Транзиттік дәліздерде жол жабынын дұрыс таңдау керек — Сауранбаев
АСТАНА. KAZINFORM — 2029 жылға дейін 5 мың шақырым жол жөнделеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев айтты.
— Қазіргі уақытта асфальт-бетон жабыны 8 тоннаға дейінгі осьтік жүктемеге есептелген. Қарқынды қозғалыс пен ыстық кезде асфальт шыдамайды. Осыған байланысты жазғы мерзімнің күндізгі уақытында жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылады. Бұл транзиттің дамуына кедергі келтіреді. Ал цемент-бетон жабыны ауыр жүктемеге төзімді. Қызмет ету мерзімі 40 жылға дейін жетеді. Осындай жағдайда транзиттік дәліздерде жол жабынын дұрыс таңдау маңызды, — деді министр.
Сонымен қатар ол Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2029 жылға дейін 10 мың шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілетінін айтты.
— Қазіргі таңда оның 5 мың шақырымы жөнделіп бітті. 2029 жылға дейін тағы 5 мың шақырым жол жөнделеді. Осылайша қойылған міндет толық орындалады, — деді Нұрлан Сауранбаев.
Айта кетейік, Үкімет алдағы 3 жылда 32 мың шақырым өңір жолдарының нормативтік деңгейін 95 пайызға дейін көтеруді жоспарлап отыр.