Цифрлы трансформация: мемлекеттік қаржы жүйесін басқарудың тиімді тетігі

АСТАНА. KAZINFORM – Осыдан 10-15 жыл бұрын мобильді аударымдар мен қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың өмірімізге мықтап енетінін елестету қиын еді. Қазір бұл күнделікті жасайтын амалдарымыздың біріне айналды. Бұл – цифрлы технологиялардың бір қыры ғана. Ауқымды деңгейде зерделесек, оның пайдасы бұдан да зор.

бюджет
Фото: Kazinform

«Ашығын айтуымыз керек, бізде республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатыр. Бұл – бұрынғы және қазіргі Үкімет жұмысындағы үлкен олқылық. Мұндай жағдай жиі қайталанса, түптеп келгенде, еліміздің дамуын тежейді. Сондықтан оған жол бермеу қажет. Бюджет қаржысын тиімді пайдаланып, оның шығыс бөлігін шектеп, қатаң бақылауда ұстаған жөн. Мемлекет қаржысының тұрақтылығын қамтамасыз етудің бірден бір жолы – көрпеге қарай көсілу. Сондықтан бюджет қаражатын стратегиялық маңызы жоқ, аса шұғыл емес шаруаларға оңды-солды шашуды доғару керек», - деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында.

Президенттің айтқанымен келіспеуге лаж жоқ. Осы орайда, мемлекеттік қаржы саласын тиімді басқарудың жолы – жаппай цифрландыруды енгізуде екені даусыз. Қуантарлығы сол, елімізде бұл бағытты мықтап қолға алған ұйымдар жоқ емес. Айталық, Қаржы министрлігіне қарасты Электрондық қаржы орталығы – Қазақстандағы бизнес-процестерді цифрлы трансформациялау жөніндегі негізгі құрылымдардың бірі де бірегейі. Іргесі 1978 жылы қаланған орталық 45 жылдан артық цифрлы технологияларды пайдалана отырып, мемлекеттік қаржы саласында озық ІТ өнімдерді ұсынып, табысты жүзеге асырып келеді. 

Мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесі

Енді нақты жобаларды тізбектесек, Мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесі – мемлекеттік ақпараттық ресурстардың мәліметтеріне қолжетімділікті қамтамасыз ететін ақпаратты-талдамалық өнім. Ол бүгінде инвестициялық жобаларды, бюджеттік бағдарламаларды, бюджетаралық трансферттер көлемін (республикалық және жергілікті бюджеттер) қалыптастыру, ҚР Үкіметінің резервін реттеу және басқа да қызметтер үшін белсенді қолданылып келеді.

Жобаны іске асыру: бюджет қаражатын тиімді бөлуге септеседі; бюджетті жоспарлаудан бастап орындауға дейін бөлудің мониторингін жүзеге асыруға; сондай-ақ бюджет қаражатын жоспарлау процесінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Өйткені, ол нақты инвестициялық жобаны іске асыруға жоспарланатын шығыстарды, атап айтқанда жобаны іске асырудың мерзімдері мен кезеңдері, жобаны қаржыландыру көздері және басқа қосымша ақпаратты қамтитын болады.

Бірыңғай сатып алу платформасы

Президенттің халыққа арнаған Жолдауындағы тапсырманы орындау мақсатында Электрондық қаржы орталығы Бірыңғай сатып алу платформасын (бұдан әрі - БСП) дайындау бойынша жұмысты да қарқынды жүргізіп жатқанын айта кетейік. БСП-да мемлекеттік органдардың сатып алулары, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің және басқа да алаңдардың сатып алулары қамтылатын болады.

Қазір қолданушыларды бірыңғай тіркеу, оның ішінде QR-технологияны пайдалана отырып тіркеу жұмысы іске асырылып, анықтамалықтар (лоттар мәртебесі, өтінімдер, шарттар, сатып алу белгілері) бір ізге келтірілді. Іздеу қызметін орталықтандыру мақсатында тізімдер (жоспарлар, лоттар, хабарландырулар және сатып алу келісімшарттары) мен тізілімді (қатысушылар, жосықсыз қатысушылар) алу бойынша функционал жолға қойылды.

