Транскаспийлік халықаралық көліктік бағдарды дамыту бойынша Үйлестіру комитетін құру жөнінде келісімге қол қойылады - А.Мамин

АСТАНА. 7 қараша. ҚазАқпарат - Транскаспийлік халықаралық көліктік бағдарды дамыту бойынша Үйлестіру комитетін құру жөнінде келісімге қол қойылады.
None
None

Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан «Қазақстан - Жаңа Жібек жолы» атты II халықаралық көліктік-логистикалық бизнес форум барысында «Қазақстан темір жолы» компаниясының президенті Асқар Мамин мәлім етті.

«Транзитті тарту, тарифтерді белгілеудегі ортақ саясатты жүргізу, инфрақұрылымды дамыту мен бірлескен логистикалық өнімді құру мақсатында Транскаспийлік халықаралық көліктік бағдарды дамыту бойынша Үйлестіру комитетін құру жөнінде келісімге қол қойылады. Қытай, Түркіменстан, Иран, және Парсы шығанағының елдерін біріктіретін, Қазақстан арқылы өтетін Өзен-Горган темір жол желісі жылына 15 млн тонна жүк тасымалдау әлеуетіне ие және «Жаңа Жібек Жолы» жобасының негізгі бөліктерінің бірі», - деп атап өтті ол.

«Қазақстанның географиялық орналасуы және «Жаңа Жібек Жолы» стратегиясының жүзеге асырылуы Әзірбайжан, Грузия, Түркия, Оңтүстік Еуропа елдерінің темір жол және теңіз әкімшіліктерімен әріптестік орнатуды көздейді. Осы елдер арқылы өтетін көліктік дәліздің әлеуеті Жезқазған-Бейнеу темір жолының пайдалануға берілуімен, Ақтау портының кеңеюімен, Карс-Ахалкалаки темір жолының салынуымен, Босфор бұғазындағы туннель құрылысының аяқталуымен бірден бірнеше есеге ұлғаяды», - дейді А.Мамин.

Оның айтуынша, аталмыш дәліздің әлеуеті аса ауқымды болады. Мысалы, Қытай және Түркия арасындағы тауар айналымы 2012 жылдың 24 млрд. АҚШ доллары болса, дәліздің іске қосылуымен 2023 жылы 100 млрд. АҚШ долларына дейін жетеді деп жоспарлануда.

Соңғы жаңалықтар