Тісін емдеткен 3 жасар қыз өлімі: Стоматологиялар жаппай тексеріле ме
АСТАНА. KAZINFORM — Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі стоматологияларды жаппай тексеруді жоспарлап отырған жоқ. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев айтты.
Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдері вице-министрден Астанадағы Dent-Park клиникасында 3 жасар қыздың өліміне байланысты стоматологияларды жаппай тексеру мүмкіндігін сұраған еді.
— Әрине, бұл өте сорақы әрі резонансты оқиға. Небәрі 3 жастағы сәби, обал. Ең алдымен, Денсаулық сақтау министрлігі көңіл айтады. Екіншіден, сот-медициналық сараптаманы Әділет министрлігі жанында, сот-медициналық сараптама органдары жүргізеді. Бұл ретте белгілі бір тексерісті шынайы жүргізу үшін Денсаулық сақтау министрлігінің сарапшылары тартылмайды. Стоматологиялық клиникаларды жаппай тексеруге қатысты айтар болсам, бүгінде мұндай жоспарымыз жоқ. Тексеру Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады, — деді Тимур Сүлейменов.
Айта кетелік БЖЗҚ-дан 46 млрд теңге жымқырған жалған стоматологиялардың бір иесі ұсталған еді.