Тірек және шағын мектептерді жарақтандыру жобасы барлық өңірде енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM –  Шағын жинақты мектептердің әлеуетін арттыру бойынша Ақтөбе облысының жобасы барлық өңірге таралады. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов бүгінгі Үкімет отырысында айтты.

школа первый класс учитель мектеп бірінші сынып мұғалім
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Үкімет басшысы қала мен ауыл мектептеріндегі оқушылар білімінде әлі де алшақтық бар екенін атап өтті.

«Сондықтан үздік білім ошақтары орналасқан өңірлерде тірек мектептер құру туралы шешім қабылданды. Осы орайда жеке сектордың және қоғамдық қорлардың қатысуымен бірнеше жоба іске асырылып жатыр. Ақтөбе облысында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры тірек және шағын жинақты мектептерді жарақтандыруға 1 млрд 800 миллион теңге бөлді. Педагогтердің біліктілігін арттыру және заманауи ресурстармен жарақтандыру арқылы тірек мектептердің тәжірибелі мұғалімдері шағын комплектілі мектептердің оқушыларына сабақ береді. Демек, тірек мектептер шағын мектептердегі білім беру деңгейін көтеруге атсалысуда. Бұл жобаны басқа өңірлерге де кеңінен таратуды тапсырдым», - дейді Премьер-Министр.

Сондай-ақ, «Білім-инновация» қоры Алматы облысының 42 ауыл мектебінде нақты пәндер бойынша білім беру сапасын арттыру жобасын қолға алған.

«Оқу-ағарту министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, 2025 жылдың соңына дейін Ақтөбе облысының тәжірибесі негізінде кемінде 200 тірек мектептер желісін құруы қажет. Ауыл мектептері мұғалімдерінің біліктілік деңгейін арттыру бойынша жүйелі шаралар қабылдаңыздар. Шағын комплектілі мектептердің әлеуетін арттыру үшін нақты жол картасы болуы керек. Әкімдер тірек мектептерде жоспарланған шаралардың орындалуын бақылауға алуы керек», - деді О.Бектенов.

Айта кетейік, ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде 2027 жылға дейін 180-ге жуық мектеп салу жоспарланған. Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын қоса алғанда, ауылдарда 42 мектеп пайдалануға берілді.

Еліміздегі 8 мыңға жуық мектептің 67% немесе 5247-сі – ауыл мектебі. Оқушылардың 40% ауыл мектебінде білім алады.

Соңғы жаңалықтар