Цефтриаксон инъекциясы салдарынан қаза болған пациент ісі бойынша сот үкімі шықты

ТАРАЗ. KAZINFORM – Тараз қаласының №2 соты процедуралық кабинетте антибиотик салғаннан кейін пациенттің қаза болуына байланысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды.

судья
Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

Соттың мәліметінше, айыпталушы 2016 жылы Тараз қаласында инвазивті медициналық араласу (көк тамыр ішіне және бұлшықет ішіне инъекциялар) жасайтын процедуралық кабинет ашқан. Алайда оның мұндай қызметпен айналысуға заңды құқығы болмаған.

— 2025 жылдың ақпанында осы процедуралық кабинетте жұмыс істейтін медбике екінші айыпталушы Айыпталушы пациентке «Цефтриаксон» дәрілік препаратының бұлшықет ішіне инъекциясын салған. Соның салдарынан анафилактикалық шок болған. Салдарынан пациент қалалық көпбейінді ауруханада көз жұмды, — деп мәлімдеді сот.

Айыпталушылардың кінәсі жәбірленушінің, куәгерлердің, сарапшылардың айғақтарымен, сондай-ақ сот-медициналық сараптамалардың қорытындыларымен дәлелденді.

Айыпталушы өз кінәсін мойындаған жоқ және соттан өзін ақтауды сұрады. Ал екінші айыпталушы кінәсін толық мойындады.

Сот сотталушының кәмелет жасына толмаған балаларының болуын, ал екінші айыпталушының өзінің кінәсін мойындауын, жасаған ісіне өкініш білдіруін, бұрын сотты болмағанын және оң қырынан сипатталуын жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды.

Сот айыпталушыны кінәлі деп танып, оған 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар, оған 3 жыл инъекциялық терапия саласында жеке кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салынды. Жәбірленуші тараптың пайдасына 5 миллион теңге моральдық шығын және 1,2 миллион теңге материалдық шығын өндіріп алынды.

Екінші айыпталушы кінәлі деп танылды: сот оны 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кескен, алайда «Рақымшылық туралы» заңға сәйкес жазадан босатылды. Оған да 3 жыл бойы инъекциялық терапия саласында жұмыс істеуге тыйым салынды. Жәбірленушінің пайдасына 5 миллион теңге моральдық шығын және 500 мың теңгеден астам материалдық өтемақы өндіру туралы шешім қабылданды.

Айта кетелік «Елге көмек» қорының соты: прокурор Сариевке 6 жыл жаза сұраған еді

Соңғы жаңалықтар