Трибунал Ұлыбританияның мұнай бұрғылауын тоқтатудан бас тартты
АСТАНА. KAZINFORM — БҰҰ аясында құрылған Теңіз құқығы жөніндегі халықаралық трибунал сенбі күні Аргентинаның Ұлыбританияға қарсы шағымын қанағаттандырмады. Буэнос-Айрес Фолкленд аралдарының мәртебесіне қатысты аумақтық дау жалғасып жатқандықтан, Ұлыбританиядан архипелаг маңындағы мұнай бұрғылау жұмыстарын уақытша тоқтатуды талап еткен. Бұл туралы BBC хабарлады.
Трибунал төрағасы Гамбургте өткен отырыста соттың аумақтардың егемендігіне қатысты шешім шығаруға құзыреті жоқ екенін және мұндай аумақтық дауларды қарауға тиісті орган болып саналмайтынын мәлімдеді. Шешім судьялардың 18 дауысы қолдап, үшеуі қарсы дауыс беруі нәтижесінде қабылданды.
Трибуналға жүгінген Аргентина аумақтық дау шешілмейінше, тараптар қалыптасқан жағдайды өзгертуі мүмкін әрекеттерге бармауы керек екенін алға тартты. Оның ішінде мұнай ұңғымаларын бұрғылау жұмыстары да бар. Буэнос-Айрес сонымен қатар даулы аймақтағы теңіз ортасы халықаралық құқықпен қорғалатынын атап өтті.
Ал Ұлыбритания Аргентина аралдарға қатысты өз құқығын дәлелдей алмағанын мәлімдеді. Лондонның пікірінше, мұнай жобасын тоқтату Фолкленд аралдарының тұрғындары мен оған қатысушы компаниялар үшін елеулі экономикалық шығындарға әкелуі мүмкін.
Трибунал шешімі жарияланғаннан кейін Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Эд Милибэнд пен бас прокурор Элли Ривз Аргентинаны аралдарға экономикалық қысым көрсетуді тоқтатуға және тұрғындардың өз болашағын дербес айқындау құқығын құрметтеуге шақырды.
Аргентина президенті Хавьер Милей өз кезегінде елінің трибунал шешімін құрметтейтінін, алайда халықаралық құқық аясында өз талаптарын қорғауды жалғастыратынын мәлімдеді.
— Бұл шешім — соңғы сөз емес, — деді ол.
Даудың туындауына Фолкленд аралдарынан шамамен 200 шақырым қашықтықта орналасқан Sea Lion мұнай кен орны себеп болған. Оның қоры 1,7 миллиард баррель мұнайға бағаланады. Британдық Rockhopper Exploration және израильдік Navitas Petroleum компаниялары алдағы екі жыл ішінде мұнда мұнай өндіруді бастауды жоспарлап отыр. Жоба аралдарда тұратын шамамен 3,5 мың адамға айтарлықтай табыс әкелуі мүмкін.
Фолкленд аралдары — Оңтүстік Атлант мұхитында, Аргентина жағалауына жақын орналасқан Ұлыбританияның теңіз асып жатқан аумағы. Буэнос-Айрес архипелагқа тарихи құқығы бар екенін алға тартып, оған өз егемендігін орнатуға ұмтылып келеді. Алайда Лондон Аргентинаның бұл талаптарын бірнеше рет қабылдамаған.
2013 жылы өткен референдумда арал тұрғындарының 99,8 пайызы Ұлыбританияның теңіз асып жатқан аумағы мәртебесін сақтап қалуды қолдаған.
1982 жылы Аргентина әскері Фолкленд аралдарына басып кіріп, соның салдарынан 74 күнге созылған соғыс басталды. Кейін британдық әскер Аргентина күштерін аралдардан ығыстырды. Қақтығыс барысында Ұлыбританияның 255 әскери қызметшісі, аралдардың үш тұрғыны және Аргентинаның 649 әскери қызметшісі қаза тапты.
Бұған дейін Аргентина экономикасы қатарынан екінші тоқсанда қысқарып, техникалық рецессияға ұшырағаны хабарланған болатын.