Трансұлттық ұйымдасқан топтың жетекшісі Польшадан экстрадицияланды

Прокуратура
Фото: Маскат Шагырбаев / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Қазақстанның Польшадағы Елшілігінің көмегімен Польша Республикасынан трансұлттық ұйымдасқан топты құру және басқару үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Украина азаматын экстрадициялады. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі мәлім етті.

«Ол 2022 жылы құрған қылмыстық топ Қазақстан аумағында аса ірі көлемде психотроптық заттарды өндірумен және сатумен айналысқан» — делінген хабарламада. 

Бас прокуратураның мәліметінше, тәркіленген заңсыз заттардың көлемі 1 тоннадан асады, ал олардың заңсыз айналымдағы жалпы құны 1,5 млрд теңгені құраған.

«Көрсетілген қылмыстарды жасағаннан кейін ұйымдасқан топ мүшелері құрықталды, ал оның жетекшісі жасырынып, оған халықаралық іздестіру жарияланған. 2023 жылдың тамыз айында күдікті Польшаның аумағында ұсталды. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша ол экстрадицияланып, қазіргі уақытта Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды» - деп жазды Бас прокуратураның баспасөз қызметі. 

Айыпталған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру не өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

 

Соңғы жаңалықтар