Цифрлық теңге: ұлттық валютаның жаңа мүмкіндігі
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін, 15 қараша – Ұлттық валюта күні. Төл теңгеміздің айналымға енгеніне биыл 33 жыл толады. Осы уақыт ішінде ұлттық валютамыз да заман талабына сай өзгеріп, цифрлық форматқа көшті.
33 жыл ішінде ұлттық валютаның дизайны бес рет жаңарды. Алғашқы банкноталар портреттік үлгіде жасалып, ақша бетінде тарихи тұлғалар бейнеленді. Ал бүгінгі банкноталар сақ стилінде безендірілген. Теңгенің экономикалық тарихы да оңай болған жоқ. Бес мәрте девальвацияға ұшырап, түрлі кезеңді бастан өткерді.
- «Сақ стилі» сериясындағы алты номиналдың бесеуі айналымға шығарылды. Енді серия 20 мың теңгелік жаңа банкнотамен толықпақ. Біздің мақсатымыз теңгенің дизайны арқылы ұлттық мәдени мұраны дәріптеу. Өйткені әр банкнот елдің тарихы мен құндылықтарын танытады, - деді ҚР Ұлттық банкінің бас маманы, бас дизайнері Санжар Нұрқасымов.
Бүгінде дәстүрлі ақшамыз цифрлық форматқа ауысты. 2023 жылы цифрлық теңгеге байланған алғашқы банк картасы айналымға шығып, 2025 жылы мемлекеттік сатып алу мен инфрақұрылымдық жобаларда сынақтан өтті. Ал, биыл 18 шілдеде ресми қолданысқа енгізіліп, мемлекеттік сатып алу саласында пайдаланылып жатыр.
- Цифрлық теңге біртіндеп енгізіледі. Алдымен мемлекеттік сатып алулар мен бюджеттік жобаларда қолданылады. Бұл қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылауға және төлемдердің тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді, - Астана халықаралық қаржы орталығының инвестиция және қаржы нарықтары жөніндегі сарапшысы Анатолий Черных.
Болашақта цифрлық теңгені азаматтар күнделікті есеп айырысу кезінде де пайдаланады. Тіпті интернет байланысы болмаған жағдайда да тауарлар мен қызметтердің ақысын төлеуге мүмкіндік туады.
- Цифрландыру экономикада маңызды рөл атқаруын жалғастыра отырып, қолма-қол ақшадан бас тартуды білдірмейді. Қазіргі уақытта айналымдағы қолма-қол ақша көлемі 5 триллион теңгеден асады, ал соңғы 5 жылда оның орташа жылдық өсу қарқыны шамамен 10%-ды құрайды, - ҚҰБ Қолма-қол ақша айналысы департаментінің бас маман-экономисі Амина Жолмырза.
Цифрлық теңгені мемлекеттік қаржы саласында кеңінен қолдану үшін Ұлттық банк пен Үкімет арнайы жол картасын бекіткен. Қазірдің өзінде айналымға шамамен 340 млрд цифрлық теңге шығарылған. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш 2 трлн теңгеге жетуі мүмкін.
Айта кетейік, Қазақстан қор биржасындағы (KASE) сауда-саттық қорытындысы бойынша доллар бағамы арзандады.