«Тубдиспансер жабылмайды» – баспасөзге шолу

ОРАЛ. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінің қараша айларындағы сандарына жасалған шолудың екінші бөлімін ұсынады.
None
None

Л.Шағатайдың «Тубдиспансер жабылмайды» деген мақаласында осы жылдың аяғына дейін облыстық туберкулезге қарсы диспансердің кейбір қызметтері қалалық емханалардың құзыретіне берілмек. Яғни туберкулездің жабық түрін алдын ала анықтау жұмыстары және пациенттерді амбулаторлық емдеу іс-шарасы алдағы уақыттан бастап жергілікті емханаларда жүргізіледі. Ал арнайы диспансерлер мен ауруханаларда тек туберкулездің ашық түрімен ауыратындар ғана стационарлық режимде емделетін болады.
Бұл туралы сейсенбі күні облыстық денсаулық сақтау басқармасында өткен брифингте ҚР ДСӘДМ Ұлттық туберкулезге қарсы орталық директоры Жұмағали Исмаилов пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменов мәлім етті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары М. Тоқжанов қатысты.
Ж. Исмаиловтың айтуынша, туберкулездің жабық түрімен ауыратын тұрғындар қоршаған ортаға қауіп төндірмейді, керісінше, олар амбулаторлық ем алуға және белсенді түрде Кох таяқшасын бөлетін пациенттерден оқшаулануға мүмкіндік алып отыр. Соңғы 10 жылда Қазақстанда туберкулезге шалдыққандардың қатары 2,2 есеге төмендеген. Осы індеттің кесірінен болатын өлім-жітім саны 5 есеге азайған. Елімізде туберкулездің жұқпалы түріне шалдыққандар міндетті түрде ауруханаларда емделеді. Осыған дейін жабық түрімен ауыратындардың бірқатары амбулаторлық ем алып келсе, енді олардың 75%-ы ауруханаға жатпай-ақ ем алатын болады.
- «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2016-2025 жылдарға арналған туберкулезді ықпалдастырылған бақылау моделі әзірленіп, туберкулездің жабық түрімен ауыратын тұрғындардың амбулаториялық ем-шарасын кеңейту қарастырылған. Аурудың жұқпалы емес түрі болса, оларды амбулаторлық деңгейде емдеуіміз керек. Өйткені мұндай пациенттерде өзгелерге жұқтыру қауіптілігі болмайды. Алайда олар стационарлық емдеуге жатқызылатын болса, көптеген туберкулезге қабілетті дәрілік препараттардың әсерінен аурудың дәріге сезімталдығы жойылған түрлеріне шалдығуына жағдай туындайды. Сондықтан олар жергілікті мекенжайлары бойынша емханаларда емделетін болады. Туберкулездің барлық жағдайы міндетті түрде туберкулезбен сырқаттанғандардың ұлттық регистріне тіркеліп, емнің тиімділігіне талдау жүргізіледі. Туберкулез ауруы алғаш анықталғандардың, сондай-ақ дәрілерге көнбейтін туберкулезбен сырқаттанатындардың емдеу тиімділігін арттыру үшін оларды дәрі-дәрмекпен үздіксіз әрі тегін қамтамасыз етілуіне бақылау жүргізіледі, - деп атап өтті Ж. Исмаилов.
Өз кезегінде Қ. Ирменов қабылданып жатқан мұндай шаралар стационарлық ем алған пациенттердің емдеу шараларын күшейтуді қажет ететіндігін атап өтті. Осыған орай әрбір емделуші жергілікті учаскелік дәрігер мен фтизиатр маманның қатаң қадағалауында болмақ. Сондай-ақ денсаулық сақтау басқармасының басшысы әлеуметтік желілерде жиі жазылып жүрген «Туберкулезге қарсы диспансер мен ауруханалар жабылатын болыпты» деген сөздердің еш негізсіз айтылған алып-қашпа әңгіме екендігін және олардың жабылмайтындығын шегелеп айтып өтті. Тек бұдан былай бұл мекемелерде аурудың жұқпалы түрімен сырқаттанғандар ғана емделетін болады.
Қазір облысымыздағы бактериологиялық зертхана туберкулезді жедел диагностикалауға арналған заманауи бактериологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Hain-test жабдығы екі күннің ішінде дәрілік препараттарға сезімталдықты анықтаумен туберкулезді анықтай алады, ал G-Xpert аппаратының екі сағат-тың ішінде туберкулезді анықтауға мүмкіндігі зор. Биыл өңірімізде туберкулезбен сырқаттанушылық өткен жылмен салыстырғанда 12 пайызға, ал балалар арасында 29 пайызға төмендесе, осы сырқаттың салдарынан болатын өлім 37 пайызға кеміген.
А.Төлеуғалидың «Қыс маусымына дайынбыз», - дейді сала басшылары» деген ақпаратында Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалы алаңында өткен баспасөз мәслихатында қалалық коммуналдық қызметтің қыс мезгіліне дайындық барысы талқыланғаны айтылған.
Брифингке Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушысы Бекжан Тоқжанов және «Жайық Таза Қала» ЖШС директоры Болат Әмірғалиев қатысты.
- Қала бойынша жалпы көлік жолдарының ұзындығы 580,9 километрді құрайды. Соның ішінде қатқыл табандысы - 284,8 километр. Қала ішіндегі көлік жолдарын және жаяу жолдарды тазалау жұмыстарымен «Жайық Таза Қала» ЖШС айналысуда. Біз алдағы қыс мезгілін қарсы алуға толық дайынбыз. Қар тазалайтын 81 арнайы техникамыз бар. Көктайғақ кезеңіне арналған материалдар да дайын тұр. Соның ішінде көлік жолдарына арналған 15 тонна құмды-тұзды қоспа және 15 тонна жаяу жолға шашатын бишофит материалы бар. Сонымен қатар бензин, дизельдік отын, газ, май секілді жанар-жағармай материалдарын алу жөнінде келісімшарттарға қол қойылды. Қаламыздағы әр көшеге арнайы топ бөлінді. Төтенше жағдай кезеңіне арнаулы мобильді топ құрылды. Бүгін мекеме құрамында 610 адам қызмет етуде, - деді Бекжан Нұрланұлы.
- 31 қазанда аяқ астынан қалың қар жаууына байланысты 28 арнайы техника, 325 жұмысшы жұмылдырылып, нәтижесінде 312 текше метр қар шығарылды, 120 км жаяужол тазартылды. Электр желілеріне байланысты барлық ақаулар дұрысталды, - деді Болат Жәзитұлы.
Баспасөз мәслихатына қатысушы сала басшылары журналистердің сауалдарына жауап берді. Қыс маусымына қамдану шаралары жөнінде есеп берген сала басшыларының айтуынша, әкімдік биыл қыста қар үйілетін жерлерді белгілеген. Оған Теле-орталық ауданы, Анискин көлі, Асан қайраңы және Орал-2 шағынауданы кіреді. Сонымен қатар Меловые горки және Болашақ шағынаудандарының әрбіреуінен бір гектар көлемінде жер дайындалуда.

