Тіршілік дағдысынан этноспортқа дейін: Ұлттық спорт түрлері қалай қалыптасты
АСТАНА. KAZINFORM – Наурызнама онкүндігінің жетінші күні – Ұлттық спорт күні. Кейбір ұлттық спорт түрі әуелден сайыс ретінде ойлап табылған. Ал кейбірі бұрынғы көшпенді мәдениетте күнделікті өмір дағдысы не тағдыр шешті сайыс болған да, өмір салтының эволюциясы арқылы қазіргі таңда этноспортқа айналған. Бүгінгі мақаламызда көшпенділердің күш сынасу мәдениетіне шолу жасай отырып, ұлттық спорт түрлері тарихи кезеңдерде қандай даму сатыларынан өткеніне көз жүгіртеміз.

Жамбы ату – хандар күйеу таңдайтын мектеп
Жамбы көне түрік тілінде «ямбу», яғни құйма алтын немесе күміс деген мағына береді. Ірі қара немесе ұсақ малдың тұяғы мүсіндес болғандықтан, түріне қарай тайтұяқ, қойтұяқ, аттұяқ, асық жамбы, бесік жамбы, түйекөз жамбы, қойбас жамбы деп аталған. Жасалған металына байланысты күміс жамбы, алтын жамбы, қола жамбы деп бөлінген.
Орта ғасырдан бастап ақшаның орнына жүрген, оны біздің бабаларымыз да қолданған. Қазақтарда жамбының «Айқабақ», «Алтын қабақ» атты түрлері болған. Бұларды аталарымыз биік бағананың басына нысана ретінде іліп қойып, мергендерге аттырған. Атпен шауып келе жатып, жебесін дәл тигізген адам – сұр мерген, қас мерген саналған және сол сайыстың шартына қарай қымбат сыйлық алған. Бұл сайыста көзге түскен садақшылардан арнайы топ құрылып, олар соғыс кезінде арнайы күштік құрылым ретінде пайдаланылған.
Биік бағананың басындағы алақандай ғана жамбыны атпен шауып келе жатып атып түсіру үшін мергенге тек садақ ату шеберлігі аздық етеді. Аттың үстінде тепе-теңдікті сақтау, аттың жылдамдығынан жебенің ұшу барысында жылжу траекториясын есептеу, оған желдің әсерін бағамдау – бәрі-бәрі сапалық қасиеттердің аса жоғары болуын талап етеді.

Адамның миы бес бөліктен тұратыны белгілі. Көп жағдайда соның оң жақ жарты шары мен сол жақ жарты шарының бірі басымдықта болып, негізгі қызметті атқарады. Ал егер екі жарты шар да теңдей қызмет атқаратын болса, адамның ойлау, шешім қабылдау, қырағылық қабілеттері әлдеқайда жоғары болады. Сондықтан қазір бала миының екі жарты шарын да қатар дамытатын түрлі жаттығулар ойлап табылып жатыр. Дәл осы қасиетті, яғни адам миының негізгі екі бөлігінің қатар дамығанын анықтаудың ең көне тәсілі – осы жамбы ату болса керек. Себебі қазіргі ғылым миының екі жарты шары да қатар жетілген, дәлірек айтқанда оңқай да, солақай да ата беретін садақшылардың дәлдік қабілеті жоғары болатынын анықтап отыр. Адам анатомиясы жайлы білім әлі ашылмаған ерте дәуірде хандардың бұл қасиетті қалай білгенін дөп басып айту қиын, бірақ бір анығы – оны білген және «арнайы жасақ» жасақтауда, өзіне күйеу бала таңдарда қолданған.
Қазіргі заманда ел билеуге лайық шын мықтыны, шын лайық тұлғаны таңдау тәсілін «мажоритарлық» деп атайды. Жетілген заманауи қоғамда ондай тұлғаны таңдау үшін әділ сайлаудың болуы жеткілікті. Ал ерте дәуірде азамат ердің асылын танудың жолы да өзгеше болған. Түркі ұрпақтары өзге халықтардай тарихын қағазға хаттамаған, аңыз-әфсаналарында, жыр-дастандарында сақтаған. Оның ішінде әсірелеу мен әдеби шындық басым болғанымен, кейбір оқиғалар мен дәстүрлерге қатысты мәліметтерді аршып алуға әбден болады.
