Цифрландырудың жаңа кезеңі: Қазақмыс ЖИ мен бұлтты сервистерді енгізу жобасын іске қосады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақмыс өндірістік үдерістерді жаңа деңгейге көтеру үшін Freedom Cloud компаниясымен бірге бұлтты жүйеге кезең-кезеңімен көшуді бастады. Жоба жасанды интеллектті енгізуге, деректер қауіпсіздігін күшейтуге және цифрлық сервистердің қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған.

Цифрландырудың жаңа кезеңі: Қазақмыс ЖИ мен бұлтты сервистерді енгізу жобасын іске қосады
Фото: «Қазақмыс» корпорациясы

«Қазақмыс» корпорациясы мен қазақстандық Freedom Cloud IT-компаниясы цифрлық технологиялар саласында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бірлескен жұмыс кәсіпорынның IT-инфрақұрылымын жаңғыртуға, өндірістік үдерістерге бұлттық шешімдер мен жасанды интеллект элементтерін енгізуге бағытталып отыр.

Бұлтты жүйеге көшу компанияның барлық есептік және желілік ресурстарын біртұтас цифрлық ортада біріктіруге мүмкіндік береді. Бұл деректер қауіпсіздігін арттырып, негізгі өндірістік жүйелердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге жол ашады.

Цифрландырудың жаңа кезеңі: Қазақмыс ЖИ мен бұлтты сервистерді енгізу жобасын іске қосады
Фото: «Қазақмыс» корпорациясы

«Бүгінгі таңда нарық пен технологиялар сенімділік, киберқауіпсіздік және негізгі үдерістерге толық бақылауды сақтай отырып бейінді емес қызметтерді кәсіби ойыншыларға біртіндеп тапсыруға мүмкіндік беретін деңгейге жетті. Біз бұл қадамға бір реттік жоба ретінде емес, өзара сенімге негізделген ұзақ мерзімді серіктестік ретінде қараймыз. Бұл біздің жүйелердің тұрақтылығы мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ цифрлық қызметті дамытуда жаңа мүмкіндік ашуға ықпал етеді. Бұл қадам екі компания үшін де ой елегінен өткізілген салмақты шешім және алға қарыштап дамудың бастамасы болды», – деді «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриев.

2026 жылғы қаңтар мен маусым аралығында «Қазақмыс» бұлттық инфрақұрылымның және жаңа цифрлық сервистердің жұмысын сынақтан өткізетін ілкі жобаны жүзеге асырады. Ілкі кезең келесі мүмкіндіктерді береді:

• деректерді өңдеу жылдамдығын арттыру және корпоративтік жүйелердің тұрақтылығын күшейту;
• жабдықты бақылауға арналған жасанды интеллект пен болжау аналитикасын енгізу, бұл тоқтап қалуды алдын ала ескертуге мүмкіндік береді;
• кеңседен бастап кенішке дейін желінің кез келген нүктесінен цифрлық қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету;
• автоматтандыру арқылы қызметкерлердің жұмысын жеңілдетіп, қолмен орындалатын операцияларды азайту.

Казахмыс начнет тестировать ИИ-решения на базе инфраструктуры Freedom Cloud
Фото: «Қазақмыс» корпорациясы

Freedom Cloud Tier III деңгейіндегі инфрақұрылымды резервтік көшірумен, киберқорғаумен және тәулік бойы мониторингпен қамтамасыз етеді. Осы платформада жасанды интеллект арқылы процестерді басқару технологиялары сынақтан өткізіліп, DevOps жүйесі жаңа цифрлық құралдарды жедел енгізуге жол ашады.

Freedom Cloud компаниясының бас директоры Темірлан Зиналабдин бұл жобаның ел экономикасы үшін маңызын атап өтті.

«Елдегі ірі өнеркәсіптік компаниялардың бұлтты технологиялар мен жасанды интеллектке бет бұра бастауы цифрлы экономиканың жаңа кезеңіне қадам басқанының белгісі. Біз «Қазақмысқа» тиімділікті арттырып қана қоймай, жасанды интеллект пен бұлтты шешімдерді қолдануда тұтас тау-кен металлургия саласына үлгі болатындай инфрақұрылым құрып жатырмыз», - деді ол.

Казахмыс начнет тестировать ИИ-решения на базе инфраструктуры Freedom Cloud
Фото: «Қазақмыс» корпорациясы

Алдағы уақытта тараптар өнеркәсіптік алаңдарда мәліметті өңдеудің модульдік орталықтарын құруды, сондай-ақ басқарылатын бұлттық қызметтерді енгізуді жоспарлап отыр. Бұл шешімдер өндірістің тиімділігін арттырып, компания ішіндегі цифрлық қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Осыған дейін «Қазақмыс» пен ISKRATEL арасындағы келісім өндірістік алаңдардың терең цифрлық жаңғыртылуына жол ашатынын? Және де 5G, байланыс және өнеркәсіптік интернет технологиялары қызметтік үдерістерді ғана емес, қызметкерлердің еңбек жағдайын да өзгертетіні жайлы жазған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар