Транзит, тауар айналымын арттыру: Тоқаев пен Орбанның кездесуінен не күтеміз

Қазақстан Мажарстанды ЕО елдерінің ішіндегі маңызды сауда серіктесі ретінде қарастырады. Алайда, бүгінде екі ел арасындағы экономикалық қатынастың әлеуеті әлі толық іске асырылмағанын мойындау керек. Мұндай пікірді халықаралық сарапшылар білдіріп отыр. Ал, 2 қарашада Астанаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан келеді. Ақордадағы кездесуден кейін екіжақты қарым-қатынас қай бағытта дамуы мүмкін, осы және өзге мәселелер туралы Kazinform сарапшысының материалынан оқыңыз.

Мажарстан
Коллаж: Kazinform

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылы 18 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясы 78-ші сессиясының (АҚШ, Нью-Йорк) аясында Мажарстан президенті Каталин Новакпен кездесуінде елдер арасындағы өзара тауар айналымын ұлғайту, сондай-ақ ынтымақтастықтың екіжақты тетіктерін жандандыру үшін бірлескен шаралар қабылдаудың маңыздылығын атап өткен. Сол кездесуде Қазақстан Президенті Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбанды Түркі мемлекеттері ұйымының 10-шы мерейтойлық саммитіне шақырды.

Сонымен, 2 қарашада Мажарстан премьері елордаға келеді. Тараптар сауда-экономика, инвестиция және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-мажар ынтымақтастығын одан әрі кеңейту мәселелерін талқылайды деп күтілуде. Сонымен қатар, Виктор Орбан Қазақстан үкіметінің басшысы Әлихан Смайылов және Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановпен кездесуі жоспарланған.

Стратегиялық әріптестік

Мажарстан – Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған және стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойған Шығыс Еуропаның алғашқы мемлекеттерінің бірі.

Мемлекетаралық дипломатиялық қатынас 1992 жылдың 2 сәуірінде орнаған. Бүгінде Астана мен Будапешт арасындағы дипломатиялық қатынастар стратегиялық әріптестік деңгейіне жетті. Екіжақты диалог Қазақстан-Мажарстан стратегиялық кеңесі мен Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия жұмысының аясында дамып келеді.

Осы уақытқа дейін қос мемлекеттің президенттері ел астаналарына екі реттен сапар шеккен. Ал, Қазақстан үкіметінің басшысы Мажарстанға төрт рет, ал керісінше олардың премьері елордаға екі рет келген.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясы 78-ші сессиясында Мажарстан Президенті Каталин Новакпен кездесуінде екі ел арасындағы дәстүрлі достық байланыстарды сақтау және тереңдету ниетін растады. Бұл орайда Мажар премьері Виктор Орбанның Астанаға сапарының маңызына Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Лидия Пархомчик тоқталды.

АҚШ-тағы кездесуде тараптардың Түркі мемлекеттері ұйымының қызметі аясында тығыз ынтымақтастықты қолдауға мүдделі екені ерекше аталды. Ұйымның Астанада өтетін оныншы саммитін Қазақстан қабылдайды, бұл Қазақстан-Мажарстан өзара іс-қимылын жандандыруға қосымша мүмкіндік туғызады, – деді сарапшы.

Сауда-экономикалық байланыс

Өткен жылы Мажарстан Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялар бойынша рекорд орнатып, көрсеткіш 49,8 млн долларға жетті. Соңғы екі онжылдықта Мажарстан біздің экономикамызға 300 млн доллардан астам инвестиция құйды.

2023 жылдың басында өткен Қазақстан-Мажарстан Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының сегізінші отырысында тараптар экономикалық өзара іс-қимылды дамыту үшін мүмкіндіктерді қарастырды. Онда, ең алдымен, экспортталатын тауарлар тізімін арттыру көзделді.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, осы жылдың қаңтар-тамызында елдер арасындағы тауар айналымы шамамен 124,2 млн долларды құрады. Оның ішінде 120,3 млн импортқа тиесілі. 2022 жылы екіжақты сауда көлемі 172,2 млн доллар болды. Бұл Қазақстанның сыртқы саудасының жалпы көлемінің 0,2% құрайды.

Мажарстан
Инфографика: Kazinform

 

Халықаралық сарапшының айтуынша, бұл көрсеткіштерді үлғайтуға мүмкіндік көп. Өйткені, қазіргі әлеует толық жүзеге асырылмай отыр. «Ертеңгі кездесу бұл мүмкіндіктің орнын толтыруға септігін тигізеді», деп есептейді Лидия Пархомчик.

Қазақстан Мажарстанды ЕО елдері арасындағы маңызды сауда серіктесі ретінде қарастырады. Қазақстан Венгрияға газ-химия және балық саласының өнімдерін экспорттайды, ал біздің елге дәрілік заттар, техника және байланыс құралдары импортталады. Алайда, бүгінде екі ел арасындағы экономикалық қатынастардың әлеуеті толық іске асырылмағанын мойындау керек, – дейді сарапшы.

