіресе, техника, автомобиль өндірісін көп шығын күтіп тұр. АҚШ-қа автокөлік бөлшектерінің басым бөлігі Канада мен Мексикадан әкелінеді. Одан бөлек, АҚШ-та электр энергиясы қымбат болған соң, елде алюминий шығарылмайды екен. Ол тек Канададан әкелінеді. Ал егер алюминий қымбаттаса, банкаға құйылып сатылатын арзан сыраның да бағасы өседі. Ал бұл өнімнің негізгі тұтынушылары Трамптың басты сайлаушылары болып есептеледі.
Сондықтан Канада мен Мексика әзірге жалпы тізімнен шығарылды. Осылайша, барлық ел бір мезетте қарымта шара қабылдап жатса, Вашингтон шок тудырмай, оның алдын алғысы келеді. Ал не себепті Ресей, Солтүстік Корея мен Куба тізімге енген жоқ деген сұраққа, Вашингтон «ол елдерге онсыз да санкция салынған» деп жауап берді. Алайда, мысалы, Ресей АҚШ-қа $3 млрд көлемінде тауар экспорттап отыр.
Бірақ бұл жердегі логика Канада мен Мексикадағыдай: яғни Ресеймен келіссөз жүріп жатыр. Осы келіссөздер аясында егер РФ Украинамен әскери қақтығысты аяқтауға асықпаса, АҚШ Ресейге қарсы жаңа санкция салуы мүмкін.
Барлық елге салық салынды
АҚШ қалған елдерге сауда қамытын кигізді. Алайда осы елдер ешқандай қарымта қайтармауы керек деп ескертілді. АҚШ Қаржы министрі Скотт Бесент осы елдердің үкіметтерін одан әрі жағдайды ушықтырғысы келмесе, ешқандай жауап әрекетке бармауға шақырды.
Трамп бюджет тапшылығын шешу үшін $700 млрд табыс табуды көздеп отыр. Бұл өз кезегінде елде салық мөлшерін азайтуға, одан әрі елдегі экономикалық белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша ол бірден екі проблеманы шешпек: сауда балансын қалпына келтіріп, бюджет тапшылығын жояды. Одан бөлек, Трамп командасының пікірінше, бұл қадам өндірістерді АҚШ аумағына қайтарады.

Трамптың әрекеті – XIX ғасырдағы классикалық меркантилизм де, XX ғасыр басындағы оқшаулану да емес. Өйткені Америка президенті АҚШ үстемдік ететін әлем тұжырымдамасынан бас тартпақ емес. Ол АҚШ көрсететін қызметтер әділ бағаланып, көбірек ақша төленгенін ғана қалайды.
Трамп тұрғысынан жаһандану процесі
Ол жаһандануды жақтайды, тек ол процесс АҚШ мүддесіне сай келуі керек. Бұны жаңа империализм немесе XIX ғасырдағы колониализммен салыстыруға болады. Трамптың пікірінше, дүниежүзілік мүдделер тоғысуының қақ ортасында АҚШ қана тұруға тиіс. Қырғи-қабақ соғыс аяқталған сәттен бергі кейінгі 35 жылда осы сипаттағы айыптар АҚШ-қа үнемі тағылып келеді. Трамптың көзқарасы бойынша, «біз бәрінен де күшті болсақ, бәрі бізбен қарым-қатынасқа түскеннен пайда тауып отырса, біз де содан қысылмай, өз үлесімізді алуымыз қажет» дегенге саяды.
Сондықтан да Вашингтон Украинаға бұған дейін берген көмегін қарыз деп мойындауға мәжбүрлеп жатыр. АҚШ пен Украина арасындағы келісімнің БАҚ-та тарап кеткен соңғы нұсқасы да тең құқылы мемлекеттердің келісімінен гөрі метрополия мен колонияның қатынасына көбірек ұқсайды.
Есте болса, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін де АҚШ Еуропаға қалай көмектесуі қажет деген пікірталас болған. Біреулер кредит берейік десе, енді біреулер Еуропаға мүлдем ештеңе берудің қажеті жоқ деген ой айтқан. Сол кездегі АҚШ мемлекеттік хатшысы Джордж Маршалл бастаған топ қайтарымсыз қарыз беру керек деген идеяны жүзеге асырды. Осының негізінде «Маршалл жоспары» деген атпен тарихқа енген атақты құжат әзірленді. Бұл жердегі логика мынадай еді: Еуропа өз күшімен қалпына келе алмайды, сонда жергілікті коммунистер билік басына келіп алады, ал бұл қырғи-қабақ соғыс басталып жатқан кезеңде АҚШ мүддесіне қайшы болды.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ-та оқшаулану саясатын жақтаушылар аз болды. Тек Трамп билікке келген тұста олар қайта тіріле бастады. Алайда меркантилистердің идеясы да аса танымал бола қойған жоқ. Оған себеп - америкалықтар 1930-жылдардағы Ұлы тоқырау кезін естен шығара қойған жоқ. Ол дағдарыс президент Герберт Гувер импорттық тауарларға тарифтер жайлы заңға қол қойғаннан басталған еді. Өзге елдер қарымта тариф енгізіп, сауда көлемі қысқарды да, Ұлы тоқырау жылдары деп тарихта қалған ең ауқымды дағдарыс басталды.
Қырғи-қабақ соғыс кезінде АҚШ өз саясатын өзгертті, бұны осы тарихтан алған сабақ деуге болады. Олар Жапония мен Германия секілді соғыста жеңілген елдерге де қолдау білдірді, олардан репарация төлеуді талап етпеді. Өйткені Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін репарация төлеу шарты ақыр аяғында осы елдерде ұлтшылдардың билікке келуіне алып келген еді Әділетті әлем құрғың келсе, . еркін саудадан асқан тиімді құрал жоқ екенін көз жетті.

