Транскаспий көлік бағдары арқылы өтетін жүк көлемі 5 есе артуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Egemen Qazaqstan газетіне жариялаған «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» атты мақаласында аймақтың көлік-логистика саласындағы әлеуетін арттыруға Қазақстан қандай үлес қоса алатынын айтады.

көлік
Фото: Александр Павский/Kazinform

«Орталық Азия аймағы күн өткен сайын жаһандық көлік қатынасының басты тармағына айналып келеді. Бұл ретте ең алдымен, Қытайдың бастамасымен қолға алынған, болашағынан зор үміт күттіретін «Бір белдеу, бір жол» жобасын және «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін атап өтуге болады. Бұл жобаларға өңірдегі елдердің бәрі белгілі бір деңгейде қатысып жатыр.

Қазір біздің мемлекеттеріміз жаңа көлік дәліздерін қалыптастыруға қатысты басқа да маңызды идеяларды жүзеге асыруға кірісті. Қазақстан өзінің серіктестерімен бірлесіп, Транскаспий халықаралық көлік бағдарын (Орта дәліз) барынша дамытып жатыр. Осы бағытпен тасымалданатын жүк көлемі орта мерзімде бес есеге артуы мүмкін», - деп жазады Қ.Тоқаев.