Цифрлық активтерге қатысты жаңа құқықтық актілер әзірленіп жатыр – Мемлекеттік кірістер комитеті

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда жаңа Салық кодексі аясында цифрлық активтерді реттеуге бағытталған бірнеше нормативтік құқықтық акт (НҚА) әзірленіп жатыр. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің Цифрлық активтерді әкімшілендіру басқармасының басшысы Талғат Әділов тікелей эфир барысында айтты.

крипто
Коллаж: Kazinform

– Жаңа Салық кодексі шеңберінде бізде цифрлық активтердің құнын тануға байланысты НҚА бар. Бұған дейін бұл тізімде 11 ғана цифрлық актив болса, қазір оны кеңейтіп, 114 активке дейін жеткіздік. Бұл – орташа сараланған құндарды есептеу үшін қажет, – деді комитет өкілі.

Оның айтуынша, цифрлық активтер нарығындағы үдерістерді ескере отырып, бірқатар жаңа құжаттар әзірленіп, қабылдау сатысында тұр.

– Сонымен қатар бізде криптовалюта биржаларымен ақпарат алмасу, Астана халықаралық қаржы орталығына қатысу, майнинг пулдармен деректерді бөлісу бойынша да нормативтік құқықтық актілер бар. Бұл майнерлер өндіріп алған цифрлық активтерді есепке алу мақсатында қажет. Аталған құжаттар қазіргі уақытта әзірлеу және қабылдау сатысында тұр. Барлық жұмыс нарық өкілдерімен бірлесіп, олардың ұсыныстарын ескере отырып жүргізіліп жатыр, – деді Талғат Әділов.

Ол сонымен қатар цифрлық активтер саласының қарқынды дамып жатқанын атап өтті.

– Цифрлық құралдардың қолдану ауқымы үнемі өзгеріп, жаңа табыс алу мүмкіндіктері, жаңа технологиялар пайда болып жатыр. Осы себепті біз нарықтағы өзгерістерді уақытылы бақылап, салықтық және құқықтық реттеуді үнемі жаңартып отыруымыз қажет, – деп түйіндеді комитет басшысы.

Бұған дейін 2026 жылдан бастап цифрлық активтерге салынатын салыққа өзгерістер енгізілетінін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар