Цифрлық кодекс: Қазақстандықтар өз еркін «цифрлық растау» тәсілі арқылы да білдіре алады

АСТАНА. KAZINFORM — Цифрлық кодекс электронды цифрлық қолтаңбаның құқықтық мәртебесін электронды форматта қол қоюдың жалғыз тәсілі деп бекітеді. Заң жобасын әріптестеріне таныстырған депутат Екатерина Смышляева осындай мәлімет берді. 

дактилоскопия
Фото: ашық дереккөзден

— Жаңа Цифрлық кодекс азаматтардың онлайн кеңістіктегі іс-қимылдарын заңда нақтылай түседі. Енді жеке тұлғаны растау жүйесі күшейіп, көпфакторлы және биометриялық тәсілдер (саусақ ізі, бет бейне, дауыс) заң жүзінде қолданылады.

Сонымен бірге электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) бұрынғыдай ресми құжаттарға қол қоюдың жалғыз заңды құралы ретінде сақталады. Алайда, маңызды емес әрекеттер үшін жаңа, жеңілдетілген «цифрлық растау» енгізіледі, — деді ол.

Ал кейбір платформада онлайн қызметті пайдалануға келісім беру үшін цифрлық растау тетігін қолдануға болады.

Сондай-ақ, кодекс жобасында қолданыстағы электронды құжаттарды заң тілінде үш топқа бөлу көзделіп отыр. Біріншісі — электронды құжаттар. Оған тек ЭЦҚ қойылған құжаттар жатады және қағаз нұсқамен теңестіріледі. Екіншісі — цифрлық құжаттар. Бұл мемлекеттік базалардан автоматты түрде жүктеуге болатын, көрсетілген сәтінде түпнұсқа болып саналатын түрлі анықтамалардың құқықтық атауы деуге болады. Үшіншісі — цифрлық мәліметтер. ЖСН арқылы ІІМ базасынан алынған азамат туралы дерек, не болмаса жылжымайтын мүлік реестріндегі жазбалар осы цифрлық мәліметтерге жатқызылмақ. Басқаша айтсақ, ресми дереккөздерден алынған заңды мәні бар ақпараттар осы санатқа жатқызылады.

Екатерина Смышляева бұл өзгерістер азаматтар мен ұйымдардың цифрлық ортада қолтаңба қою, дерек ұсыну және құжат алмасу тәртібін жеңілдетіп, құқықтар мен міндеттерді нақтылай түсетінін айтады.

Айта кету керек, осы кодексті қабылдау арқылы цифрлық деректерді заң жүзінде мүлік ретінде мойындау ұсынылып отыр

Соңғы жаңалықтар