Мысалы, «Қобыланды батыр» жырында қалмақ ханы өзінің қызын алтын жамбыны атып түсірген мергенге беретінін айтып, жар салатын тұсы:
Ай астында аспанға
Құрды бақан қақтырып,
Алтын теңге аттырып,
Жамбыны атып түсірген
Құртқаны сұлу сол алар..., – деп келеді.
Осы алтын теңгені Қобыланды батыр атып түсіріп, Құртқа сұлуды жар етеді:
Қолына алып толғанып,
Қозы жауырын жебені,
Ат үстінен шіреніп,
Сонда тұрып тартады.
Құрулы бақан басында,
Екі бөліп ұшырды,
Ай астында теңгені...
Бұл дәстүр күні кешегі Абылай заманына дейін сақталғанын Сәкен Сейфулиннің «Көкшетау» поэмасынан аңғарамыз. Онда тұтқынға түскен қалмақ қызы өзіне таласқан қазақ батырларына шарт қояды: «Тау басына орамал ілемін, кім атып түсірсе, соған жар боламын».
Осы сәт жырда былай келеді:
...Қалың қол гуілдейді анталасқан,
Бәсеке бір қыз үшін тайталасқан.
Бір тасқа топ жанында қыз да шықты.
Тартыстың себепкері жанталасқан.
Батырлар шіренісіп тізбектеліп,
Тартысты садақтарын «Абылайлап»
Дүмпілдеп садақ оғы ысқырады,
Ойқастап аттары ойнап пысқырады.
Ышқынып жолбарыстай күшін өлшеп,
Батырлар садаққа оғын қыстырады.
Атқан оқ тасқа тиіп жарқылдайды,
Шыңда ойнап бала бүркіт шаңқылдайды.
Оқтарын орамалға жеткізе алмай,
Батырлар біраздан соң «қарқындайды»...
Сайып келгенде «Жамбы ату» — түркі мәдениетінде көнеден келе жатқан жауынгерлік сайыс екеніне көз жеткіземіз. Жаугершілік заманда мерген адамның жоғары бағаланғанын ханның өзі қызын берген салттан аңғарамыз.

Бүгінгі күні Ұлттық спорт қауымдастығындағы 10 федерацияның бірі осы спорт түрімен аталады. Бейбіт заманда жарыстың мазмұны да, бағалау әдісі де өзгерген. Садақшы атпен шауып бара жатып, 3 нысананы көздеп атады. Нысанадағы әр шеңберде балдық бағамы жазылған, соған сай ұпайы анықталады. Жыл сайын ересектер, жастар, жасөспірімдер арасында жамбы атудан республикалық біріншіліктер өткізіліп тұрады.
Сонымен қатар 2017 жылы елорда төрінде өткен ЭКСПО кезінде жамбы атудан тұңғыш әлем біріншілігі ұйымдастырылды.
Көкпар эволюциясы: аңшылар ойыны, әскери жаттығу, этноспорт
«Адамды Құдай Жерге топ еткізіп түсіре салды» дейтін нұсқаны дін, «адам – эволюция арқылы бүгінгі антропологиялық тұрпатқа жетті» дейтін нұсқаны ғылым айтады. Сол эволюция заңдылықтарына бағына сөйлесек, адамның бір кездері жабайы аңға пара-пар тіршілік кешкенін жоққа шығармаймыз. Ол кездері тіл жоқ, ым бар. Ыммен ұғысудың тілдесуден бір артықшылығы: ым тілін білген жан тек адаммен емес, тұтас табиғатпен түсінісе алады. Ым десе бүгінгі адам ишара мағынасында қабылдайды ғой, әсілінде ол өте көлемді ақпараттар жиынтығын білдірсе керек. Қазақтың «ымды білмеген дымды білмейді» дейтіні, «білім» сөзін «біл+ым» деп (ақпаратты білу), ғылым сөзін «қыл-ым» деп (білген ақпаратты қылу, яғни практикада жүзеге асыру) тарқататыны да сол. Табиғат ана бізге ыммен көп ақпар айтып тұрғанын қазіргі адам да жоққа шығармайды, бірақ ұмытқан. Мәселен,
Ұзын құйрық инелік,
Инелікке тимелік.
Тікұшақты жасадық,
Инеліктен үйреніп.
Суда жүзген балықты
Бақыладық байыпты.
