Цифрлық шежіре, Сүйінші, Көрімдік — Aitu қалай өзгереді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық Aitu платформасы мессенджер ғана емес, азаматтар, бизнес пен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылдың бірыңғай цифрлық алаңына айналмақ. Үкімет отырысында BTS Digital компаниялар тобының басқарушы директоры Мақсат Нұриденұлы ұлттық платформаны дамытуға қатысты бірқатар жаңа бастаманы таныстырды.
Ұлттық мессенджерді дамытуға басымдық берілмек
Спикердің айтуынша, бүгінде қазақстандықтардың басым бөлігі шетелдік мессенджерлерді пайдаланады.
— Олармен бірге біздің хаттарымыз, құжаттарымыз бен деректеріміз де сол платформаларға кетеді. Бұл деректер Қазақстаннан тыс жерлердегі дата-орталықтарда сақталады және өзге ережелерге бағынады. Біз цифрлық мемлекет құрдық дейміз, алайда цифрлық мемлекет өз азаматтарымен шетелдік алаң арқылы сөйлеседі, — деді Мақсат Нұриденұлы.
Осыған байланысты компания ұлттық цифрлық кеңістікті дамытуға және азаматтар мен мемлекет арасындағы байланысты отандық платформа арқылы қамтамасыз етуге басымдық беріп отыр.
Қазіргі уақытта Aitu платформасында 6,8 миллион адам тіркелген. Ай сайын қосымшаны 1 миллионнан астам қазақстандық қолданады, ал күнделікті белсенді аудитория 100 мыңнан асады.
— Дегенмен тіркелгендер саны мен күнделікті аудитория арасында айырмашылық бар. Осы уақытқа дейін Aitu аудиториясы қалыптасқан мессенджер ретінде жұмыс істеді. Біз енді адамдардың қосымшаға күн сайын қайта оралуына себеп болатын мүмкіндіктерді жасап жатырмыз, — деді спикер.
Цифрлық шежіре пайда болады
Компания өкілі ұлттық дәстүрімізді, тілімізді және өмір салтымызды ескеретін ұлттық мессенджер құрылып жатқанын баса айтты. Сондықтан Aitu-да әр отбасыға қажет функциялар қосылады.
— Бүгінде Қазақстанда 8 миллионнан астам отбасы бар және олардың басым бөлігінде туыстарымен қарым-қатынас жасауға арналған ортақ чат жұмыс істейді. Мысалы, онда фотосуреттерді сақтауға, маңызды оқиғалардың күнтізбесін жүргізуге және түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға болады, — деді Мақсат Нұриденұлы.
Платформада ұлттық ерекшеліктерді ескеретін жаңа сервистер іске қосылады. Солардың бірі — цифрлық шежіре. Бұл функция пайдаланушыларға өз ата-тегін, әулет тарихын және отбасы туралы маңызды мәліметтерді цифрлық форматта сақтауға мүмкіндік береді.
«Сүйінші», «Көрімдік», «Асар» аударымдары енгізіледі
Aitu-да ұлттық дәстүрлерге негізделген қаржылық сервистер де іске қосылмақ.
Атап айтқанда, пайдаланушылар «Сүйінші», «Көрімдік», «Асар» және «Садақа» сияқты төлемдерді арнайы форматта жібере алады.
Бұл қызметтер ақша аударымдарын ұлттық мәдениетпен байланыстырып, рәсімдеуді жеңілдетуге бағытталған.
Қазақ-орыс тілдері арасында автоматты аударма болады
Қосымшада қазақ тілін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Жаңа мүмкіндіктердің бірі — қазақ және орыс тілдері арасындағы автоматты аударма қызметі.
Компания өкілдерінің пікірінше, бұл функция көпұлтты Қазақстан азаматтары арасындағы қарым-қатынасты жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Интернет-алаяқтықпен күрес
Платформа қауіпсіздік мәселесіне де ерекше көңіл бөлмек. Aitu-да верификациядан өткен аккаунттарға арнайы белгі қойылады. Бұл пайдаланушыларға ресми тұлғалар мен ұйымдардың шынайы парақшаларын ажыратуға көмектеседі.
Мұндай шешім интернет-алаяқтықпен күрес шараларының бір бөлігі ретінде ұсынылып отыр.
— Қазіргі уақытта көптеген адам жалған аккаунттарға, қолдан жасалған хабарламаларға және алаяқтық схемаларға тап болып жатыр. Тек биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында елімізде 20 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелді, — дейді Мақсат Нұриденұлы.
Мектеп, аула және дәрігер чаттары іске қосылуы мүмкін
Болашақта Aitu күнделікті тұрмыстық мәселелерді шешуге арналған бірыңғай цифрлық ортаға айналуы ықтимал. Платформада үй тұрғындарының, көршілердің немесе аудан тұрғындарының чаттары құрылып, коммуналдық және әлеуметтік мәселелерді талқылауға мүмкіндік беріледі.
Сонымен қатар ата-аналар, мұғалімдер және мектеп әкімшілігін біріктіретін мектеп чаттары іске қосылмақ.
— Бүгінде елімізде 8 мыңнан астам мектеп бар. Онда 3,9 миллион оқушы білім алып, 400 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Дәрігермен байланысу үшін ресми чат қолжетімді болады. Бұл 280 мыңнан астам медицина қызметкері мен миллиондаған азаматтың өзара байланысын жеңілдетеді, — деді спикер.
Әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстанда 750 мыңға жуық мүгедектігі бар адам тұрады. Олар үшін ақпарат пен қолдау шараларына ыңғайлы әрі қолжетімді қол жеткізу маңызды. Алдағы уақытта платформада спорт, салауатты өмір салты және әкімшілік қызметтер саласындағы сервистер дамымақ.
eGov GPT мемлекеттік қызмет алуға көмектеседі
Платформадағы маңызды жаңалықтардың бірі — eGov GPT цифрлық көмекшісін енгізу. Жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін сервис пайдаланушыларға қажетті мемлекеттік қызметті табуға, өтініш рәсімдеуге және қажетті ақпаратты алуға көмектеседі.
Осылайша мемлекеттік қызметтердің бір бөлігі чат форматында қолжетімді болуы мүмкін.
Компания мәліметінше, жыл соңына дейін Aitu-дың ай сайынғы аудиториясын 1,5 миллион адамға дейін жеткізу көзделіп отыр. Ал 2027 жылы бұл көрсеткішті 3,8 миллионнан асыру жоспарланған.
Ұсынылған бастамалар Aitu платформасын қарапайым мессенджерден ұлттық цифрлық экожүйеге айналдыруды көздейді. Жаңа сервистер іске қосылған жағдайда қазақстандықтар мемлекеттік қызметтерден бастап күнделікті тұрмыстық мәселелерге дейінгі көптеген процесті бір қосымша арқылы шеше алады.
Айта кетейік, елімізде eGov, e-Otinish қызметтері мен Aitu мессенджері тарифсіз қолжетімді болады.