«Сараптама қорытындысын жариялады» деген материалда: «Газеттің 29 қазандағы №132 санында Зеленов ауданына қарасты Январцев елді мекені маңындағы Емболатовка өзеніне өндіріс қалдықтары төгілді деген күдікпен төртінші рет сынама алынғанын жариялаған болатынбыз. Кеше облыстық экология департаментінде өткен баспасөз мәслихатында департамент басшысы Ербол Қуанов аталмыш мәселеге қатысты алынған сынамалардың сараптамалық қорытындысын жариялады», делінген.
- Ағымдағы жылдың 18 қазан күні біздің департаментке Январцев ауыл тұрғындарынан Емболатовка өзенінің өндіріс қалдықтарымен ластанғаны туралы хабар келіп түскен болатын. Артынша біздегі талдау зертханасы қызметкерлерінен құрылған топ төтенше жағдай департаменті мамандарымен және ауыл тұрғынының қатысуымен аталмыш өзен суының үш жерінен және сол маңдағы ластанды деген топырақтан екі жерден сынама алды. Зерттеу нәтижесі алғашқы екі жерден алынған сынамадан фенол элементінің және мұнай өнімдерінің шекті мөлшерден асқандығын, ал үшінші сынамада қалыпты мөлшерде екендігін көрсетті. Жергілікті жердегі тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасы мамандарының алған сынамасынан да мұнай өнімдерінің бар екендігі анықталған. Оның сыртында ауыл тұрғындары судан сынама алып, «Батыс су арнасы» ЖШС мекемесі жанындағы зертханаға тапсырған. Ол зертхананың берген қорытындысында да фенол элементінің және мұнай өнімдерінің белгілі бір мөлшері анықталған. 28 қазан күні БҚМУ жанындағы химиялық талдау жасау зертханасының мамандары алған сынаманың да қорытындысы белгілі болды. Жалпы, жүргізілген барлық сараптамалардың нәтижесін қорытындылай келе Емболатовка өзенінің суы ешқандай мұнай қалдықтарымен ластанбаған деп айта аламыз. Жасалған сараптамалар ол өзенге азғантай мөлшерде болсын тұрмыстық сарқынды су төгілгендігін көрсетті. Және де аталмыш өзенге кәріз суы күні кеше ғана емес, біраз уақыт бұрын төгілген. Ендігі мақсатымыз - сол лас суды төккен заңды немесе жеке тұлғаларды анықтау. Өзен суының кәріз суымен қаншалықты ластанғандығы, кім және қашан төккендігі туралы қандай ма мәлімет болса, баспасөз мәслихатында жариялайтын боламыз. Сол маңдағы ауыл тұрғындарынан сұрай-тынымыз, кәріз суын төккен мекеме немесе жеке тұлғалар туралы қандай да бір мәлімет болса, біздің департаментке хабарлауын сұраймыз, - деді Ербол Қуанов.
Баспасөз мәслихатына қатысқан, мәселенің мән-жайын зерттеп жүрген ауыл тұрғындары Болат Бисенғалиев пен Барлық Меңдіғазиев шығарылған қорытындыға көңілдерінің толмайтындығын жеткізіп, түйткілді жайды әлі де болса тереңірек зерттеу керектігін айтты.
БҚО ТЖ департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау капитаны М.Отаровтың «Абайлаңыз! Жұқа мұз!» деген ақпараттық материалы жарық көрген.
Күзде өзен-көлдің бетін мұз жабады. Мұздың әлі дұрыс қатпағанын, жұқа екендігін ескермеген жандар қайғылы жағдайға ұшырайды. Сондықтан су айдындарында мұз жамылғысы алғаш пайда бола салысымен, жұқа мұзды коньки және шаңғы тебуге, шанамен сырғанауға сонымен қатар өткел ретінде пайдалануға болмайтындығын естен шығармаңыздар.
Мұз үстімен жүрмей тұрып, алдымен оның берік екендігіне көз жеткізу қажет. Мұздың беріктігін сүйменмен тексереді: берік мұз 2-3 соққыдан кейін ғана тесіледі. Егер мұз бір ұрғанда тесіліп, су шықса, онда дереу тоқтап, өз іздерімен кері жүру керек. Қайтар жүрісті бастағанда, аяқты мұз бетінен ажыратпай басып қозғалу керек. Барлық жағдайда жағадан мұзға түспес бұрын ұқыппен жан-жақты бағдарлап, қауіпсіз жерлерді таңдап алып, жүріс бағытын белгілеген жөн. Мұз үстімен жүргенде аса зор сақтық жасап, мұз бетінің күдікті жерлерін ұқыппен зер сала қадағалау керек. Қары қалың жерлерден сақ болу керек, өйткені оның астындағы мұз ашық жердің мұзынан жұқалау келеді. Қар басқан тегіс бетті мұз жамылғысындағы күңгірт дақтар - ол жұқа, бекімеген мұз. Ондай жерлерден аулақ жүрген дұрыс. Жиектегі мұз тым осал келеді. Тіпті мұз жамылғысы сенімді болғанның өзінде де кейде жаға жиегінде бұлақ суы жиі ағып тұрады да қауіпті жерлер пайда болады. Сондықтан ондай тұстарды аса мұқият байқаған жөн.
Коньки тебуге тек қана арнайы жабдықталған мұз айдындарында ғана рұқсат етіледі. Егер мұз айдыны су бөгеттерінде (өзен, көл, тоған) ұйымдастырылса, онда сырғанауға мұз беріктілігін мұқият тексергеннен кейін ғана рұқсат беріледі. Және де мұздың қалыңдығы 10-12 см-ден кем болмауы керек, ал жаппай көпшілік сырғанаса - 25 см. Түн ішінде, әсіресе, беймәлім жерлерде жападан-жалғыз сырғанау өте қауіпті.
Қыста мұз астынан балық аулау, мұз үстінде жүру ережелері өте-мөте қатаң сақталуы тиіс. Балық аулап жатқанда, шағын алаңда көп шұңқыр қазуға болмайды.
Әрбір шұңқырды қадалармен қоршап қою керек, өйткені бір түнде ойыққа мұз қатып, бетін қар басады да, оның қай жерде екені көрінбей қалады.
Егер сіз мұз астына құлап кетсеңіз, сасқалақтап қалмаңыз. Екі қолды дереу мұз үстіне жайып жіберу керек, сонда жоғарыда (судың бетінде) қаласыз. Көмекке шақырыңыз. Шалқадан түсіп, арқаға жатыңыз және екі қолды жайып жіберіңіз. Көлденең түсіп, аяқтың көмегімен қимылдап мұз бетіне шығыңыз, алдымен бір аяқты, одан кейін екінші аяқты судан шығарып алып, орныңыздан тұрмай домалаңыз, одан әрі, келген жағыңызға қарай еңбектей жылжыңыз.
Мұзға құлаған адамға көмек көрсеткенде, оның қасына тым жақын келуге болмайды. Оған мұзға кеудені төсеп, екі қолды, аяқты жазып жіберіп жақындау керек. Көмек беру үшін тақтай, саты, сырық, арқан, ілмекті бақан, белбеу сияқты және басқа да қолға іліккен құралдарды пайдаланған жөн. Егер ондай құрал болмаса, екі-үш адам мұз үстіне жатады да бірін-бірі сүйемелдеп, аяқтарынан ұстап, алдыңғысы ойыққа 3-5 м жетпей зардап шегушіге белбеу немесе арқан тастайды. Ол берген затты ұстай алысымен, еңбектей отырып оны берік мұзға қарай тарту керек. Қатерге ұшыраушыға көмекті тез беру керек, өйткені адам мұздай суда 20-30 минуттан кейін тоңазып, естен айырылады. Судан алып шыққан адамды дереу жылыжайға кіргізіп, тыныштандырып, ылғалды киімдерін шешеді, денесін ысқылап, құрғақ киім кигізеді де, ыстық шай немесе сусын ішкізеді.
Мұздың үстінен өтпес бұрын оның беріктігіне мұқият көз жеткізіп алған жөн. Балықшылар мұз үстінде жүру ережелерін қатаң сақтаулары тиіс. Әр қазылған ойықты қадалармен қоршап қою керек, себебі түнде бетіне мұз қатады және қар басып көрінбей қалады. Сол жерге басқа біреу түсіп кетуі мүмкін.

Мұзда жүру ережелері:
- жұқа қатпаған мұзға шығуға;
- мұздың үстінде топ болып жиналуға;
- мұз бетіндегі ойықтарға, жарылған жерлерге жақындауға болмайды;
- тік жағалаудан жұқа мұзға қарай шанамен, шаңғымен сырғанауға болмайды;
- мұз үстімен тыйым салынған жерлерден жүруге;
- қараңғыда және көру мүмкіндігі шамалы кезде мұзға шығуға болмайды.
Осы қарапайым ережелер қатаң сақталса, қауіпсіздіктің алдын алуға болады.
«Жайдарманның» жарқылы» деген ақпаратта «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы ғимаратында «Ақжайық» КТК лигасы» ЖҚБ-ның ұйымдастыруымен облыс әкімінің жүлдесіне арналған «Тәуелсіздікке 25 жыл» атты республикалық жайдарманшылар фестивалі өткені баян етілген.
Оған Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарынан 8 команда қатысты. Өнер бәйгесіндегі бас тізгінді Қазақстан КТК одағының президенті Есен Елеукен ұстады. Шараға облыс әкімдігі мен облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма қолдау білдірді.
- Орал қаласында жетінші мәрте ұйымдастырылған республикалық фестиваль ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Елбасымыз қашан да жастарға сенетінін айтып жүреді. Осындай фестиваль арқылы жайдарманшылар мемлекеттік тілді насихаттауға үлес қосса, бір жағынан, тапқыр әзілдерімен әлеуметтік мәселелерді кеңінен қозғай алады. Қазіргі кезде өңірімізде 57 жайдарман тобы құрылған. Оның қатарында жүздеген жас бар. Жалпы, біздің жастар өте өнерлі, талантты, қоғамдық шараларға белсене қатысады, спортпен тұрақты айналысады, - деді Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев фестивальдің ашылуында.
Командалар «Әуенді әзіл» айдарында өздерін таныстырған соң, «Сәлемдеме» кезеңінде ұсынған қойылымдарымен көрермен көңілінен шығуға тырысты. Өнерпаздар көбіне облыстағы жолдардың сапасын, ономастика мәселесінің реттелмей отырғанын, шенеуніктердің жауырды жаба тоқитынын, ауылдардағы ахуалды ашық та астарлай жеткізуге талпынды.
Фестиваль қорытындысында облыс әкімінің кубогы «Сағыз» (Атырау облысы, Қызылқоға ауданы) командасына бұйырды. Одан кейін қарымды әзіл-қалжыңымен «Ару.kz» тобындағы (Арқалық қаласы) бойжеткендер бәрінен басым түсті. Үшінші орынды «ҚазИИТУ» құрамасы (Орал қаласы) алды. «Фемида» командасының (Ақтөбе қаласы) мүшесі Есет Мырзағалиев «Үздік ойыншы» аталымына ие болды.
Т.Тоқмамбетовтің «Даңқты спортшыны еске алды» деген ақпаратында Орал қаласындағы Мұз айдыны спорт сарайында атақты спортшы, әлем чемпионы Асқар Шайхиевті еске алуға арналған самбо және әскери самбодан халықаралық турнир өткені мәлім етілген.
Жарыстың ашылу салтанатында бар өмірін жас ұрпақты спортқа баулуға арнаған даңқты жерлесіміз, самбо күресінен тұңғыш ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, әлем кубогының иегері, КСРО және әлем чемпионы Асқар Шайхиевтің өмірінен сыр шертетін бейнебаян көрсетілді. Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, ҚР спорттық самбо және әскери самбо федерациясының вице-президенті Марат Мұхамбетжанұлы және марқұмның жұбайы Аягөз Мәжикенқызы сөз алып, спортшыларға жүрекжарды тілегін жеткізді. Аталмыш додаға Армения, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан және еліміздің өзге қалаларынан палуандар қатысып, өз бақтарын сынады.
Екі күнге созылған жарыс қорытындысында Ерасыл Бақыт (БҚО, 48 келі), Армат Қабдолов (БҚО, 52 келі), Тоқтар Үмітәлиев (БҚО, 57 келі), Амир Жусувалиев (Ресей, 62 келі), Серікбай Неғмет (БҚО, 68 келі), Роберт Габриелян (Армения, 74 келі), Тоқтарбек Айдарбек (ОҚО, 85 келі), Ерназар Хамзин (БҚО, 90 келі), Олжас Сүлейменов (БҚО, 100 келі), Темірлан Көлбай (БҚО, +100) және әскери самбодан жерлесіміз Шыңғыс Қажиақпаров (62 келі) пен атыраулық палуан Қанағат Батыршиев (74 келі) алтыннан алқа тақты. Жалпыкомандалық есепте батысқазақстандық палуандар бірінші орынды жеңіп алды.
Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының диплом, медаль және ақшалай сыйлықтары табысталды.
Ақжайық ауданынан Б.Бекұлының «Қарауылтөбесі ұмытпайды сазгерін» деген ақпараты композитор С.Қайырғалиевке арналған.
Облыстық "Орал өңірі" газеті осыдан үш жыл бұрын әні халық аузында жүрсе де, есімі ұмытыла бастаған сазгер Сейітқали Қайырғалиев туралы мәселе көтеріп, арнайы жазған еді ("Екі жұлдызы" жарқырап қалған сазгер", авторы Ләззат Шағатай, 2013 жыл, 25 сәуір). Онда марқұмның соңында қалған шығармаларын жинақтау, есімін ел есінде қалдыру мақсатында басқа да шараларды атқару жөнінде ұсыныстар айтылған болатын. Газет көтерген мәселелер аяқсыз қалмады.
Апта басында Ақжайық ауданының Қарауылтөбе ауылында әйгілі композитор Сейітқали Қайырғалиевты еске алуға арналған шаралар өтті. Мәдениет үйіне ескерткіш тақта орнатумен басталған бұл басқосуға аудан әкімі Әділ Жоламанов қатысып, сөз сөйледі.
1966 жылы Қарауылтөбедегі клубта меңгеруші болып жұмыс жасап, келесі жылдан бастап, Алматы облысының филармониясында, 1979 жылдан бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін Қазақ теледидарында дыбыс режиссері болып қызмет атқарған С. Қайырғалиев қысқа өмірінде «Кетсең де шалғай...», «Махаббат назы», «Екі жұлдыз» секілді халқымызға сүйікті 50-ден астам ән шығарған.
Аудан әкімі Ә. Жоламанов Қарауылтөбе түлегінің қысқа ғұмырында өмірдің сұлулығын әндеріне арқау етіп, соңына бай мұра қалдыруы нағыз еңбектің, ізденістің, халқын қуантуға деген перзенттік парыздың өнегесі екенін әңгімеледі. Ол Бикамал апайға естелік сыйлықтар, аудан шежіресінен жазылған кітаптарды тарту етті.
С. Қайырғалиевтың жұбайы Бикамал апа, ағасы Сыдықов Төлеген аға, ұлы Мәлік, Ақтөбе қаласынан келген үзеңгілес інісі Қадыр Анкапов, ауылдың еңбек ардагерлері, көзкөргендер Бірлес Бисенов, Ғизат Ихсанов естеліктер айтты.
«Қанша мәрте, күз бенен көктем келді,
Қанша бастық жазира көк белдерді?
Аруақтар жебесе жол ашылар,
Еске ала жүр, ұмытпа өткендерді!».
Жүрек толқытар осындай жырлар оқылып, С. Қайырғалиевтың әндерін облыстық филармонияның әншілері Еркін Өтегенов, Жаңылсын Хасанова, Асыланбек Қуаналиев, ауданымыздың мәдениет қызметкерлері, танымал дәстүрлі әншілер Сұңғат Жанаев, Данияр Елеуов, Аружан Әділхан және басқалар орындады. Ақын Сағынтай Бисенғалиев арнауын оқыды.
Әйгілі композитордың рухына Құран бағышталып, ас берілді.
«Екі жұлдыз»
(Сейітқалиға)
Дабыра қуып, думанды көрсе дүрлігер,
Душыл боп алдық өңкей жұлдызға үздігер.
«Екі-ақ жұлдызбен» тарихта қалған тарланбоз,
Сейітқали атты ұлың болғанын кім білер?