Соған қарап жасадық,
Біз сүңгуір қайықты, - деген бейкүнә тақпақты бастауыш сынып оқулықтарынан бәріміз оқып, жаттадық. Бірақ оның астарында «адам баласы табиғат анадан көп мәлімет алды» деген ой жатқанын терең түйсіне бермедік.
Қазақтың жеті атадан қыз алыспайтын салтының да түбін қусаң жылқы тотем болған дәуірге тіреледі. Өз құлынына шаппайтын, қан тазалығын сақтайтын жылқының қасиетімен тамырлас болып шығады. Бұл адамзаттың табиғаттан кейбір технологияларды ғана емес, рухани құндылықтар мен мәдениеттерді де көшіре алғанының көрінісі. Кейін жылқы тотемдіктен түсіп, қасқыр «Құдай болған» кезде де түз тағысынан талай қасиетті, мәдениетті сіңірдік. Соның бірі – «Көкпар» ойыны.

Көкпар ойынының шығу тарихы жайлы долбар көп. Ай мүйізді ешкі, серке, ірі қараны Айдың символы санап, оны құрбандыққа шалуды Күнге табынушылар шығарды дейтін де нұсқа бар. Қасқыр аулау кезінде туған ойын деп те түсіндіретіндер кезігеді. Алайда біздің патша көңілімізге қона кеткен нұсқаны өткен ғасырдың 80-жылдары советтік этнограф Г.Н. Симаков айтыпты:
— ... Бұл ежелгі аң аулау тәсілі, онымен бірге қасқыр соққан аңшының алдына өңгерген аңына басқалары таласып, одан тартып алуға ұмтылысатын болған. Осылайша, әзілдесе, таласа-тармаса отырып, ауылға жеткенше «көк бөрі» ойнасатын болған. Бірақ ауылға жеткенде қасқырды соққан жігіт алады екен.
Академик Ә.Х. Марғұлан өзінің «Қазақ әлемі/Мир казаха» кітабында: «Сырдарияның төменгі сағасы мен Арал маңын мекендеген сақ тайпалары жыл сайын бөріні кие тұту құрметіне арнап, қасқыр терісін жамылып, бетперде тағынып, атты сайыстар өткізетін болған. Бұл дәстүр түркі-моңғол тайпаларында әлі күнге дейін сақталды. Қазақ, түрікпен, қырғыз елдерінде бұл ойын «көкбор» (как бар) - сұры қасқыр деген атаумен сақталған, - деп В.В. Радлов пен С.В. Киселевтардың еңбектеріне сілтеме жасайды.
Қалай болғанда да бұл ойынның қасқыр тотем болған дәуірге қатысы бар болып шығады. Әлде қасқыр аулау кезінде туған, әлде қасқырларға еліктеп ауланған аңға таласудан туған деп түсінсек, ойынның шығу тарихынан көп алшақтай қоймайтынымыз анық.
Әуелде аңшылардың ойыны ғана болған «Көкпар» түркі әлемі алып империя құрып, бүкіл Еуразияны уысында ұстаған орта ғасырларда практикалық мәні өзгеріп, әскери жаттығудың бір түріне айналып шыға келеді. Оны жазушы, этнограф А. Қалиұлы:
«Көкпар тарту – әскери жаттығулардың бір түрі. Түрік қағанатындағы «Дербес бөрі жасақ» дегеніміз осындай жаттығудан өтіп сайланған батырлар тобы еді», – деп жазған екен.
Жаудың ортасына жарып кіру үшін әуелі омырауы даладай апайтөс аттарды дайындап, шынықтыру керектігі онсыз да түсінікті ғой. Осы тәжірибе бүгінгі таңда «көкпар атын даярлау» мектебіне айналып, әлі күнге негізі үзілген жоқ. Бүгінгі көкпаршы топты жарып кірсе, мақсаты серкені қанжығаға өңгеру ғана десек, «дербес бөрі жасақтың» миссиясы одан әлдеқайда маңызды болған. Жау ортасында қалып бара жатқан ханды, батырды ажал тырнағынан арашалап қалу керек болғанда дәл осы «арнайы атты жасақ» қиқулап келіп қиғаштай тиетін. Арғыны айтпағанда, Абылайдың өзі осындай тәсілмен бір өлімнен қалған екен.