Осы идея аясында АҚШ экспортқа бағдарланған экономика моделінің арқасында Жапония мен Оңтүстік Кореяның экономикалық өркендеуіне жол ашты. Осы елдерде шығарылатын тауарды сатып алатын басты нарық та АҚШ-тың өзі болды. 1980-жылдардан бастап Қытай да осы жолға түсті. Ал 1990-жылдары жаһандану дәуірі басталды.
Осы кезде басты сауда валютасы ретінде доллар үстемдікке ие бола бастады, жалпы бүгінгі қаржы жүйесі құрылды. Жаһанданудың арқасында ақша массасы пайда болды, оның өсуі қор нарығының, тұтыну қоғамының дамуына түрткі болды. Криптовалютаның шығуы да - жаһанданудың ықпалы.
Осының бәрі АҚШ-қа қалай әсер етті? Елде өндіріс пен жұмыс орны азайды. Содан кейін билікке Трамп келді. АҚШ-та қызмет көрсетуден өзге барлық салаларда сауда балансы дефицитке тап болды. Бюджет тапшылығы басты проблемаға айналып, сыртқы қарыз $36 трлн жетіп жығылды. Әлемдегі қаражат ауқымын, оның Америкаға бе бұрып тұратынын ескерсек, бұл АҚШ үшін соншалықты үлкен проблема да емес еді. Дегенмен, ол халықтың ашуына тиетін фактордың біріне айналды, соның салдарынан Трамп президент тағына жайғасты.
Жаһандық экономика пирамидасының шыңында орналасқан АҚШ-тың әрекеті барлық елге ықпал ететіні даусыз. Себебі біздің қазіргі өмір сүру дағдымыз да жаһандану дәуірінде қалыптасты. Әрине, жаһандану заманының ақыры таяп қалғаны Трамп Ақ үйге келмей тұрып белгілі болды. Бірақ ол тым үлкен бетбұрыс жасап жатыр.
Негізгі қатысушылар ойын шартын қабылдамады
АҚШ-тың сауда соғысына алғашқы реакция білдіріп жатқан елдер белгілі. Қытай америкалық импортқа 34% көлемінде қарымта салық салатынын жариялады. Бұл қадам шамамен $125 млрд-қа бағаланып отыр. Негізінен бұл баж ауыл шаруашылығына қатысты, демек, Аризона мен Индиана фермерлері зардап шегеді. Бірақ бұл әрекетінен Қытайдың өзі де шығын көреді. Оның экспортқа бағдарланған экономикасы үшін АҚШ нарығы аса маңызды. 2024 жылы Қытайдың АҚШ-қа экспорты $524 млрд болса, импорт $163 млрд құрады.
Қытай мен Америка саудасындағы ҚХР профициті 2024 жылдың барлық сауда балансы профицитінің 37%-н құрайды. Оны сапалық көрсеткіштерге жіктесе де бұл қаншалықты маңызды екенін айқын көруге болады. Инвестициялар, логистикалық тізбектер және зияткерлік құқықтар секілді күрделі жүйемен байланысты. АҚШ-тың Қытайдан келетін импортқа салынатын салықтың жалпы жиынтығы 54%-ға жетуі Аспан асты елінің экономикасы үшін ауыр соққы болып тиері анық. Бұл жерде Қытайда шығарылатын тауарлардың табыстылық деңгейі аталған салық мөлшерінен әлдеқайда төмен екенін ескеру қажет.
Алайда Қытайдың реакциясы басты акторлар жаңа ойын ережесін қабылдамайтынын көрсетіп отыр. Түрлі елдерде, соның ішінде Еуропалық Одақта да қарымта шаралар қандай болатыны талқыланып жатыр. Сондықтан ендігі басты сауалдар – 1930 жылғы жағдай қайталана ма, сол кездегі президент Гувердің әрекетін Трамп қайталай ма және бізді жаңа Ұлы тоқырау күтіп тұр ма?
Қор нарықтарында акциялар төмен сырғыды, мұнай бағасы да құлдырап кетті. Нарық қатысушылары жаңа дағдарысты күтіп отыр. Өйткені импорттық баж салығы көтерілген соң сауда көлемі азайып, іскерлік белсенділік төмендейді, жер-жерде артық қызметкерлер жұмыстан босатылып, тұтыну нарығы қысқарады.

Қазіргі қолда бар ақша массасы қайда кетеді деген сұрақ туындайды, ақшасы барлар тұрақты орын іздейтіні анық. Әлемдік сауда күн санап қысқарып жатқан шақта ондай ақша массасының көлемі тым көп екені де түсінікті. Демек қысқамерзімді уақытта доллардың көтерілуін күтуге болады. Себебі ақшаның басқа баратын жері жоқ. Одан бөлек, экспортқа бағдарланған елдер оның көлемін сақтап қалу үшін өз валюталарына девальвация жасауға мәжбүр болады.
Трамп бір жағынан Гувер стилінде, бірақ мүлдем басқаша жағдайда әрекет ете отырып, әлемдік экономикаға түбегейлі трансформация жасамақ. Бұл жаһандық сауда үшін нағыз төңкеріс. Осы тұстағы ең маңызды сұраққа келіп тірелеміз: енді 4 жылдан кейін немесе Трамп амалын тауып, үшінші мерзімге қалып жатса, 8 жылдан кейін жағдайды дұрыстауға мүмкіндік бола ма?