Еркіндік алып, жолығып елім ақ таңға,
Төл тарихты қазбалап қайта жатқанда.
Ешқашан, ешкім ұмытылмау керек десеңіз,
Жарқырап, әне, «Екі жұлдыз» тұр аспанда!

Жеңісті болса, көктемге кейде татыр күз,
Арманды істің шешімін таптық ақыр біз,
Ескерткіш тақта орнатып туған ауылына,
Қайырғалиевті қайта тірілтіп жатырмыз.

Берген соң жеміс береке сыйлап қыр күзі,
Қуанып жатыр ауылдың барша ұл-қызы.
Сейітқали аты жаңғырып қайта санада,
Жоғары болсын сазгердің жарық жұлдызы!

Сағынтай Бисенғалиев,
Қазақстан Ақын-жыршылар одағының мүшесі,
«Қадыр Мырза Әлі» медалінің иегері
А.Төлеуғалидың «Ойынхана оңдырмайды» деген мақаласында өзекті мәселе қозғалған.
Көшеде ескі танысымды кезіктіріп қалдым. Ылғи жадырап жүретін Мақсұттың еңсесі төмен түсіп кетіпті. Салы суға кетіп, сары уайымға салынғаны көрініп-ақ тұр. Біраз әңгімелескен соң «Журналиссің ғой. Букмекерлік кеңселер туралы жазшы. Қанша адам сол бәлеге жіпсіз байланып қалуда. Керек десең, ол туралы бар шындықты айтып берейін» деп өтініш білдіргені. Сөзін байыппен тыңдаған соң, өзінің де осы ойыннан оңбай опық жегенін түсінгендеймін.

«Ставка»

Алғаш Астанаға оқуға түскенімде, қызылды-жасылды букмекер кеңселерін көріп, кітап дүкендері көп екен деп қуанып едім. Біреуіне кітап сұрап, бас сұққанда ғана құмархана ошағы екенін білдім. Орал көшелеріне де бұл «кеңселер» жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған екен. Қаланың біраз бұрышынан «Олимп», «Profit», «Тото», «InBet», «Зенит», «Гол+Пас», «Бомбардир», «Bet&Beer» секілді бірнеше атауларды бай-қадым. Солардың ішіндегі ең атақтысы, жұрт жиі баратыны - «Олимп». Мақсұттың да айналшықтап қалған жері осы екен.
- «Бес жыл бойы «ставка» қойдым. Ауылдан алғаш келгенде ол туралы хабарым жоқ еді. Пәтерлес досыма ілесіп, бірді-екілі бас сұғып көрдім. Футболдан Еуропа чемпионатының қызып тұрған кезі. Негізі спорттан біршама сауатым бар. Білгенімізді ақшаға айналдырсақ, күнә болмас дедік.
Бірнеше матчтың нәтижесін дөп тауып, оңай ақшаға қарық болдық. Ұтқан сайын қомағайланып, ашкөздікке ұрынады екенсің. Ұйқыны ұмытып, сағат сайын бәс тігуге көштік. Тіпті букмекер кеңселерінде қонып қалатын кездеріміз де болды. Студенттік жылдары достарыммен араласып, қыздармен қыдырып та жарытпаппын. Ата-анамның пәтерақыңа деп беретін 30-40 мың теңгесін шашау шығармай сонда апарамын. Одан айырылсам, тамыр-таныс жағалап, қарыз сұрап кетемін. Ең сорақысын айтайын, күнделікті тамағымыздан да ақша аяйтын едік. Бірнеше ай бойы ең арзан «роллтонмен» ғана жүрек жалғап жүрдік. Сенесің бе, соңғы тиындарымызға дейін «ставкаға» салып, букмекерлік кеңсені жарылқап келеміз. Өзімнің адами болмыстан ажырап, азып бара жатқанымды сезіп, енді ол әдеттен арылуға тырысып жүрмін», - деп Мақсұт ағынан жарылды.
Бір түйгеніміз, тәубеге келіп, тізгін тартатындар өте аз екен. Құмар ойынның құрдымына құлаған кісі оңайлықпен басын арашалай алмайды. Бұл сөзімізге біздің келесі кейіпкеріміздің бастан кешкен оқиғалары дәлел.

«Оңай олжа»

Ғазизбен «Олимп» букмекер кеңсесінде таныстық. Жасы отыздан сәл асқан жігіт ағасы қолындағы сырасын ұрттап қойып, өзегін өртейтін өкініші жайлы ақтарыла сөйледі. «Пәленше сұмдық ақша ұтып, көлік алыпты» дегенді естіп, менің де оңай жолмен байығым келді. Осыдан үш жыл бұрын жалақымды алып, арнайы «Профитке» келгенім әлі есімде. Көзіме бірден хоккей спорт ойынының іліккені. Қызды-қыздымен ақша тіге беріппін. Әмияным босағанда ғана бармағымды тістедім. Ақшамның желге ұшқанына ызаланып, оны кері қайтарамын деп, екі аптадан соң тағы бардым. Кейін жеке шот ашып алдым да, үйде отырып-ақ бәс тігетін болдым. Терминал арқылы шотыма ақша салып қойсам болғаны. Үйде де ешкіммен шаруам жоқ, телефонға шұқшиып отыра беремін. Осылайша қалай ойынқұмар болып кеткенімді сезбей қалдым. Жора-жолдастан, ағайын-туыстан қарыз сұрауды әдетке айналдырдым. Тіленіп жүрген адамда қандай абырой болсын?! Ешкім қарыз бермеген соң, банктің көмегіне жүгіндім. Бұған дейін несие атаулыға жолап көрмегенмін. Бағым ба, әлде сорым ба, мен барған банктің барлығы несиесін берді. Бір несиені екінші несиемен жауып, бір қарызды келесімен қайтарып, күндерім өтіп жатты. Батпаққа белшемнен батқанымды байқасам да, тоқтай алмадым. Шегінер жол жоқ болып көрінді. Бұл мінезіме әйелім де шыдай алмай, балаларды алып, төркініне кете барды. Оның мені тәуіп-балгерге сүйреп, сауықтыруға тырысқан әрекетінен түк өнбеді. Адамның өзінде ерік-жігері болмаса қиын екен. Міне, осылай жоқ байлықты аңсап, бар байлығым - отбасымнан, жолдастарымнан айырылдым», - деді Ғазиз.

