Цифрлық теңгеге ұлттық валюта мәртебесі беріледі
АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова цифрлық теңгеге ұлттық валюта мәртебесін беретін заң нормасын таныстырды.
- Заң жобасының негізгі жаңалығы – активтердің жаңа класы ретінде цифрлық қаржы активтерін реттеуді енгізу. Заң жобасында цифрлық қаржы активтерінің үш түрі көзделген. Біріншісі – ақшаға талап ету құқығын растайтын стейблкоиндер, екіншісі – базалық активпен қамтамасыз етілген цифрлық қаржы активтері, үшіншісі – цифрлық нысанда шығарылатын қаржы құралдары, - деді ол.
Айтуынша, стейблкоиндердің шығарылымы мен айналымын Ұлттық Банк реттейді. Басқа цифрлық қаржы активтерінің түрлерін агенттік реттейді.
- Цифрлық қаржы активтерін қаржы нарығының жаңа субъектілері, яғни цифрлық платформалар операторлары шығарады. Цифрлық қаржы активтеріне қолданыстағы қаржы құралдары үшін белгіленген ұқсас талаптар, оның ішінде тәуекелдерді басқаруға, ақпаратты жария етуге және инвесторлардың құқықтарын қорғауға қатысты талаптар қойылады. Цифрлық теңгенің ұлттық валютаның жаңа нысаны ретіндегі мәртебесі заңнамалық түрде бекітіледі, - деді Мәдина Әбілқасымова.
Айта кетейік, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі Мәжілісте банктер туралы заң жобасын таныстырды.