Трамптың тарифтері Азия мен Еуропа нарығының құлдырауына себеп болды
АСТАНА. KAZINFORM – Азия-Тынық мұхиты аймағының қор нарықтары дүйсенбі таңертең АҚШ президенті өткен аптада жариялаған тарифтерге байланысты күрт төмендеді, деп хабарлайды ВВС.

Бірнеше сағаттан кейін еуропалық индекстер де осындай реакция көрсетті. Дональд Трамп бұл жағдайдың өзін алаңдатпайтынын білдіріп, нарықтардағы құлдырауды «қажетті дәріні қабылдағандағы» реакциямен салыстырды.
Дүйсенбі күні Азиядағы негізгі биржа индекстері АҚШ президенті өткен аптада жариялаған жаңа кедендік баж салығына алғашқылардың бірі болып жауап берді. Сауда басталған бойда Шанхайдан Токиоға, Сиднейден Гонконгқа дейін барлық индекс күрт құлдырады.
Күннің ортасына қарай жапондық Nikkei 225 индексі 6%-ға, австралиялық ASX 200 — 4%-ға, ал оңтүстіккореялық Kospi — 4,7%-ға төмендеді. Шанхайдың Shanghai Composite индексі 6%-дан астам құлады, ал Гонконгтың Hang Seng және Тайваньның TAIEX индекстері шамамен 10%-ға түсіп кетті.
MSCI Asia Pacific индексі (13 елдің ірі және орта капитализациялы компанияларын қамтиды) 2008 жылдан бергі ең ірі құлдырауды көрсетті — минус 7,1%. Nikkei 225 индексы «аю нарығына» кірді — яғни бұрынғы максимумынан 20% және одан көпке төмендеді.
— Бұл нағыз қаржылық қырғын, — деді бір сарапшы BBC-ге.
Қытай, Гонконг және Тайвань биржалары жұма күні мерекеге байланысты жұмыс істемегендіктен, олар жаһандық нарықтағы құлдырауға тек дүйсенбіде жауап беріп, оның әсері қаттырақ болды.
Бірнеше сағаттан кейін ашылған Еуропа биржалары да ұқсас реакция көрсетті: Ұлыбританияның FTSE 100 — шамамен 6%, Германияның Dax — 10%-ға жуық төмендеді. Еуропалық индекстер жұмада басталған құлдырауды жалғастырды.
— Жаһандық нарықтардағы құлдырау жалғасуы мүмкін, өйткені АҚШ индекстерінің фьючерстері минуста саудаланып жатыр, бұл Уолл-стритте тағы бір ауыр кештің болатынын көрсетеді, — дейді FTSE Russell бөлімінің басшысы Джулия Ли.
Азия мен АҚШ-қа соққы
Азия әлемге сатылатын тауарлардың басым бөлігін өндіретіндіктен, АҚШ-тың жаңа тарифтері бұл аймаққа тікелей әсер етеді. Бұл жаһандық сауда соғысының АҚШ-та рецессияны туындатуы мүмкін деген алаңдаушылықты арттырады.
Goldman Sachs АҚШ-та алдағы 12 айда рецессия болу ықтималдығын 10 пайыздық тармаққа арттырып, 45%-ға жеткізді. JPMorgan болса, АҚШ пен әлемдегі рецессия ықтималдығын 60% деп бағалап отыр.
Reuters мәліметінше, JPMorgan бұған дейін АҚШ экономикасының 1,3% өседі деп болжаған, енді олар 0,3%-ға төмендейді деп күтеді.
Жексенбіде Air Force One бортында журналистерге берген сұхбатында Трамп нарықтағы құлдырауға алаңдамайтынын айтты.
— Мен ештеңенің құлағанын қаламаймын. Бірақ кейде бір нәрсені түзету үшін «дәрі ішу» керек, — деді ол.
Трамп Еуропа мен Азия елдерінің басшыларымен сөйлескенін, олардың тарифтерді төмендетуді сұрағысы келетінін айтты.
— Олар келіссөздер жүргізгісі келеді. Бірақ бізге жыл сайын көп ақша төлемесе, келіссөз болмайды, — деді ол.
Экономикалық баяулау Азия экспортына соққы болып тиюі мүмкін, себебі АҚШ — бұл аймақ үшін басты нарықтардың бірі.
— Азия АҚШ тарифтерінің ауыр салдарын сезінеді. Келіссөздерге мүмкіндік болғанымен, жоғары тарифтер дәуірі енді шындап басталды, — дейді Vanguard компаниясының бас экономисі Цянь Ван.
«Бұл қысқа және ұзақ мерзімді перспективада жаһандық және азиялық экономикаларға, әсіресе шағын ашық экономикаларға теріс әсер етеді» деп болжайды ол.
Вьетнам мен Бангладеш секілді кейбір елдер АҚШ-қа экспортына қатты тәуелді. Трамп өткен аптада Вьетнамға — 46%, Бангладешке — 37% тариф енгізетінін хабарлады.
Nike және Lululemon секілді ірі брендтер Вьетнамда өнім шығарады. Ал Бангладеш жыл сайын АҚШ-қа 8,4 миллиард доллардың киімін экспорттайды.
— Азия бұл тұрақсыздықтан ерекше зардап шегуі мүмкін, себебі олар АҚШ-қа басқа аймақтарға қарағанда көбірек экспорттайды, — дейді АҚШ Сауда министрлігінің бұрынғы орынбасары Фрэнк Лавин.
Жұманың жаңғырығы
Бүкіләлемдік нарықтағы дүрбелең жұма күні Қытай АҚШ өнімдеріне 34% кедендік салық енгізген соң күшейді.
АҚШ-тың үш ірі индексі 5%-дан астам төмендеді: S& P 500 — 6%-ға жуық төмендеп, COVID-19 пандемиясы кезінен бергі ең нашар көрсеткішті көрсетті.
FTSE 100 жұмада 5%-ға құлап, соңғы бес жылдағы ең ірі төмендеу болды. Германия мен Франция биржаларында да осындай құлдырау байқалды.
Трамп бүкіл елдерге 10% импорттық баж салығын енгізіп, Қытай, Еуроодақ, Вьетнам сияқты негізгі сауда серіктестеріне жоғары тарифтер белгіледі. Бұл — жаһандық нарық капитализациясының триллиондарын жойған оқиға болды.
Бұған дейін Жапон премьер-министрі тез арада АҚШ-қа барып, тарифтерді талқылауды көздеп отырғаны хабарланды.