Баянсыз іс

Медицина тілінде ойынқұмарлықты «лудомания» деп атайды екен. Лудомандардың өздерінің ауруға шалдыққандығын мойындамайтындығы - аксиома. Жаныма Мақсұтты ертіп алып, атышулы кеңсеге бардық. Биік үстел маңына үймелеген он шақты жігіт экрандағы ойынға телміре қарап, сілтідей тына қалған. Сәлден соң-ақ олар кеңсені басына көтере айқай салды. Мақсұт екеуміз соларға қарай жылжыдық.
- Сал голды, теп!
- Қане, чегіңді көрейінші, қай командаға қойдың?
- Бітті, қадалдың!
Бұл - өздеріне ғана тән «жаргондар». Біз де футболдың қызған тұсында келіппіз. Көз алдымызда он мың теңгесінен айырылған жігіт ашуын кімнен аларын білмегендей ызаланып, былапыт сөздерді үсті-үстіне жаудырғаны. Кассир қыздың да лас сөздерді ести-ести еті өліп кетсе керек, селт етер емес. Айтпақшы, Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» заңына сәйкес, кеңсе қызметкерлері бәс тігушінің жеке куәлігін тексеруі керек. Аталған заңның 15бабында көрсетілгендей, 21 жасқа толмағандардан «ставка» қабылданбайды. Алайда ешкім бізден құжат талап еткен жоқ. Жасымызды қайтсін, кеңселеріне кіріс келгеніне мәз. Айналамды асықпай шолып отырмын. Ойыншыларға барлық жағдай жасалыпты. Қарның ашса, бұрыштағы автоматтан тамақ алып, ауқаттануға да болады. Мына тұста дәретхана да бар. Тіпті мызғып алуға ыңғайлы жұмсақ жиһаздар да қойылыпты. Қабырға сағаты еш жерге ілінбеген, бұл клиенттердің ойыннан басқа ештеңеге алаңдамай, ес-түссіз күйге түсуі үшін жасалған айла-амал болса керек. Еңсені басқан қара түнек те сананы тұмшалап, тек құмарлыққа жетелейтін тәрізді. Онсыз да тымырсық бөлменің ішінде әлдекімдер темекісін будақтатып, терең ойға берілген. Бір нүктеге мәнсіз қадалған көздерден бірдеңені ұғу қиын.
Қою түтінге шашалып, далаға шығып кеттім. Ессіздердің мекеніне айналған жерден алыстағанша асықтым.
«Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса аптасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал! Сол есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен. Не білімге, не ақыретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» - депті Абай құмарлық жөнінде айтқан он бесінші қара сөзінде...

P.S. Орал қаласы мемлекеттік кірістер басқармасының мәлімдеуінше, 2011 жылдан биылғы жылдың қыркүйек айына дейін букмекер кеңселерінен ел бюджетіне 2,3 млрд. теңге салық түскен. Көрсеткіш жыл сайын еселеп өсуде. Мәселен, 2011 жылы мемлекет пайдасына 8 млн. 583 мың 300 теңге салық салынса, 2015 жылы 82 млн. 930 мың 486 теңге өндіріліпті. Зерттеп көрдік, бәрі де заңды. Бар мәселе өзімізде болып тұр...
«Үздік теннисші - Оралда» деген Н.Текебаевтың ақпаратында Қазақстанның бірінші, әлемнің 33-ші ракеткасы Ярослава Шведованы облыс әкімі Алтай Көлгіновтің қабылдағаны айтылған. Өңір басшысы спортшының мығым жігері мен табандылығына жоғары баға берді.
Елбасымыз барлық өңірде спортты дамытуға қажетті жағдай жасау қажеттігін айтады. Сіздің спорт саласында қол жеткізген табыстарыңыз - облысымыздың жас теннисшілері үшін зор үлгі. Өңірде бұл спорт түрін дамытуға басым көңіл бөлінуде. Орал қаласында, әсіресе, жаңа теннис орталығының ашылуы тың серпіліс әкелді. Елдің даңқын асқақтатар болашақ жеңімпаздарды тәрбиелеуге ерекше күш-жігер жұмсалуда, - деді Алтай Көлгінов.
Ярослава Шведова өз кезегінде спортты дамытудың, әсіресе, жастарға көңіл бөліп, олардың бойындағы ерен қабілетін ашуға ықпал етудің маңызы зор екенін айтты. Даңқты теннисші облыс басшысына жеңіс жолдарында жансерігі болған сүйікті ракеткасының бірін сыйға тартты. Оралға алғаш келген спортшының теннис орталығында жасөспірім теннисшілер үшін шеберлік сағатын өткізгені мәлім. Ол өңір жетекшісіне шара барысынан алған әсерімен бөлісті.
Кортта тынымсыз тер төгіп, талай додада табысты өнер көрсетіп, биыл дүниежүзілік рейтингте 33-інші орынға көтерілген спортшы енді Токио олимпиадасына дайындалмақ.

