Трейдерлер мен инвесторлар алаңдаулы - сарапшы Израиль мен Палестина қақтығысы жайлы

Мұнай-газ саласының сарапшысы, энергетика министрінің экс-кеңесшісі Олжас Байділдинов Израиль мен Палестина арасындағы ахуалдың Қазақстан мен әлемдік «қара алтын» нарығына қалай әсер ететініне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.

Олжас Байділдинов
Фото: Олжас Байділдиновтің жеке мұрағатынан

«Бұл жағдайдың мұнай нарығына тигізер теріс әсері жоқ. Өйткені, екі ел де (Израиль мен Палестина – авт.) ірі өндіруші немесе тұтынушы саналмайды. Алайда, трейдерлер мен инвесторлар алаңдаулы, олар үшін тәуекелді мәселелер бар, яғни Ормуз бұғазы (Парсы шығанағынан АҚШ, Жапония және Батыс Еуропаға мұнай тасымалдайтын жалғыз теңіз жолы) арқылы өтуге тыйым салу ықтималдығы мен өзге де мұнай таситын кемелердің қозғалысын шектеу қаупі жоқ емес. Мұндай тәуекел Иран мен Таяу Шығыс елдері айналысындағы мәселелер туындай қалғанда әрқашан болатыны белгілі. Көріп отырғанымыздай, қазір Иран бұл жағдайға қолдау көрсетіп отыр», - деді Олжас Байділдинов Kazinform тілшісінің сауалына жауап бере отырып.

Сарапшының айтуынша, осы жағдайды ұтымды қолданып, мұнай саудасынан пайда тапқысы келетіндер енді бас көтермек.

«Шиеленіс аймақтарында үнемі тәуекел болатыны анық. Дегенмен, мұнай тасымалына қатысты дәл қазір ешқандай шектеу жоқ. Егер жағдай шиеленіссе, яғни Иранға салынған санкциялар күшейе түссе және диверсия жасалса ғана мұнай нарығына теріс әсер етеді. Сонымен қатар, қазір осы оқиғалардан пайда тауып қалғысы келетіндер шығады», - деп болжам жасады сарапшы.

Олжас Байділдинов атап өткендей, Израиль мен Палестина арасындағы ахуал Қазақстанның мұнай экспорты мен әлемдік «қара алтынның» құнына әсер етпейді.

Еске салайық, кеше энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Израильдегі қақтығыстың мұнай нарығына әсері бойынша пікір білдірді. Ведомство басшысының айтуынша, мұнай сатып алатын негізгі елдерден түскен сұраныс артқан.

Сондай-ақ, қазақстандық экономист Бауыржан Ысқақов мұнай бағасының көтерілуі қақтығыстарға байланысты емес екенін айтып, Таяу Шығыстағы шиеленістің Қазақстан экономикасына тигізер әсеріне болжам жасады.