Цифрлық кодекс жыл соңына дейін бекітілуі керек – министрлік маманы

АСТАНА. KAZINFORM — Жасанды интеллект қандай да бір құқықтық талаптарға сай келмесе, оның өндірушісі заң алдында жауап береді.

Үмітжан Арықбекова
Фото: Видеодан алынған скрин

Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитеті төраға орынбасары «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында хабарлады.

— Жалпы, жасанды интеллектті қолдану тек Chat GPT-пен әңгімелесумен шектеліп қалмайды. ЖИ-ді еліміздегі экономиканың әр саласына енгізу қажет. Бұл заң барлық бағыттарды біріктіріп, мемлекеттік органдарды дұрыс жолға бағыттайды. Қазіргі таңда бірде-бір мемлекетте жасанды интеллекттің жеке заңды құқығы жоқ. ЖИ — тек адамның жасаған жүйесі, оның өндірушісі бар, ал өндіруші заңдық міндеттемелерге жауапты. Заңның негізгі мақсаты — осыны реттеу, — дейді Үмітжан Арықбекова.

Маман цифрлық кодекс те әзірленіп жатқанын айтты.

— ЖИ заңынан бөлек, цифрлық кодекс те жасалып жатыр. Қазіргі кезде оны Мәжіліс қарастырып жатыр. Ол Сенатқа өтіп, жыл соңына дейін бекітілуі керек. Онда еліміздегі цифрландыру саласының дамуындағы, қолдану бағытындағы басты ұстанымдар көрсетіледі, — дейді ол.

Айта кетейік, Парламент күні кеше жасанды интеллект туралы заң қабылдады.

Соңғы жаңалықтар