Ғ.Бәйменнің «Ярослава Шведова: «Токиода өнер көрсеткім келеді» деген ақпаратында Оралдағы теннис орталығында Қазақстанның бірінші, әлемнің 33-інші ракеткасы Ярослава Шведованың балғын теннисшілермен шеберлік дәрісін өткізгені баян етілген.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тимур Шаяхметовтің атап өткеніндей, балалардың шеберлігін шыңдау үшін мұндай кездесулерді ұйымдастырудың маңызы зор.
Я. Шведова сондай-ақ отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілерімен кездесіп, ракеткаларды тарту етті.
«Бұл - менің Оралға алғашқы рет келуім. Мен де бала кезімде екі мәрте осындай шеберлік дәрісіне қатысқаным бар, сол сәттер кейін жадымда жатталып қалды. Сондықтан білгеніңді кейінгі буынға үйретудің еш артықтығы жоқ. Содан олар керемет әсер алады, биіктерге талпына түседі. Қазір Қазақстанда теннистің дамуына барынша жағдай жасалуда. Теннис орталықтарына бізді жиі шақырады. Қазақстан теннис федерациясының қолдауымен мүмкіндігіне қарай уақыт тауып баруға тырысамын. Мысалы, осыдан кейін Ақтөбеге жол түспекші. Өзім туралы айтсам, биыл жекелей сында екінші жартыжылдықта сәтті өнер көрсеттім деп айта аламын. Соның нәтижесінде рейтингім жоғарылап, Қазақстанның бірінші ракеткасы атандым. Қазір демалыста жүрмін. Көп ұзамай алдағы жылға дайындықты бастаймын. Қаңтар айында-ақ ірі халықаралық турнирлердің өтетіні белгілі. Сондай-ақ бұған дейін Лондон мен Рио олимпиадаларына қатыссам, енді Токиода да өнер көрсетсем деймін. Оның бер жағында Дэвис кубогы үшін Қазақстан намысын қорғай бермекпін. Келесі жылдың ақпан айында Азия-Тынық мұхит елдері теннисшілері арасында Астанада осындай турнир өтеді», - деді газет тілшісіне Ярослава Шведова.
Айта кетейік, Ярослава Шведова, әсіресе, жұптық сында үлкен табыстарға қол жеткізген теннисші, ол - 2010 жылғы US Open және Уимблдон турнирінің жеңімпазы, 2014 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері.
Я. Шведова барлығы 14 WTA турнирін ұтса, соның 13-інде жұптық, біреуінде жекелей сында жеңіске жеткен. Биыл ол Уимблдон турнирінде жекелей сында табысты өнер көрсетіп, ширек финалға дейін жетті.
Н.Алтайұлы «Діни ахуалға сүлесоқ қарамайық» деген мақаласында өзекті мәселені көтерген.
Жақында облыстық қазақ драма театрында дін мәселесі бойынша республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы облыс активімен кездесті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов төрағалық етті. Шарада жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, ақпараттық-түсіндіру топтары және үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері болды.
Қазірде лаңкестік қаупі барша әлемді алаңдатуда. Сыртқы күштердің ықпалымен Қазақстан Республикасында іштен іріткі салуға тырысатын топтар баршылық. Қоғам үшін көкейкесті мәселеге байланысты жайттардың түпкі себебін теолог-мамандар ашып айтпақ, - деді Марат Лұқпанұлы.
РАТТ мүшелері Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдар аралығына жоспарланған мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылған шаралар, зайырлы-лық ұстанымы және қазіргі діни ахуал жөнінде әңгімелеп, деструктивті діни ағымдардың алдын алу бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті.
- Ақтөбеде болған оқиғадан кейін қаладағы дәстүрлі емес діни бағытты ұстанатын 800, атышулы қанды оқиғаға қатысы бар деп күдікке алынған 89 азаматпен сарапшылар сөйлесті. Ресми дерек бойынша сәләфилік ағымда жүргендердің саны 16 мыңға жуық деп жүрміз. Зерттеу нәтижесінде Ақтөбе облысының өзінде 4-5 мыңдай тұрғын сәләфилік бағытты ұстанатынын анықтадық. Экстремистік және радикалды ағым жетегінде жүргендердің 85 пайызының арнайы діни білімі жоқ. Менің ойымша, жаппай жат ағымға арбалудың негізгі себебі мыналар: біріншіден, тұрғындардың діни сауаттылығының төмен болуынан, екіншіден, әлеуметтік желі арқылы таралатын үгіт-насихат ықпалында кетуінен. Құқық қорғау органдары әлеуметтік желіде парақша ашып, уағыз жүргізіп, қауіпті материал таратып отырғандардың бәрін бақылауға алды. Яғни осындай әрекетке барғаным үшін ешқандай жауапкершілікке тартылмаймын деп ойлайтындар қатты қателеседі. Кейбірі білмей таратқанын айтып, ақталып жатады. Ал заң алдында бәрібір жауап беруге тура келеді. Қоғам мүшелерінің біріне-бірі осындайда ерте ескерту жасамай, ертең өз басына күн тумайтындай көрініп, діни ахуалға сүлесоқ қарайтыны ойлантады.
Дәстүрлі емес діни ағымда жүргендер көбіне оқшауланып, жеке кәсіппен айналысады. Және біріне-бірі көмектесіп жатады. Өкінішке орай, оларды ешкім бақылап жатқан жоқ. Мәселен, пайдаланылған ұялы телефон сатқанда, өздерінің үгіт-насихат жазбасын орнатып қояды. Сондықтан қырағы болу қажет. Сондай-ақ жат ағымдардың шырмауындағы әйелдердің өте сауатты, жоғары білімді екенін ескеруіміз керек. Осының әсерінен Сирия асып жатқандар баршылық. Қазіргі қоғамға зор пайда әкелетін өте білікті адамдар жат мүдде үшін қызмет етуде. Оларды дұрыс бағытқа салуға жұмыстану өте маңызды.
Радикалды әрекетке барғандары үшін сотталғандармен түрмеде жүргізілетін профилактикалық шаралардың біржақты жүргізіліп жатқаны да алаңдатады. Дінге қатысты уағыз - өте нәзік дүние. Әр имам өз көзқарасына сай түсіндірсе, теологтар басқа қырынан түйіндейді. Сондықтан түзету мекемесінде оңалту жұмыстарымен шұғылданатын білікті мамандар үшін бір жүйеге келтірілген оқу-әдістемелік құралдар жасақтауға ұсыныстар қабылдаудамыз. Қазір Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен мешіт имамдарына қатысты теріс әңгімелерді деструктивті ағымдар пайдасына жаратуда. Олар тура жолдағы білікті діни мамандарға сенімсіздік тудырып, «шейх-көсемдерінің» артынан еруді үгіттеуде. Сондықтан имамдардың беделін көтеруіміз керек. Діни әдебиеттер жергілікті атқарушы органдар белгілеген орындарға ғана сатылады, - деді теология ғылымдарының докторы Балғабек Мырзаев.
Республикалық дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығының христиандықты және дәстүрлі емес діни ағымдарды зерттеу бөлімінің басшысы Галина Новикова деструктивті ұйымдар гипноз, трансқа түсіру, психотропты заттарды қолдану арқылы адамдарды көбірек тартатынын жеткізді. Олар, әсіресе, психологиялық күйзеліске түскен жандарды «қамқорлауға» үйір. Алғашында жылы жүзбен сөйлесіп, өздерінің жиындарына, тренинг, қайырымдылық шараларына қатысуға шақырады.
Әбден сенімге кіргенше, достық пейіл танытып, ұйытып әкетеді. Екі-үш айдан кейін қаржылай көмектесуді талап ете бастайды. «Бұрын деструктивті ұйымдар, мәселен, «Пятидесятники» діни бірлестігі бұрын орта дәулетті адамдарды таратса, қазіргі кезде қатарларын толықтыру үшін ешқандай ерекшелігіне қарамайды. Шетелдік миссионерлердің пиғылынан аса сақ болу керек. Мәселен, Оңтүстік Корея халқы 1947 жылға дейін толығымен буддизм дінін ұстанғаны белгілі. АҚШ жаулап алғаннан кейін тұрғындарының 60 пайыздан астамы христиандықтың протестанттық бағытын ұстанып кетті», - деді Галина Новикова.
Басқа да теолог-мамандар сөйлегеннен кейін жиынға қатысқандар ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Мәселен, Сырым аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерболат Исанов баласына екпе жасатудан бас тартқандармен түсіндірме жұмыстарын жүргізген-де профилактикалық шаралардың маңызын дәрігерлердің ашып айт-қаны маңызды екенін жеткізді.
Газеттің 5 қараша күнгі санында Г.Әжігерееваның «Қос мерейтой салтанаты» деген ақпаратында Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның залында Орал электр желілері басқармасы Батыс Қазақстан энерго аудандық басқармасының «шаңырақ көтергеніне» 50 жыл, «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ-ның құрылғанына 20 жыл толуына арналған салтанатты шара өткені айтылған. Оған облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.
- «Елу жылда ел жаңа» демекші, осы жартығасырлық уақытта энергетиктердің елге қандай қызмет атқарғаны бейнефильмнен көрсетілді. Осы мерейтой ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Сіздердің жұмыстарыңыз - еңбекті талап ететін, біліктілікті қажет ететін мамандық. Әрбір үйдің шамшырағын өшірмеу үшін сіздер күндіз-түні еңбек етесіздер. Ауа райы әрқашан сынап отырады, 2-3 күн бұрын бірінші сынақтан өттіңіздер, қар жауып, бірқатар үйлер жарықсыз қалды, бірақ сіздердің еңбектеріңіздің арқасында соның барлығы қалпына келтірілді. Бүгінгі мереке - баршамызға ортақ мереке. Тәуелсіздік жылдары өңірде көптеген шаруа атқарылды. Соның ішінде энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткіздік. Алты жыл бұрын 54 МВт-тық газтурбиналы электр станса іске қосылса, өткен жылы жұмысын бастаған қуаты 100 МВт-тық электр стансасы бүгінгі таңда 33 МВт электр қуатын өндіріп, өңірімізді және көрші өңірлерді электр қуатымен қамтуда. Бұл да - үлкен жетістік. Өңірімізде трансформатор шығаратын зауыт іске қосылып, өнімдері экспортқа шығарылуда. Осының барлығы Елбасымыздың индустрияландыру бағдарламасының аясында жасалған нәтижелі жұмыстар, - деген облыс басшысы Алтай Көлгінов өңірдегі энергетика саласы қызметкерлерін қос мерейтоймен құттықтап, мерекелік лебізін білдірді. Сонымен қатар өңір басшысы бір топ сала қызметкеріне алғысхаттар тапсырды.
«БҚЭЖТК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Яхия Чудров залдағы әріптестерін мерейтоймен құттықтады. Сонымен қатар Яхия Киндашұлы облыс әкімі, «Батыс Қазақстан ЭЖТК» АҚ-ның (2001 жылдан бастап бұл компания облыс әкімінің басқаруында) басқарушысы Алтай Көлгіновке «Батыс Қазақстан ЭЖТК» АҚ-ның құрметті энергетигі» төсбелгісі мен куәлігін салтанатты түрде табыс етті. Осындай төсбелгі БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары, «БҚЭЖТК» АҚ-ның директорлар кеңесінің мүшесі Бәтес Есмағұловаға, аталмыш компанияның ардагерлер кеңесінің төрағасы Виктор Графкинге, осы компанияның қалалық филиалының директоры Сергей Доляға табысталды. Сондай-ақ бір топ энергетиктерге «Құрметті энергетик. Қазақстан электр энергетикалық ассоциациясы» атағы берілгені жөнінде куәліктер берілді.
Мерейтой иелерін Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев құттықтап, бір топ қызметкерге қала әкімінің алғысхаттарын тапсырды. Жиынға арнайы келген энергетиктердің салалық кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары Нұркен Рүстем сала қызметкерлерін мерекемен құттықтап, біраз энергетикке Қазақстан энергетиктері салалық кәсіподағының «Алғыс белгісі» төсбелгілерін және Құрмет грамоталарын салтанатты түрде табыстады.
Салтанатты шара соңы облыстық филармония ұжымы дайындаған мерекелік концертке ұласты.
«Жаңа тағайындаулар» деген ақпаратта Амангелді Кинешпайұлы Қаленовтің Батыс Қазақстан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы болып тағайындалғаны сөз болған.
Полковник Амангелді Қаленов 1972 жылы туған, білімі жоғары, Қазақ мемлекеттік техникалық университетін металдарды күшпен жөндеу технологиясы және машиналар мамандығы бойынша бітірген.
06.1995-10.1995 жылдары Семей қаласындағы №54770 әскери бөлімінің инженерлік-жол взводында командир болды.
1995-1997 жылдар аралығында Семей қаласындағы №54770 әскери бөлімінің инженерлік-жол ротасының командирі болып қызмет атқарды.
1998-2000 жылдары Павлодар қаласында әскери комиссариатта қызметтер атқарды.
2000-2003 жылдары Павлодар облысы әскери комиссариатының жұмылдыру есебі бойынша 1-бөлім бастығының аға көмекшісі болды.
2003-2008 жылдары Павлодар облысы Павлодар қалалық басқармасы аумақтық қорғаныс және жұмылдыру даярлығы бөлімінде қызметкер, кейіннен басқарма бастығының орынбасары.
2008-2009 жылдарда Павлодар облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің жұмылдыру басқармасы аумақтық қорғаныс және жұмылдыру даярлығы бөлімінің бастығы болды.
2009-2012 жылдар аралығында Павлодар облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бірінші орынбасары - жұмылдыру басқармасының бастығы қызметін атқарды.
2012-2016 жылдары Павлодар облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы болды.
***
Мақсат Аманқұлұлы Қожабаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бұйрығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы болып тағайындалды.
Мақсат Қожабаев 1974 жылы туған, білімі жоғары, Е. А. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттк университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген.
1997-2008 жылдарда ол прокуратураның басшылық лауазымдарында болды.
2008-2009 жылдарда Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары, 2009-2011 жылдары Алматы қаласы прокурорының орынбасары, 2011-2012 жылдарда Шығыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары болды.
2012-2014 жылдар аралығында Қызылорда облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментін (қаржы полициясы) басқарды.
2014-2016 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы болып қызмет атқарды.