Аңызға сенсек, Абылай жау қолына түсуге айналғанда Жәнібек батыр киіп-жарып кіріп, Абылайды құтқармаққа астындағы көк дөненін ұсынған екен. Хан әуелде бозбаланың астындағы дөненге мініп қашуды ар санап, бас тартса керек. Сонда Жәнібек «алтын басыңды жауға алдырғанша, өзім алайын» деп қылышын суырып, тұра ұмтылыпты. Баланың сұсынан алған бетінен қайтпасын сезген Абылай көк дөненге мініп, ақыры жау қолынан сытылып шыққан екен.
Хандық дәуірде көкпар ойыны жаппай көкпар түрінде өтіп, ойын соңында қанжығасынан серкені ешкімге алдырмаған шабандоз оны ала қашып, өзі қалаған үйдің босағасына әкеп тастайтын болыпты. Сол үй иесі серкенің етін асып, кешке сол үйде бастаңғы өтетін дәстүр қалыптасқан.
Бүгінде көкпар ойыны көрермен тартуға бейімделіп, командалық ойынға айналды. Ережелері бекітіп, ресми түрде ұлттық спорттар тізіміне енді.
Елімізде «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу барысында Көкпардан І Әлем чемпионаты өтті. Онда әлемнің 15 елінен 150-ге жуық спортшы бақ сынады.
2024 жылы өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында да ең тартысты бәсеке осы көкпар ойынында болды. Шабандоз балуандар ат спорттарынан елімізге басты қарсылас саналатын Қырғызстан командасын жеңгенде қазақстандық жанкүйерлердің қуанышында шек болмады.

Хабаршыдан «туғандар»: жорықшы, журналист, қонақүй қызметі...
Адамзат тарихындағы территориялық тұрғыда ең алып империя – Моңғол империясы. Төрт ғасырға жуық тарих сахнасынан түспеген алып қағанатта мемлекеттік істі жүргізу үшін мінсіз байланыс жүйесін құру керек болды. Осы кезде елдің бір шетіннен бір шетіне шұғыл хабар жеткізетін қызмет түрі жетілдірілді. Мұндай хабар жеткізу тәсілі оған дейінгі Түркі қағанаты дәуірінде де болғаны анық, бірақ бізге дәл осы Шыңғыс хан дәуірінен мәліметтер көбірек жеткен.
Хабаршы қызметі тұтас желіден құралды. Шұғыл мәліметті алған адам тоқтаусыз 40-50 шақырым жүріп, оны келесі хабаршыға жеткізіп отырған. Ол да өз кезегінде осылай үшінші хабаршыға қарай шапқан. Қажет жағдайда қос атты кезек мініп, хабарды барынша шұғыл жетуге машықтанған.
Хабаршы мінетін аттар ұзақ жолға төзімді қазанат тұқымнан сайланған. Жер аумағы үлкен болғандықтан, көшпенділерде жылқының дәл осы жүрісінен танбайтын, жүріске төзімді қасиеті жоғары бағаланған.

Бүгінде ұлттық спорт түрлерінің қатары «Жорық» ат спорты ресми түрде енген. Олардың «Ұлы дала жорығы» деп аталатын марафон-бәйгесі өтіп тұрады. Бұл - Қазақстан аумағында өткізілетін, ал жалпы қашықтығы 1200 шақырымнан асатын әлемдегі тұңғыш ат марафоны.
Марафон Қазақстанның бос жатқан ен даласында, шөлейт жерлерінде, яғни ауа райы жиі күрт құбылатын климаттық аймақтарында, температура айырмашылығының табиғи жағдайында өткізіледі.
Марафонның бірегей ерекшелігі – жалпы сынақ уақытына арналған жарысты өткізудің командалық принципі. Марафон тұңғыш рет 2022 жылдың 18-29 қыркүйек аралығында Қазақстанда, 5 облыстың (Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Түркістан облыстары) аумағында өтті.
***
Қазақ журналистикасының қара нары, ұзақ жылдар қазақ баспасөздерінде қызмет өткен, өмірінің соңғы жылдарында ЕҰУ-да ұстаздық қызмет атқарған ғалым Сембай Қисымов бірде:
«Алғашқы адамдар дәуірінде біреу тасада жыртқыш аң аңдып жатқанын өз қауымына айтып келген кезде журналистика өмірге келді» деген пікір бар. Көшпенділерде хабаршы деген болған, ол бір ордадан бір ордаға мемлекеттік маңызы бар мәліметті жеткізген, бұны біздің тарихымыздағы алғашқы мақсатты түрде таратылған мәлімет деуге болады. Қазақ журналистикасының алғашқы сипатын осыдан іздеу керек» деген болатын.
