Цинциннати турнирі: 20 эйс жасаған Рыбакина жеңіліп қалды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Цинциннати (АҚШ) WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шыға алмады.

Рыбакина
Фото: Sports.kz

Жарысты екінші айналымнан бастаған қазақстандық теннисші әлемнің 27-ракеткасы, канадалық, 2021 жылғы АҚШ ашық чемпионатының финалисі Лейла Фернандеспен кездесті.

Бұл Е.Рыбакинаның денсаулығына байланысты Париж Олимпиадасында қатысудан бас тартқаннан кейінгі алғашқы ойыны еді.

Матч брейк алмасумен басталды. Есеп 4:3 болған мезетте брейк жасаған Рыбакина сол басымдылығынан айырылған жоқ – 6:3.

Екінші сетте тай-брейкте Фернандес сәтті өнер көрсетті – 7:6 (7:3).

Үшінші, шешуші партияда есеп 3:3 болған мезетте Фернандес брейк жасап кетті. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:4.

Екі сағат 35 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Рыбакина 20 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Канадалық спортшы 5 эйс, 6 брейкпен (17 брейк-пойнт) көзге түсті. 

Л.Фернандес ширек финалға шығу үшін әлемнің 20-ракеткасы, ресейлік Диана Шнайдермен таласады.

Е.Рыбакина өткен жылы Цинциннатида үшінші айналымнан аса алмаған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Құламбаеваның Сербияда қарсыласын айқын басымдылықпен жеңіп, ширек финалға шыққанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар