Транскаспий талшықты-оптикалық байланыстың резервтік желісін тарту қажет — Мәдиев

АСТАНА. KAZINFORM — Транскаспий талшықты-оптикалық байланыстың резервтік желісін тарту қажет. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты.

Транскаспий талшықты-оптикалық байланыстың резервтік желісін тарту қажет — Мәдиев
Фото: Alibaba

— Еуропа мен Азия арасындағы интернет трафикті Қазақстан арқылы өткізу мүмкіндігі кеңейтіліп жатыр. Биыл 15 қазанда Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қостық. Негізгі жұмыстар 2025 жылы басталып, екі жылға жетпей аяқталды. Енді Қазақстан мен көрші елдер деректерді Каспий арқылы қосымша бағытпен жібере алады. Байланыс үзілмеуі үшін операторлар Каспий теңізінің түбімен резервтік желі тартуы тиіс, — деді Жаслан Мәдиев.

Оның айтуынша, Қорғас пен Ақтау арасында «Батыс — Шығыс» магистралі салынып жатыр. Желінің 87 пайызы тартылды. Жұмысты келесі жылы аяқтау жоспарланып отыр.

— Осы екі магистраль Қазақстан арқылы өтетін трафик көлемін арттырып, деректерді жеткізу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Қазақстанның Еуропа мен Азия желілерімен сенімді байланысы халықаралық компанияларды «Дата-центрлер алқабы» жобасына тартуға көмектеседі, — деді вице-премьер.

Айта кетейік, Қазақстан әлемдегі 4 спутниктік байланыс операторының жерүсті станциялары орналасқан Орталық Азиядағы алғашқы ел болады.