ТРК қызметкерлері дәстүр бойынша қан тапсырды
АСТАНА.KAZINFORM — ҚР Президенті Телерадиокешенінің қызметкерлері жыл сайын «Донор бол» ерікті қан тапсыру акциясына қатысады, деп хабарлайды Kazinform.

Бүгін дәстүр бойынша ондаған журналис, оператор мен техникалық қызметкерлер елорданың қан қорын толықтыру үшін жылжымалы пунктте қан тапсырды.

Бірер сағаттың ішінде жылжымалы пунктте 41 адам қан тапсырды — барлығы 18 литр қан қабылданды. Мұндай науқан ауруханаларды қолдауға көмектеседі. Сондай -ақ донор болу маңызды екенін еске салады.

Денсаулық сақтау министрлігінің Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының хабарлауынша, Астанадағы 23 медициналық ұйым донорлық қанмен қамтамасыз етілген. Жыл сайын елордада 30 мыңға жуық донордың арқасында шамамен 60-70 мың доза қан құйылады — бұл күніне шамамен 120 адам. Халықты қайырымдылыққа тарту үшін орталық қызметкерлері күніне мыңға дейін қоңырау соғады.

— Бір қан тапсыру бірден үш адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Донор қаны ауыр операциялар, босану, жарақаттар, қатерлі ісік және басқа да аурулар кезінде қажет. Сіз игілік тізбегінің бір бөлігіне айналасыз. Тұрақты қан тапсыру ағзаны жаңартуға, зат алмасуды жақсартуға және жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін азайтуға көмектеседі, — деді Орталық өкілі Бұлбұл Серменова.
Процедурадан бұрын донорлар міндетті медициналық тексеруден өтеді: олардың қан тобы анықталады, жалпы денсаулығы тексеріледі, мүмкін болатын қарсы көрсеткіштерді болдырмау үшін анамнез жиналады. Ал қан тапсырғаннан кейін қатысушыларға шәй мен тәттілер беріледі.

Жылжымалы қан тарсыру пункттері қаладағы кәсіпорындар мен ұйымдарға барады. Ал 2025 жылдан бастап Молдағұлова көшесі, 33 мекенжайы бойынша ашылған Қан орталығының екінші бөлімшесі қала тұрғындары үшін қан тапсыруды бұрынғыдан да қолжетімді етті.

Айта кету керек, бүгінге дейін денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Астананың 29 тұрғыны «Қазақстанның құрметті доноры» төсбелгісімен марапатталған. «Қазақстанның құрметті доноры» атағына тағы бес үміткердің құжаттары Денсаулық сақтау министрлігіне жолданып, қаралып жатыр.

Астананың құрметті донорларының бірі, 53 жастағы Анна Попова туралы мақаламыздан оқыңыз.