***
Ербол Бисенұлы Қуанов Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті Батыс Қазақстан облысы бойынша экология департаментінің басшысы болып тағайындалды.
Ербол Қуанов 1981 жылы туған, білімі жоғары, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін және Атырау мұнай және газ институтын заңгер, мұнай-газ ісі мамандықтары бойынша бітірген. Ол 2002-2003 жылдары аралығында Атырау қаласы әкімі аппаратында бас маман-заңгер лауазымында істеді.
2003-2009 жылдары Атырау облыстық аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасында бас маман, бөлім басшысы, 2009-2012 жылдарда Атырау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы болды.
2012-2016 жылдар аралығында Атырау облысы бойынша экология департаментінің басшысы болып қызмет атқарды.
БҚО ІІД баспасөз қызметі «Телефон ұрлығы тыйылмай тұр» деп хабарлаған.
Қазіргі уақытта қылмыскерлер үшін ұялы телефон өте оңай олжа болып тұр. Бағалы телефондармен қатар, олардың қарапайым түрлері де қолды болуда.
Сондай оқиғалардың бірі қаламыздағы «Пугачевское» кафесінде орын алды. Белгісіз біреу киім тапсыратын бөлмеде 1989 жылы туған азаматшаның пальтосының қалтасынан «Самсунг Галакси ТАБ-3» маркалы ұялы телефонын қолды қылған. Жедел іздестіру шаралары барысында 1984 жылы туған қала тұрғыны анықталып, ұсталды. Ұрланған зат тәркіленді.
Тасқала ауданындағы «Найла» дүкенінде 1976 жылы туған азаматшаның «LG» маркалы ұялы телефонын ұрлап кеткен. Бұл іске қатысы бар 2000 жылғы студент ұсталды. Тәртіп сақшылары аталған фактілер бойынша ҚР ҚК-ның 188-бабына (ұрлық) сәйкес қылмыстық істер қозғады. Мұндай жағдайлар көбіне телефон иесінің ұқыпсыздығы салдарынан орын алады.
Ұялы телефон ұрлығы - қылмыстың ең көп таралған түрі. Өкінішке орай, ұялы телефон ұрланса, оны кері қайтарып алу да оңай шаруа емес. Ұялы телефонның ұрлануына жол бермеу үшін мынадай қарапайым ережелерді еске сақтаған жөн:
- Телефонды мүлдем танымайтын және дұрыс танымайтын адамдарға беруге болмайды.
- Көшеде жүргенде, әсіресе, түнгі уақытта телефоныңыз шырыл-даса, бұл айналаңыздағы адамдардың және қылмыскердің назарын бірден аударады. Сондықтан телефонды вибрация режиміне қойғаныңыз абзал.
- Қоғамдық көліктерде және басқа да халық көп жиналатын жерлерде ұялы телефонды белдігіңізге немесе оған арнайы бау тағып, мойныңызға іліп жүру қажет, болмаса қолыңызға ұстаңыз немесе киіміңіздің ішкі жан қалтасына салғаныңыз жөн.
- Кафе-барларда немесе би кешінде жүргенде, телефоныңызды үстелдің немесе бағандардың үстіне қоймау керек.
Затыңыздың жоғалғанын сезген сәтте дереу полицияға хабарлау керек. Бұл қылмыстың ізін суытпай ашуға септігін тигізеді.
Г.Жолдығали «Алтын жүректің» иесі» деген материалында Алматы қаласындағы Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында өткен «Алтын жүрек» сыйлығының 10-шы мерейтойлы салтанатты марапаттау рәсімінде Рада Хайрушеваның «Ата-анасыз қалған балаларға көрсеткен көмегі үшін» аталымы бойынша «Алтын жүрек» иегері атанғанын хабарлаған.
2007 жылдан бері «Бауыржан» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен қолға алынған бұл жоба еліміздің барлық аймағын қамтиды.
- Бұл - біздің ортақ жеңісіміз. Жетімдердің басынан сипап, қайырымдылық жасап жүргелі мен қаламызда мейірімді адамдардың өте көп екенін сезіндім. Ал «Алтын жүрек» иегері атану бізді тек алға жетелейді. Мен Алматыдан өте жақсы әсермен оралдым. Марапаттау рәсімі өте жоғары деңгейде өтті. Залда ине шаншар орын болған жоқ. Еліміздің танымал жұлдыздары өнер көрсетті. Мен «Алтын жүрек» сыйлығын өзіміздің жерлесіміз, белгілі продюсер Баян Мақсатқызының қолынан алдым.
Бұл шарада жеңген де, жеңілген де жоқ. Өйткені айналасын мейірімге бөлеп жүрген жандардың бәрі - алтын жүректі жандар. Біз алдағы күндері жетімдер үйі, мүгедектер үйі, қарттар үйі болмаса екен деп армандаймыз. Осындай игілікті, қайырымды істер жалғаса берсе, ол күннің де алыс емес екеніне сенеміз. Ең бастысы, сәбилерімізде бақытты, мұңсыз балалық болса екен. «Бірлік болмай, тірлік болмайды» демекші, біз біріксек, еліміздің әлеуеті артып, балаларымыздың бақытты болуы үшін бәрін жасай аламыз, - дейді Рада Хайрушева.
Қайырымдылықпен 2012 жылдан бері айналысып жүрген Рада өзінің қайырымдылық ісін перзентханадағы жағдайы нашар ата-аналарға киім-кешек жинап беруден бастады. Кейіннен мейірімді жандардың бірігуімен «Көмек қолын созу» атты топ құрды. Сол уақыттан бері олар ата-анасыз қалған балаларға қуаныш сыйлау үшін бағытталған 250-ге тарта әр түрлі шаралар өткізді.
- Қазіргі күнде әр саладан жиналған мейірімді жандардың қолдауымен біз табысы аз жанұялардың балаларына көмек беру мақсатында ағылшын тілінен дәріс беретін тегін курс аштық. Ағылшын тілінің мұғалімдері Ирина Шакурова мен шотландық Кенни Скеа балаларды тегін оқытуды бастап кетті. Ал осы игі іске жастар ресурстық орталығы өз ғимаратынан балаларды тегін оқытатын бөлме тауып берді. Сондай-ақ балалардың жолақысын төлеп отырған Руслан Ихсанов пен тәтті тағамдар мен шайды қамтамасыз етіп жүрген Динара Боранғалиева, Евгения Гулицкаяға айтар алғысым шексіз.
Сонымен қатар көп балалы ананы сән саласында маман болуға оқытудамыз. Табысы аз отбасының бір қызын жұмысқа орналастырдық. Алда жоспарларымыз өте көп, - дейді «Алтын жүрек» иегері.
Жәнібек ауданынан Н.Жапақовтың «Жігерлі жан көлік жөндемек» деген хабарында жергілікті кәсіпкер жөнінде баяндаған.
Жәнібек ауданының тұрғындары күні кешеге дейін Нұрлыбек Әбдіғалиевтің той-томалақтарда фотоаппарат пен бейнекамерасын тастамай, табыс тапқанын жақсы біледі. Бұл күнде жасы қырықтан сәл асқан жігіт 2002-2007 жылдар аралығында ҚазИИТУ-дың экономика факультетінде білім алып, бухгалтер мамандығын меңгерген екен. Биыл аудандық жұмыспен қамту орталығына жолығып, «Жұмыспен қамту - 2020 жол картасы» бағдарламасының екінші бағытына қатыспаққа бел буады.
Бағдарлама бойынша 1 миллион 600 мың теңге несиеге қол жеткіздім. Әрине, қаржыны алмас бұрын оны қандай кәсіпке жұмсайтынымды өлшеп-пішіп, ой елегінен өткіздім. Яғни тұрмыстық техникаларды жөндеу және көліктердің электржүйесін диагностикадан өткізу жұмыстарымен шұғылдануға бел будым. Қазір несие қолыма тиді. Енді шетелдік жеңіл көліктерді компьютер арқылы диагностикадан өткізіп, жөндеуді бастамақпын, - дейді Нұрлыбек.
Бүгінде ол бұл мақсатын жүзеге асыру үшін көліктерді қысы-жазы жөндеуден өткізетін орынжай салуда. Ғимарат құрылысы аяқтала келген. Компьютер және диагностикаға қажетті арнайы бағдарламалар мен көлікті жөндеуге қажетті құрал-жабдықтарды алған несиесіне саудалаған. Нұрлыбектің сөзінше, ауданда тұңғыш рет қолға алынған бастама болғандықтан шығар, әзірге клиент аздау көрінеді. Алайда үшінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан бола тұрса да, бастаған ісін аяғына дейін жеткізуге тырысатын ол бұл тың жұмыстарының жүзеге асатынына бек сенімді.

Тасқала ауданынан М.Әжіғалиев «Жаңа жоба таныстырылғанын» хабардар еткен.
Аудандық мәдени-демалыс орталығында жеке қосалқы шаруашылықтар мен ауыл шаруашылығы кооперативтерін қолдау үшін жаңа несиелік бағдарламаны түсіндіру мақсатында семинар-кеңес өтті.
Семинарға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары С. Нұрмағамбетов, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ БҚО филиалы директорының орынбасары Н. Жұмағалиев, аудан әкімі С. Әлиев, ауылдық округ әкімдері, бөлімдер мен мекемелер басшылары және кәсіпкерлер қатысты. Алдымен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Серік Нұрмағамбетов сөз сөйлеп, жеке қосалқы шаруашылықтар мен ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру туралы толық мағлұмат берді. - Жобаның шарты бойынша ауыл шаруашылығы кооперативін құру үшін оның құрамында 20-дан астам жеке кәсіпкер міндетті түрде болу керек. Ірі қара малды бордақылау үшін мемлекет әрбір кооператив мүшесіне 4 миллион теңгеге дейін 6 пайыздық мөлшерлемемен қаржылай несие береді. Сонымен қатар үкімет тарапынан сатып алынған мал басына және оны бордақылап, арнайы ет қабылдайтын пункттерге тапсыру кезінде субсидия беріледі. Бұл жоба әлі бекітілген жоқ. Бүгінгі кездесудің мақсаты - жобаның тиімділігі мен кемшіліктерін республикалық деңгейде қаралатын отырысқа жеткізу, - деді ол. Ал «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ БҚО филиалы директорының орынбасары Нұрбол Жұмағалиев несиені алу мен оны қайтару мерзімдері және кепілдік туралы ақпарат берді.

Зеленов ауданынан Г.Аязбаева «Жүрегіңнің жылуымен бөліс» деген ақпаратымен бөліскен.
Зеленов ауданы Дариян ауылында қайырымдылық айы аясында «Жүрегіңнің жылуымен бөліс» атты шара өтті. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған шараны ауыл әкімшілігі мен мәдениет үйі қызметкерлері ұйымдастырды.
Аталмыш шарада сөз алған ауыл әкімі Болат Ерболатов көңілдерін шер, қабақтарын мұң басқан жандардың әр адамның қайырымдылығы мен алақандарының жылуын асыға күтетінін айтып, оларды қоғамнан шет қалдыруға мүлдем болмайтынын айтты.
ҚР Президенті Н. Назарбаев өзінің Жолдауында «Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін Қазақстан еш кедергісіз аймақ болуы тиіс» деген болатын. Осыған орай, біз ауылымызда өмір сүріп жатқан мүмкіндігі шектеулі адамдарға ерекше қамқорлықпен қарауымыз керек. Олар қоғамның қамқорлығы мен мейірімін сезінуі тиіс. Олар да басқалар секілді өздерінің қалаған жұмысымен айналысып, қоғамға және өздеріне пайдалы іс жасауға құқылы. Біз сіздермен келешекте де болашағымыздың жарқын болатынына сенімдіміз, - деді ауыл әкімі өз сөзінде.
Бұдан соң концерттік бағдарлама басталып, мәдениет үйінің директоры Нұржан Тасболатов жиналғандарға арнап «Ақжайық ару мекенім» әнін шырқады. Сондай-ақ қазақ мектебінің бір топ оқушысы ән айтып, би биледі. Шара барысында қоғам өміріне белсене араласып, сан түрлі салада үздік нәтиже көрсетіп жүрген мүмкіндігі шектеулі жандарды ынталандыру мақсатында оларға қол жеткізген жетістіктері үшін сыйлықтар табыс етілді.