Хабаршының бір міндеті жарау атын сайлай біліп, алыс жолды жылдам еңсеру болса, бір міндеті хабарды бұзбай, дұрыс жеткізу. Осы орайда Сембай ұстазымыздың «қазақ журналистикасының алғашқы сипатын осыдан іздеу керек» деген сөзі еріксіз ойға оралады.
***
Алып далада әр 50 шақырым сайын ел қонбайтыны белгілі ғой. Сонда хабаршының қосы кей жағдайда елге жақын тігілсе, кей жағдайда жапан түзде де тігілетін болған. Ол қостың енді бір функциясы — хабар алып келген адамды өзегі талып жеткенде күтіп алып, атын суытып, өзін демалту, ас-суын беріп қуаттандыру. Сондықтан қоста ұзақ сақталатын азық түрлері, маңында су көзі болуы шарт. Осы қостар қызметі кейін дами келіп, стансалардың қызметін қалыптастырған.
Моңғол империясына кейін жер аумағы алып мемлекет – Ресей патшалығы болды. Дәл осы патшалық дәуірлеп тұрған шақта, 1878 жылы басылып шыққан Лев Толстойдың «Анна Каренина» романында қостардың стансаға айналу сатысының алғашқы кезеңі бейнеленетін тұс бар. Бас кейіпкердің бірі Алексей Каренин алыс жолдан келе жатып, бір үйге тоқтайды. Ол жерде өзі тамақтанып, тынығады. Сол үйдегі қызметші шанаға жегілген атын суытып, түнімен жем-шөбін береді. Бұл — осындай қызмет көрсету үшін жол бойына салынған және елден жырақта жападан-жалғыз тұрған үй. Арада біраз уақыттан соң осындай қызмет көрсетуші үйлер шағын стансаларға айналып, қонақ үй қызметі жандана бастайтыны тарихтан белгілі. Сонда заманауи экономиканың бір саласы – қонақүй қызметі біздің тарихта қай кезеңнен бастау алады деген сауалдың жауабын іздесең, хабаршылар тігетін қара қостан бір-ақ шығасың. Бұған «қазақ ауылдарында байлар жолаушы түсетін үй тігіп отыратын» деп дау айтуға да болады, бірақ оның жөні мен жолы мүлде бөлек дер едік.
ХХ ғасырдағы ғылыми техникалық революция бар жоғы 100 жылда көлік, коммуникация, ауыл шаруашылығы саласын адам танымастай өзгеріске ұшыратты. Біздің бабалар жабайы аң-құсты, жануарларды қолға үйрету арқылы дәл осы салаларда ерекше мәдениеттер қалыптастырған еді. Бүгінгі заманда WhatsApp-пен-ақ жолданатын хабарламаны жеткізу үшін ешкімнің атқа міне сала шаппайтыны түсінікті. Ал өткен тарихымыздағы мәдени құндылықтар жадымыздан өшіп кетпеуі керек. Сондықтан да бір кездегі тіршілік дағдылары этноспорт формасында өмір сүріп келеді.
Мемлекетіміз көшпенді бабалардың төл мәдениетін сақтауды өз саясатының ажырамас бөлігі санайды. Бүгінде осы мақсатта Ұлттық спорт қауымдастығы құрылып, Көкпар, Жамбы ату, Аударыспақ, Теңге ілу, Бәйге, Садақ ату, Құсбегілік, Тоғызқұмалақ, Асық ату, «JORYQ» ат спорты сынды 10 федерация жұмыс істеп тұр. Бұлар ұлттық ойындарды, ұлттық спорт түрлерін толықтай дерлік қамтиды.

2024 жылы елімізде V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтті. Оған 90-ға жуық мемлекеттен 2500-ден астам спортшы қатысып, 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығын сарапқа салды. Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы 44 алтын, 33 күміс, 37 қола медальмен жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алды. Бұл түркі тектес мемлекеттер ішінде көшпенділер спорты Қазақстанда ең жақсы сақталып, дамығанын білдірсе керек.
Жас ұрпақтың этноспортпен кәсіби тұрғыда шұғылдануына да ден қойылған. Мәселен, Астанада ұлттық спорт университеті салынып жатыр. Оның құрылысы биыл аяқталады деп жоспарланып отыр.
