Транзит: теміржол арқылы тасымал 100 млн тоннаға жеткізілмек
АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың Еуропаға құрлық арқылы тасымалданатын 80 пайыз теміржол жүгі Қазақстан арқылы өтеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлім етті.
- Қазақстан барлық негізгі бағыт бойынша халықаралық көлік дәліздер желісін қалыптастырып келеді. Еліміз - Қытай, Орталық Азия, Ресей, Еуропа, Парсы елдері және Оңтүстік Азия мемлекеттері арасында маңызды байланыстырушы көпір. Бүгінде Қытайдың Еуропаға құрлық арқылы тасымалданатын 80 пайыз жүгі Қазақстан арқылы өтеді, - деді Н. Сауранбаев.
Сонымен қатар, елімізде және шетелде терминалдарды дамыту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Соның нәтижесінде Қазақстанның бірыңғай логистикалық экожүйесі қалыптасып келеді. Бұл жүйе, Шығыс – Батыс және Солтүстік – Оңтүстік бағыттарындағы негізгі көлік-логистикалық тораптарды қамтиды. Қазіргі кезде маршрут бойында жеті терминал бар. Қосымша тағы да жеті терминал салынбақ.
- Транзит – теміржол саласының басты драйвері. Соңғы бес жылда транзит көлемі 20 млн тоннадан 33 млн тоннаға дейін өсті. Алдағы жылдары бұл көрсеткішті екі есеге арттырып, 2030 жылы транзит көлемін 67 миллион тоннаға, ал 2040 жылы 100 миллион тоннаға жеткізу жоспарда бар. Қазіргі кезде теміржол саласын цифрландыру бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр, - деді министр.
Оның айтуынша, алдағы үш жыл ішінде 1 мың 391 шақырым жаңа теміржол салу, мың шақырым жолды жаңғырту, жылжымалы құрамды жаңарту, терминалдық желіні кеңейту және цифрлық сервистерді дамыту көзделіп отыр.
Бұған дейін хабарланғандай, 2030 жылға дейін жолаушылар вагондары 90 пайызға дейін жаңарады.