Көпжақты ынтымақтастық

Екі ел арасындағы саяси қатынастар өзара түсіністік пен сенім аясында дамып жатыр. Халықаралық саясаттың маңызды мәселелері бойынша тараптардың ұстанымдары сәйкес келеді. Венгрия Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету және «ЭКСПО-2017» өткізу туралы өтінімін жақтады. Сондай-ақ, Еуропа Кеңесінің қылмыстық сот ісін жүргізу саласындағы конвенцияларына қосылуды және ЕО елдерімен визалық режимді жеңілдету мәселесінде қолдайды. 2019 жылғы 19 қыркүйекте Будапеште екі мемлекет үшін де маңызды – Түркі мемлекеттері ұйымы өкілдігінің кеңсесі ашылды.

Тоқаев пен Орбанның кездесулері

Қазақстан Президенті мен Мажарстан премьер-министрі бұған дейін бірнеше рет кездескен. Алғашқы ресми кездесу 2020 жылғы 10 сәуірде «СОVID-19 пандемиясымен күресудегі ниеттестік және ынтымақтастық» тақырыбында өткен Түркі тілдес мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің төтенше саммитіне «онлайн» қатысудан басталды.

Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Виктор Орбан 2021 жылғы 12 қарашада Ыстанбұлда Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне мүше елдер басшыларының 8-ші саммиті аясында кездесті.

Бұдан бөлек 2022 жылғы 10 қарашада Самарқанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті барысында әңгімелесті. Кездесулерде тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимыл жолдарын, сондай-ақ халықаралық және өңірлік мәселелерді талқылады.

Мәдени-гуманитарлық байланыс

Елдер арасындағы тарихи байланыстың тамыры тереңде жатыр. Өйткені қазіргі Мажарстан аумағында XIII ғасырдың бірінші жартысында Торғай даласынан қоныс аударған қыпшақ тайпаларының ұрпақтары тұрады.

Бүгінде екі елдің өнер қайраткерлері, ғалымдары және спортшылары Қазақстан мен Мажарстанда өтетін түрлі мәдени және спорттық іс-шараға белсенді қатысады.

Қос мемлекеттің ғалымдары ортақ тарихи байланысты зерттеуге өзара қызығушылық танытады. Венгриядағы қыпшақтардың және Қазақстандағы мадьярлардың қоныстану тарихын зерттеу бойынша бірлескен археологиялық зерттеулер жүргізіліп жатыр.

2014 жылғы 2-3 маусымда Будапеште «Астана» көшесі ашылып, Абай Құнанбаевтың бюсті орнатылды.

Еліміздің жоғары білім беру органы Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы келісім шеңберінде венгриялық жетекші университеттермен тығыз жұмыс істейді. Жыл сайын қазақстандық 250 азамат Мажарстанның жоғары оқу орындарында оқуға грант алады. Бүгінде мыңнан аса студентіміз осы елде білім алып жатыр.

2022 жылдың наурызында Будапеште «Менің атым Қожа» фильмі қазақ тілінде көрсетілді және А.Дюлы атындағы университетте қазақ мәдениетінің күні өтті.

Сонымен қатар, отандастар арасында қазақ тілін дәріптеу мақсатында Л. Эетвоша атындағы университетте 2022 жылдың сәуірінен қыркүйегіне дейін қазақ тілі курстары ұйымдастырылды. Сол жылы тамызда Венгрия Ғылым академиясында Ахмет Байтұрсынұлының «Алаш» және венгр түркологы Арминий Вамберидің «Орталық Азияға саяхат» кітабының тұсаукесері өтті. Соңғы кездері ғылым саласындағы екіжақты ынтымақтастық айтарлықтай жанданды.

Ынтымақтастықты қай бағытта дамытуға болады?

Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестік қарқынын арттыруға ниетті. Мамандардың болжамына сүйенсек, агроөнеркәсіп кешеніндегі өзара байланыстан бөлек, екі ел арасындағы іскерлік қатынастардың дамуына транзиттік тасымалдар серпін беруі мүмкін.

2021 жылы «KTZ Express» Венгрия арқылы Орталық Еуропаға транзиттік тасымалдарды дамыту туралы меморандумға қол қойды. Бұл Захонидегі CELIZ (Орталық Еуропалық логистикалық және индустриялық аймақ – ред.) бағдарламасы аясындағы ынтымақтастықты көздейді. Мажарстан аймақтағы теміржол және порт инфрақұрылымын модернизациялауды Қытай-Еуропа-Қытай бағытындағы жүктерді тасымалдау маршруттарын ұйымдастырудың негізгі жобасы ретінде қарастырады, – деп атап өтті Лидия Пархомчик.

Қазақстан қытайлық тауарларды Еуропаға жеткізудің логистикалық тізбектерін, оның ішінде Захонидің терминалдық инфрақұрылымын пайдалану есебінен құру жұмысын жалғастыруды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, Астанада 3 қарашада Түркі мемлекеттері ұйымының 10-шы саммиті өтеді. Оған ұйымға мүше мемлекеттер – Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, сондай-ақ бақылаушы елдер – Түрікменстан және Венгрия басшылары қатысады.

Соңғы жаңалықтар