Трамптың жаңа тариф соққысы: айфондар мен Еуроодақ тауарлары қымбаттауы мүмкін
АСТАНА.KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Еуроодақ елдерінен АҚШ-қа жеткізілетін тауарларға 50% кедендік баж салығын енгізуді ұсынды. Сонымен қатар, ол егер америкалық Apple компаниясының телефондары АҚШ аумағында өндірілмесе, оларға да салық салатынын ескертті, деп жазды BBC.

«Олармен жүргізген сауда келіссөздеріміз еш нәтижесіз!» – деп жазды Трамп өзінің Truth Social желісінде.
Оның айтуынша, ЕО елдерінен әкелінетін тауарларға жоғары баж салығы 1 маусымнан бастап енгізіледі.
Қазір ЕО-дан келетін тауарларға салынатын кедендік салық мөлшері 10%. Бастапқыда Трамп бұл мөлшерді 20% қылуды ұсынған, бірақ кейін келіссөздерге мүмкіндік беру үшін 8 шілдеге дейін оны 10%-ға дейін төмендеткен еді.
Айфондар зардап шегуі мүмкін
Жұма күні Трамп айфондар АҚШ аумағында өндірілуі тиіс екенін тағы да қайталап айтты.
– Мен Apple басшысы Тим Кукке бұрыннан айтып келемін: егер АҚШ-та сатылатын айфондар Америкада өндірілмесе, онда компания 25% кедендік салық төлейтін болады, – деді Трамп.
АҚШ – Apple компаниясы үшін ең ірі нарықтардың бірі. Counterpoint Research мәліметі бойынша, өткен жылы АҚШ-та сатылған смартфондардың жартысы – Apple өнімдері болған.
Сол деректерге сүйенсек, АҚШ-та сатылатын айфондардың шамамен 80%-ы Қытайда, қалған 20%-ы Үндістанда өндіріледі.
CNBC арнасы хабарлағандай, өндірісті АҚШ-қа көшіру айфон бағасын айтарлықтай өсіреді. Сарапшылардың бірі iPhone 16 Pro моделі тек жұмыс күшінің құнына байланысты 25% қымбаттайтынын болжайды (қазір ол 1199 доллар тұрады).
Ал Wedbush компаниясының сарапшысы Дэн Айвс айфон бағасы 3,5 мың долларға дейін көтерілуі мүмкін дейді. Оның есебінше, Apple компаниясы өндірістің 10%-ын АҚШ-қа көшіру үшін алдағы үш жылда 30 миллиард доллар жұмсауға мәжбүр болады.
Сарапшылардың кейбірі Apple компаниясына АҚШ-та қажетті білікті жұмысшыларды табу оңай болмайтынын да атап өтті.
– Саланың сарапшылары мен бақылаушылары бұл сценарий (айфон өндірісін АҚШ-қа көшіру) мүмкін емес деп санайды, – деп жазады CNBC.
Еске сала кетейік, бұған дейін Apple компаниясы iPhone өндірісін Қытайдан Үндістанға шұғыл көшіріп жатқанын жазған едік.