Цифрландыру саласындағы озық технологиялар депутаттарды алмастыра ма

Қазақстан Парламентінің жұмысында цифрлық ассистент іске қосылуы мүмкін. Бұл тұрғыда жасанды интелектіні енгізу жағынан әлемге танылған Hellenic OCR Team командасы тартылуы ықтимал, деп хабарлайды Kazinform.

цифрландыру
Фото: Parlam.kz

«Осы саладағы озық тәжірибе Қазақстан Парламентінің жұмысына оңтайлы әсер еткені дұрыс. Сондықтан біздің команда тиісті қолдау жасауға тырысады. Атап айтқанда, технологиялар саясатты басқармауы тиіс, технологиялар осы саладағы жұмысты жеңілдетуге үлес қосуы керек. Жасанды интеллект сияқты заманауи құралдар туралы айтатын болсақ, бұл саладан келетін қауіпті де ұмытпау қажет. Кейінгі бір жылда жасанды интеллект қоғамда, бұқаралық ақпарат құралдарында жиі талқыланып келеді. Дегенмен, жасанды интеллект 70 жыл бұрын пайда болған еді. Содан бері елеулі өзгерісті байқадық», - деді Hellenic OCR Team командасының негізін қалаушы, доктор Фотиc Фитсилис Сенатта өткен «Парламент жұмысындағы цифрландыру» тақырыбындағы семинарда.

Оның айтуынша, осы аптада Hellenic OCR Team командасы Парламент жұмысына озық технологияларды енгізу қадамдарын таныстырады.

«Біз цифрлық ассистентті, яғни көмекшінің қызметін ұсынбақпыз. Оны жекелей депутаттар да, парламент құрлымындағы бөлімдер де, палата төрағасы да емін-еркін пайдалана алады. Канада, Аустралия, Бразилия, Аргентина, сондай-ақ Еуропа парламентінде және басқа да елдерде заманауи бағдарламаларды енгіздік. Әлем елдерінде біздің желі кеңейіп келеді. Осы орайда Қазақстан да біздің желіге қосылады деген үміт бар. Команданың басты мақсаты – зерттеуге екпін қою. Сондықтан өзіміздің тәжірибені, білімді әлем елдеріне таратуға талпынамыз. Біздің жұмыстың басым бөлігі цифрландыруға арналған. Заманауи технологиялар шығындарды азайтуға ықпал етеді», - деді Фотиc Фитсилис.

Өз кезегінде Парламентаризм институтының директоры Қанатбек Сафинов Hellenic OCR Team командасымен таяуда тиісті меморандумды бекіту жоспарланғанын айтты.

«Заң шығару процесіне бірлесе жасанды интеллектіні енгізу қарастырылған. Бізге тиімді заңдар керек. Ал бұл құжаттардың тиімділігін арттыру үшін заңнамалық процесс ең жоғары талаптарға сай болуы тиіс. Осы жағдайда озық технологияларды Қазақстанда енгізген жөн. Бұл технологиялар Парламенттің жұмысын ашық көрсетуге, заң жобаларын талқылау процесін айқын көруге, заңнамалық бағытта келіп түсетін ауқымды ақпаратты саралауға мүмкіндік береді. Осы технология заң шығару бағытында депутаттарға көмектеседі, алайда депутаттарды алмастыра алмайды», - деді Қ. Сафинов.

Бұл технологиялар алдағы 1 жылдың ішінде енгізілмек.

«Жалпы қанша қаражат жұмсалатыны есептелген жоқ. Менің ойымша, бұған қомақты қаражат керек емес. Себебі шетелдік мамандар негізгі екпінді тәжірибе алмасуға қоятынын айтып отыр. Бұл технологиялар арқылы түрлі көмекші бағдарламалар іске қосылады», - деді Парламентаризм институтының директоры.

Айта кетейік, жасанды интелектіні пайдалану жағынан әлемде ең озық заң шығарушы орган Грекия парламенті болып шықты. Бұл тұрғыда озық технологияларды Hellenic OCR Team командасы ұсынған. Hellenic OCR Team бастапқыда Грекияда құрылғанымен, қазір жаһандық командаға айналған. Осы ретте олар озық технология бағдарламаларын әлемнің көптеген парламентінде жүзеге асырып келеді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов осы бағыттағы жұмыстарға қатысты пікір білдірген еді.

 

Соңғы жаңалықтар