Транскаспий халықаралық дәлізі арқылы жүк тасымалы 10 млн тоннаға артады
АСТАНА. KAZINFORM — Былтыр Транскаспий халықаралық көлік дәлізімен 4,5 млн тонна жүк тасымалданды.

— Күн тәртібінде екі ел арасында, сондай-ақ жалпы өңір үшін маңызы зор стратегиялық жобалар баршылық. Қазір Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға үлкен күш салып жатырмыз. Былтыр дәлізбен жүк тасымалы 4,5 млн тоннаға дейін өсті (+62%). Болашақта жүк көлемін 10 млн тоннаға жеткізу көзделуде, — деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу БАҚ өкілдері алдында мәлімдеме жасай тұрып.

Министрдің айтуынша, осы орайда Қазақстан мен Әзербайжанның бірлескен «Middle Corridor Multimodal Ltd» кәсіпорны елеулі рөл атқарады.
— Қазақстан үшін талшықты-оптикалық байланыс желісі заманауи цифрлық дәлізді құрудағы маңызды қадам. Оны іске қосуда белсенді ынтымақтастыққа дайынбыз. Каспий түбіне терең су электр кабелін жүргізу жобасын ілгерілетуге қатысты бастама әлеуетін жоғары бағалап, бұл жұмысты жандандыруға әрқашанда әзірміз, — дейді ол.

Айта кетейік, бүгін елордаға Әзербайжан Республикасының Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов ресми сапармен келді.
Сапар аясында әзербайжандық министр Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары — Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді.