Цифрланбаған тілдер жойылады - Қырғызстан Министрлер Кабинетінің басшысы
БІШКЕК. KAZINFORM – Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров Open AI компаниясының вице-президенті Aрка Дармен жасанды интеллектті дамыту перспективаларын талқылау барысында цифрланбаған тілдер жойылады деген пікірімен бөлісті, деп хабарлайды Қырғызстан Республикасы Министрлер Кабинетінің баспасөз қызметі.
Қырғыз Республикасы Министрлер кабинеті басшысының атап өтуінше, үкімет жасанды интеллектті дамытумен айналысатын қырғыз стартаптарын барынша қолдайды. Ол былтыр қырғыз тілін тану және тілді одан әрі дамыту үшін жасанды интеллект дайындау мақсатында суперкомпьютер сатып алынғанын айтты.
«Премьер-министр ретінде қырғыз тілінің цифрлық әлемде әлі соншалықты кең таралмағанына алаңдаймын. Цифрланбаған тілдер жазба тілі болмаған тілдер сияқты тағдырға ұшырап, жойылады деп ойлаймын. Біз үшін қырғыз тілін сақтау, дамыту – ұлттық егемендік мәселесі», – деді ол.
Ақылбек Жапаров үкіметтің Open AI-мен ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа дайын екенін атап өтті.
«Біз сіздің компанияңыздың инновациялық технологияларын сынақтан өткізу және пилоттық енгізу алаңы ретінде әрекет етуге дайынбыз. Біз қазір мемлекетті цифрландыру саласында шешуші қадамдар жасап, мемлекеттік басқаруды реформалауда жасанды интеллектті пайдалануға дайынбыз», – деді министрлер кабинетінің басшысы.
Open AI компаниясының вице-президенті Aрка Дар жасанды интеллект арқылы жобаларды әзірлеуде одан әрі ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуға дайын екенін білдірді.