Цифрлық құжаттармен балабақшаға қабылдау жеңілдей түсті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда мектепке дейінгі ұйымдарға (балабақша) балаларды қабылдау жыл бойы жүзеге асырылады, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігі.

Астана
Фото: Астана әкімдігі

Мемлекеттік қызметтер жергілікті атқарушы органдар арқылы немесе «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы көрсетіледі.

Мектепке дейінгі ұйымға жолдама алу және құжаттарды тапсыру үшін ата-аналар немесе заңды өкілдері келесі құжаттар топтамасын ұсынуы қажет:

  1. Қабылдауға арналған жолдама;

  2. Өтініш;

  3. Қызмет алушының жеке басын куәландыратын құжат (ата-анасының бірінің немесе заңды өкілінің) немесе электрондық құжаттар қызметінен алынған цифрлық нұсқасы;

  4. Баланың туу туралы куәлігі немесе цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық нұсқасы;

  5. №065/Е нысанындағы профилактикалық егу картасы;

  6. №052-2/У нысанындағы баланың денсаулық паспорты;

  7. №027/У нысанды анықтама;

  8. Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы
    (ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін).

Мамандардың түсіндіруінше, барлық қажетті құжаттарды цифрлық форматта алу мүмкіндігі ата-аналар үшін процесті жеңілдетіп, құжат жинау уақытын қысқартады.

- Қазіргі таңда балабақшаға қабылдауға өтініш беру және жолдама алу рәсімі толықтай автоматтандырылған әрі ата-аналар үшін қолжетімді қызмет түріне айналған, - деп жазды министрліктен.

Айта кетейік, елімізде аз қамтылған отбасылардың балалары балабақшада тегін тамақтанады.

Соңғы жаңалықтар