Тілші С.Әбілхалықов «Сыбайластыққа барғандар 73, 8 млн. теңге айыппұл төледі» деген мақала жазған.
Құқық қорғау органдары жыл басынан бері 74 сыбайлас жемқорлық қылмыстарды тіркеді. Оның 87%-ы өндіріспен аяқталып, 96%-ы сотқа жолданды. Прокурорлар жеті сыбайлас жемқорлық қылмысты есепке қойып, алтауын сотқа жолдаған.
Бұл туралы облыстық прокуратурада өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Облыстық прокуратураның қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысының заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы Азамат Сәтбаевтың сөзіне қарағанда, ҚР ҚПК-нің 128-бабы бойынша сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін ағымдағы жылы 31 лауазымды тұлға (оның ішінде алтауы әйел адам) ұсталды. Олардың үшеуіне қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды, ал 25 тұлғаға кепіл түріндегі шара қолданылған. Жауапкершілікке тартылғандарды негізінен ішкі істер, қылмыстық-атқару жүйесі органдарының қызметкерлері құрайды. Мысалы, Орал қалалық сотының биылғы жылдың 4 сәуіріндегі үкімімен ҚАЖД Орал қаласы бойынша пробация қызметі бөлімінің бастығы И. Нағметов 25 мың теңге пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, ол 1 250 000 теңге мөлшерінде айыппұл төлеу жазасына тартылды.
Облыс прокуратурасының қылмыстық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын қадағалау және мемлекет мүддесіне өкілдік ету басқармасы бастығының міндетін атқарушы Айгүл Молдағалиева жыл басынан бері соттарда сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша 30 тұлғаға қатысты 26 қылмыстық іс қаралғанын айтты. Жалпы алғанда, құқық қорғау және бақылау органдарының қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша істер негізінен пара алудан көрініс тапты.
- Елімізде өткен жылы Қылмыстық кодекс қабылданғаны белгілі. Соған сәйкес сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін заңнамамен белгіленген айлық есептік көрсеткіш және құқықбұзушылық орын алған кезде қолданыстағы заңнама бойынша айыппұл тағайындалатын болды. Экономикалық тұрғыдан алғанда, мұндай шара мемлекет үшін тиімді, бюджет толтырылып отырады, сотталушыны бас бостандығынан айыру орнында ұстау үшін шығын шықпайды, яғни «түрме тұрғындары» санының артуына жол берілмейді. Қазір пара алғаны үшін (ҚР ҚК 366-бабы) сотталушыға сол пара мөлшерінің 50-ден 80-ге дейінгі аралығында еселенген айыппұл салынады немесе жазаның басқа да түріне тартылады. Бұл санкция осындай келеңсіз әрекеттерден бас таруға оң әсерін берері сөзсіз. Биылғы 9 айда сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін 21 сотталушыға айыппұл тағайындалды, жазалау шарасына байланысты 73 871 500 теңге мемлекет қазынасына түсті. Жалпы алғанда, облыстық прокуратура мүдделі органдармен бірлесіп жүргізіп отырған жұмыстарының нәтижесінде сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша айыппұл төлеуде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуде, - деді облыстық прокуратураның соттарда азаматтық істер бойынша мемлекет мүддесіне өкілдік ету және сот актілерінің заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы Нұрлыбек Жұбанов.

А.Өтебәлі «Үш адам жұмыс тапты» деген ақпаратында «Нұр Отан» партиясы облыстық бөлімшесі өңірдегі жұмыссыздықты азайту мақсатында халықты жұмыспен қамту мәселесі бойынша қоғамдық қабылдау ұйымдастырғанын баян еткен. Бұған облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы мен қалалық жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері қатысты.
Шара барысында мамандарға алдын ала тіркелген алты адам келіп, жұмысқа орналастыру жөнінде көмек сұрады. Солардың бірі - Талғат Ханатов. М. Өтемісов атындағы БҚМУ-ды бухгалтер-аудит мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітірген Талғаттың бір жарым жылдық жұмыс тәжірибесі бар. Ол қаладағы бір құрылыс компаниясында келісімшарт негізінде мамандығы бойынша жұмыс істеген. Қазіргі уақытта жұмыссыз жүр. Өздігінен жұмыс іздегенімен, тәжірибесі болмағандықтан, мекемелер мен кәсіпорындар оны жұмысқа алмаған. Талғаттың жағдайына түсіністікпен қараған қалалық жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері оған әлеуметтік бағыттағы жұмыс орны ретінде есепшілік қызметті ұсынды. Сөйтіп, Талғат түс қайта құжаттарын алып, Орал қалалық жұмыспен қамту орталығына баратын болды. Егер Талғат Ханатов осы айтылған жұмысқа қабылданатын болса, оның жалақысы 60 000 теңге шамасында болмақ. Еңбекақының 30 пайызын мемлекет, ал 65 пайызын жұмыс беруші төлемек.
Қабылдауға бұдан кейін кірген Гүлназ Еспентаева жұмыспен қамту саласының басшыларынан шағын несие алу жөнінде көмек сұрады. Бөкей ордасы ауданының Бөрлі ауылында тұратын Гүлназдың өзі де, күйеуі де жұмыссыз көрінеді. Балаларының алды студент, бұл отбасында балаларға төленетін әлеуметтік көмектен басқа кіріс жоқ. Азын-аулақ малын несие қарызын өтеу үшін сатып жібергендерін айтқан Гүлназ қазіргі уақытта өмір сүрудің тым қиындап кеткенін көзіне жас ала отырып жеткізді. Жұмыссыз әрі малсыз қалған жанұя қиындық-тан шығу үшін енді шағын несие алып, жеке кәсібін ашқысы келеді. Бұл ойын жергілікті басшылардың қолдамай отырғанын айтқан әйел енді амалының жоқтығынан облыстық деңгейдегі бүгінгі қабылдауға келуге мәжбүр болған. Гүлназ Еспентаеваның өтінішін мұқият тыңдаған облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Жанат Асантаев оның көзінше «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық бөлімшесінің басшысына қоңырау шалып, Гүлназды шағын несие жөнінде сол кісілерден кеңес алуға жолдады.
Ал жоғары оқу орнын психолог мамандығы бойынша биыл ғана бітірген Жадыра Ғиззатованы қинаған мәселе барынша жедел шешілді. Келген шаруасын айта бастаған Жадыраға қалалық жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері «Жастар практикасы» бойынша жұмыс істеуді ұсынды. Жадыра мамандардың бұл ұсынысына қуана-қуана келісті. Сол секілді іс жүргізушілік мамандығы бар Жадыра Айтқазиева да осы қабылдауда өзіне лайықты жұмыс тапты.
- Облыс бойынша жұмыссыздардың жалпы саны 16025 болса, соның 15 мыңнан астамы белсенді шаралармен қамтылды. Белсенді шара деп отырғанымыз - «Жастар» практикасы, әлеуметтік және қоғамдық жұмыс орындары және нақты мамандығы жоқ адамдарды оқыту секілді жұмыссыз жүргендерге көрсетілетін көмек түрлері. Жыл аяғына дейін бұл көрсеткіш тағы да өседі деп жоспарлап отырмыз. Жыл басынан бері жұмыспен қамту орындарында 2526 адам жұмыссыз ретінде тіркелген, бұл - өңір халқының 0,8 пайызы. Жалпы, облыстағы жұмыссыздық жағдайы 5 пайызды құрайды. Былтыр да осы деңгейде болған, биыл да сол шамада тұр, - дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Жанат Асантаев.
Шара барысында қоғамдық қабылдауға келген алты адамның үшеуі мамандықтары бойынша жұмыс тапты. Демек, бұл - жуық арада үш адамның тұрмысы жақсара бастайды деген сөз. «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Гауһар Шайхиниязованың айтуынша, ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша партияның қоғамдық бөлмесіне облыс бойынша 2530 арызшағым түссе, соның 717-сі, яғни 28 пайызы жұмыспен қамту мәселесіне қатысты. Партияның қоғамдық қабылдау бөлмесі биылдыққа осы тақырыптағы қабылдауды 37 рет ұйымдастырған.

