Трансферт: Мәжіліс Сенаттың қосымша қаражат бөлу ұсынысымен келісті
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары жалпы сипаттағы трансферттерге қатысты құжатқа Сенат енгізген түзетулермен келісті.
Атап айтқанда, бүгін Мәжілісте «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2026 — 2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» Заңының ҚР Парламенті Сенаты жаңа редакцияда ұсынған жекелеген баптары қаралды. Заңды қабылдау әртүрлі экономикалық әлеуеті бар өңірлердің қаржылық мүмкіндіктері арасындағы теңсіздікті жоюға ықпал ететін болады. Бұл өз кезегінде тұрғылықты өңіріне қарамастан, халықтың мемлекет кепілдік берген қызметтердің тең деңгейіне қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
— Қаралып отырған заң 2025 жылғы 22 қазанда Мәжілістің жалпы отырысында қабылданды. Ал 20 қарашада Сенаттың жалпы отырысында қарау қорытындысында Республикалық бюджеттен облыстық, республикалық қалалар бюджеттеріне 2026 жылға берілетін бюджеттік субвенцияларды ұлғайтуға қатысты түзетулер енгізу ұсынылды. Парламент Сенаты басталған және жалғасып жатқан жобаларды аяқтау үшін елді мекендерге әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға 17,5 млрд теңгеге сомасында қосымша қаражат бөлуді қарастырды. Бұл тұрғыда Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті аталған заңға Сенат ұсынған өзгерістермен келісуді ұсынады, — деді Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл.
Еске салсақ, биыл 20 қарашада Сенаттың жалпы отырысында «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2026 — 2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» Заңы қаралды. Сенат құжаттың жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарды.