Транскаспий бағдары арқылы жүк тасымалдау көлемі 62% өсіп, 4,5 млн тоннаны құрады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Әзербайжан президенттері брифинг өткізді. Шара барысында Президент Тоқаев биылғы көрсеткіштер де көңілге сенім ұялататынын айтып, өсім 2 пайызды құрағанын алға тартты.

Мемлекет басшысы келіссөздер кезінде ірі инфрақұрылымдық, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағдары секілді стратегиялық тұрғыдан маңызды жобаларды жүзеге асыру барысы қарастырылғанын жеткізді.
— Былтыр бұл бағытта жүк тасымалдау көлемі 62 пайызға өсіп, 4,5 миллион тоннаны құрады. Биылғы көрсеткіштер де көңілге сенім ұялатады, өсім 2 пайызды құрады. Шетелдік серіктестермен бірге шектеулерді жойып, дәліз бойында бірыңғай ұзақ мерзімді тариф орнатуға жұмыс істеп жатырмыз. Бұл барлық бағдар бойынша кедергісіз тасымалдауды қамтамасыз етіп, тиімділікті көтеретіні сөзсіз. Яғни жүк тасымалының көлемін жоспарға сәйкес 10 миллион тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, порттардағы терминалдардың қуатын арттыруға назар аударылды. Қазақстан Ақтауда контейнерлік хаб құрылысын жүргізуде. Шетелдік, соның ішінде қытайлық серіктестердің қатысуымен Алят портында салынып жатқан жүк терминалының келешегі зор. Келіссөз барысында жүк экспортына арналған жаңа Транскаспий паром жүйесін құру мүмкіндігін талқыладық, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев екіжақты келіссөз және Қазақстан – Әзербайжан Жоғары мемлекетаралық кеңесі отырысының қорытындылары бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өткізді.