Еліміздің өңірлері мен сатып алу алаңдары бөлінісінде нақты уақыт режімінде ақпаратты көрсететін жоспарлардың, хабарландырулардың, лоттардың, келісімшарттардың интерактивті картасы әзірленді.

Таяу арада өнім берушілердің рейтингі құрылып, цифрлы теңге мен смарт-келісімшарттарды пайдалану басталады, сондай-ақ басқа сатып алу алаңдарымен интеграция жасалады.

Аталған жоба «Бір терезе» қағидатын іске қосу арқылы пайдаланушылардың жұмысын жеңілдетіп, олардың түрлі санаттарына «жеке кабинет» құруға, сол секілді сатып алу процестеріне мониторинг пен бақылауды жүргізуге жол ашады.

Электронды тауарлар каталогы

Электронды тауарлар каталогы (бұдан әрі - ЭТК) – бірегей идентификаторларды, нақтыланған сипаттамаларды, суреттерді, сертификаттар мен стандарттарды қоса алғанда, тауарлар туралы деректерді сақтап, басқаруға арналған ақпараттық жүйе. Оның артықшылығы берілген өтінімдердің мәртебесін жедел бақылауға және олардың уақтылы өңделуін қамтамасыз етеді.

Қазір ЭТК-да 825 257 тауар бар. Оның ішінде 30,3 мың кеңсе өнімі, 18,7 мың дәрі-дәрмек пен медициналық тауарлар. Жеткізушілер саны 10,5 мыңнан асады. Тұтастай алғанда, тауарларды тіркеуге байланысты 53 759 өтінім қаралды. Бұл жүйе сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін едәуір төмендетіп, бюджетті дәл болжауға, сондай-ақ тауар айналымын бақылау мен басқаруды арттыруда септігі мол.

Онлайн бюджеттік мониторинг

Бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауды күшейту мақсатында аудиторлар жоспарлаудан бастап бюджеттің онлайн режімде атқарылуына дейінгі бюджеттік мониторинг бойынша жұмысты жүргізіп келеді. Бұған ҚР Қаржы министрлігі түрлі ақпараттық жүйелерінің деректерін пайдаланудың арқасында қол жеткізілді. Жоба бюджеттің сәйкессіздігіне байланысты тәуекелдерді уақтылы анықтап, хабар беруге және тәуекел профильдерін жасауға бағытталған.

Жобаны жүзеге асыру: тәуекелдер бейіні бойынша камералды бақылау жасап, бюджетті жоспарлау және атқару кезінде сын-қатерге жедел ден қоюға; бюджет қаражатын игермеу тәуекелдерінің алдын алуға; қаржылық бұзушылықтарды азайтуға; мемлекеттік шығыстардың тиімділігіне бақылауды күшейтеді.

Қаржы министрлігінің бірыңғай байланыс орталығы

Бірыңғай байланыс орталығын іске қосу 1414 нөміріне хабарласу арқылы барлық қажетті ақпарат пен қолдауды алуға мүмкіндік береді. Мұнда салықтық және кедендік әкімшілендіру, мемлекеттік жоспарлау, мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік мүліктің барлық мәселесі бойынша кеңестер беріліп, техникалық қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ қажетті ақпаратты беретін чат-боттың жұмысы ретке келтірілген. Қандай да бір мәселе шешілмеген жағдайда пайдаланушыға техникалық қолдау сұрауға мүмкіндік беріледі. ББО барлық байланыс арнасын біріктіріп, қызметті орталықтандыруға, шығындарды азайтуға, сондай-ақ деректерді дұрыс басқарып, оларды талдауға көмектеседі.

Соңғы жаңалықтар