Н.Закарияұлы «Қоғамдық кеңестің есебі» деген ақпаратында Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалы алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық қоғамдық кеңестің ағымдығы жылдың тоғыз айы ішінде атқарған қызметі жөнінде есебі тыңдалғанын хабарлаған.
Брифингке қатысқан БҚО аумақтық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ербол Салықов облыстық қоғамдық кеңестің жыл басынан бергі атқарған жұмысына тоқталып өтті.
Оның айтуынша, облыстық мәслихаттың шешімімен құрылған қоғамдық кеңестің құрамында 41 адам бар. Олардың 13-і (32 пайызы) мемлекеттік органдар өкілдері болса, 28-і (68%-ы) - коммерциялық емес ұйым өкілдері. Орал қаласының және 12 ауданның қоғамдық кеңес төрағалары облыстық кеңестің құрамына енгізілген. Гендерлік құрамына келер болсақ, әйел адам саны - 9 (22%), ер адам саны - 32 (78%). Кеңес мүшелері құрамында 30-59 жас аралығындағылар саны - 22 (54%), 60-тан жоғарылар саны 19-ды (46%) құрайды.
Қазақстан халқы ассамблеясының алты мүшесі облыстық қоғамдық кеңестің құрамында, олардың төртеуі - облыстық этномәдени бірлестіктердің басшылары. Қоғамдық кеңес жанынан маңызды әр саланы қамтитын алты комиссия құрылған. Күні бүгінге дейін 11 қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырыстары, 15 қоғамдық кеңестің төралқа отырыстары өткізілген. Онда 132 мәселе қаралып, 184 ұсынба қабылданған. Соның ішінде атқарушы органдардың 118 нормативтік-құқықтық актілерінің жобалары талқыланып, үшеуі қайта ұсыну үшін кері қайтарылған.
Қазақстан Республикасының Жер реформасына қатысты қоғамдық кеңестің кеңейтілген бес отырысы өткізілген. Оған 300 адам қатысып, Жер реформасы бойынша республикалық комиссияға 72 ұсыныс жіберілген.
- Сонымен қатар жоспарға сай, облыстық қоғамдық кеңестің отырыстарында Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің 2016 жылдың I жартыжылдығында орындалуы туралы облыс әкімі Алтай Көлгіновтің есебі тыңдалды. 2011-2015 жылдарға арналған өңірдің аймақтық даму бағдарламасының орындалуы туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының есебі, Ба-тыс Қазақстан облысындағы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын мемлекеттік бақылау барысы туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің БҚО бойынша департаменті басшысының есебі де қоғамдық кеңестің назарына ұсынылды. Біздің жоспарымызға сәйкес ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіне арналған БҚО қоғамдық кеңестің азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізілді. ҚР «Жайылымдар туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайы-лымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарының жобалары талқыланды. Осы заң жобасын барлық аудандық қоғамдық кеңестерде қарау және ұсыныстарды жинақтау тапсырылды. Облыстық қоғамдық кеңестің төралқа мүшелерінің облыс тұрғындарын қабылдау мақсатында қоғамдық қабылдау кестесі жасақталды және ол облыстық баспасөз құралдарында жарияланды. Сондай-ақ облыс тұрғындарының пікірлерін анықтау мақсатында халықтардың көп баратын орны Азаматтарға арналған Үкімет корпорациясы КЕ АҚ БҚО бойынша филиалы халыққа қызмет көрсету орталығы ғимараттарында қоғамдық пікір жәшіктері орнатылды, - деді Ербол Салықов.
Сонымен қатар баспасөз мәслихатының спикері халықтың қоғамдық кеңес арқылы еліміздегі саясатқа, қоғамға өз ой-пікірін жеткізуге болатындығын, бірақ бұл мақсатта тұрғындар тарапынан әлі де болса белсенділіктің болмай тұрғандығын тілге тиек етті. Баспасөз мәслихаты соңында Ербол Ғұмарұлы журналистердің бірқатар сауалдарына жауаптар қайтарды.

Н.Оразаев «Жыл үздігі - 2016» жастар байқауы» деген ақпаратында Батыс Қазақстан облысы бойынша «Болашақ» қауымдастығы дәстүрлі «Жыл үздігі - 2016» өңір жастарының сыйлығы» байқауын жариялағанын паш еткен. Бұл туралы бейсенбі күні Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалы алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аян Сакошев мәлімдеді.
-2008 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл байқау облысымыздағы мемлекеттік жастар саясатын кеңінен насихаттау және жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылады. Сонымен қатар бұл байқау облыс көлемінде жыл бойына жастар қозғалысының дамуына белсене араласып, әр салада өз кәсіби шеберлігін көрсеткен, ел ертеңі деп сенім артқан жастарды анықтау және марапаттауды мақсат етеді. «Жыл үздігі - 2016» жастар сыйлығы 15 аталым бойынша үздік деп танылған жастарды таңдайды. Байқау қатысушылары қажетті құжаттарды тапсырып, қатысуға өтініш білдірулері қажет. Аталмыш байқаудың арнайы қазылар алқасы тағайындалып, өз төрелігін беретін болады, - деді Аян Сакошев.
Брифингке қатысқан БҚО бойынша «Болашақ» қауымдастығының төрайымы Салтанат Тұманбаева байқаудың шарттарына тоқталып өтті.
Оның айтуынша, биылғы «Жыл үздігі - 2016» байқауы 12 негізгі, үш арнайы аталым бойынша анықталмақ. Негізгілердің қатарында «Үздік жастар ұйымы», жас көшбасшы, студент, жас ұстаз, жас ғалым, жас өнерпаз, жас дәрігер, жас спортшы, жас тілші, жас маман, мектеп көшбасшысы, үздік бизнес жоба аталымдары бар. Сонымен қатар «Батырлығы мен ерлігі үшін», «Қайырымдылығы үшін», «Жыл жаңалығы» арнайы аталымдары бойыша үздіктер де анықталмақ. Байқауға 14-29 жас аралығындағы жастар қатыса алады және қатысушының тек 2016 жылғы жетістіктері қаралады. «Жыл үздігі - 2016» Батыс Қазақстан облысы жастар сыйлығының жеңімпаздары арнайы құрылған комиссия шешімімен анықталатын болады. Комиссия құрамы байқауды ұйымдастырушылар, әр салаға сәйкес сарапшылар, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен тұрады. Байқау туралы толық ақпаратты «Батыс Қазақстан облысы бойынша «Болашақ» қауымдастығынан алуға болады. Мекенжайы: Қ. Аманжолов көшесі 114/2, 3-қабат, байланыс телефоны: 50-38-06, Е-mail: bolashak_zko@bk.ru,

«БҚАТУ-дағы емдеу орталығы» деген ақпаратта ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай «100 нақты көмек» жобасы аясында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде жаңа дәрігерлік қабылдау орталығы ашылғаны хабарланған.
Салтанатты шарада сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қ. Ирменовтің айтуынша, бұл - уақыт талабынан туындаған шешім.
- Осыдан екі жыл бұрын Зашаған кентінде №6 емхана жаңадан бой көтерген кезде тіркелген халық саны 41500 адамды құраса, қазір бұл көрсеткіш едәуір артқан. Яғни күніне 250 адамды қабылдауы тиіс емханада бір мезетте 700-ден астам тұрғын ем-дом алады. Бұл медициналық қызметтің сапасына теріс әсер етіп қана қоймай, емделушілерге де қолайсыз жағдай тудырды. Жаңа дәрігерлік қабылдау орталығының ашылуы осы олқылықтың орнын толтыруға септеседі деген сенімдемін, - деді басқарма басшысы.
Шара барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен Жәңгір хан атындағы БҚАТУ арасында әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. №6 қалалық емхананың филиалы болып табылатын медициналық орталық оқу орнында білім алушы 5 мыңнан астам студентке, 2 мыңға жуық оқытушылар мен қызметкерлерге және жақын маңдағы тұрғындарға қызмет көрсетпек. Тұрғындар екі учаскеге бекітіліп, үш жалпы тәжірибелік дәрігер ем-дом көрсетеді. Оған қоса зертханалық-диагностикалық бөлімше іске қосылып, профилактикалық іс-шаралар мен скринингтер өткізілмек.
Орталықтың алғашқы жұмыс күні «Ашық есік» шарасы ұйымдастырылып, онда хирург, кардиолог, эндокринолог, гинеколог, терапевт мамандар тұрғындарды қабылдап, кеңес берді. №6 емхана медбикелері «Қол жуу» флешмобын өткізіп, халыққа темірдей саулықтың кепілі - қарапайым тазалық сақтаудан бастау алатынын түсіндірді.

БҚО жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы С.Нұрғалиев «Пайдаланбасаң, мемлекет меншігіне қайтар!» деген мақала жазған.
Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес 2012-2014 жылдары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жүргізілген түгендеу жұмыстарының және 2012-2015 жылдары жергілікті атқарушы органдардың жүргізілген жұмыстарының нәтижесінде анықталған пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, сондай-ақ қайта айналымға қосу жұмыстары жүргізілуде.
Атап айтқанда, біздің облыстық жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасының жан-жақты тексеру жүргізуі нәтижесінде пайдаланылмай жатқан 1004,0 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің қазіргі таңда 732,9 мың гектары немесе 73%-ы мемлекет меншігіне қайтарылып, оның 404,2 мың гектары немесе 55,2%-ы ауыл шаруашылығы айналымына қайта енгізілді.
Сонымен қатар жалпы көлемі 252,7 мың гектар немесе 25% жерде жер пайдаланушылар мен иелері өз учаскелерін игеруге кірісті.
Батыс Қазақстан облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасымен болашақта да игерілмеген жер учаскелерін анықтап, мемлекетке қайтару бойынша тиісті шаралар тынымсыз жүргізіле беретін болады.
Біздің басқарма, атынан көрініп тұрғанындай, Қазақстан Республикасының Жер кодексін және де Кәсіпкерлік кодексін басшылыққа ала отырып, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдардың, сондай-ақ лауазымды адамдардың жер заңдарын және жер учаскелерін пайдалану ережелерін сақтауына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.
Өткен жылы біздің басқарма жалпы көлемі 160,1 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік, жайылымдық және шабындық жерлерге тексеру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде жер учаскелерінің уақтылы игерілмеуіне байланысты иеліктеріндегі жер көлемдері 64,0 мың гектарды құрайтын 133 шаруашылыққа Жер кодексінің нормаларына сәйкес тиісті мақсатында пайдалану қажеттігі жөнінде ескертулер берді.
Анау 64,0 мың гектарды таратып айтсақ, Бөрлі ауданында 2,4 мың га, Жаңақала ауданында 3,8 мың га, Жәнібек ауданында 7,5 мың га, Зеленов ауданында 18,2 мың га, Тасқала ауданында 7,1 мың га, Қазталов ауданында 9,9 мың га, Бөкей ордасы ауданында 3,4 мың га, Теректі ауданында 6,9 мың га, Шыңғырлау ауданында 3,1 мың га және Орал қаласында 1,7 мың гектар болып шығады.
Бұдан басқа өткен жылы кәсіпкерлік мақсатта берілген жерлерді тексеру нәтижесінде көлемі 28,9704 гектар құрайтын 69 жер учаскесінің иелеріне бір жыл мерзім ішінде тиісті мақсатында пайдалану қажеттігі туралы ескертулер берілді.
Ал үстіміздегі жылы жалпы көлемі 66,5 мың гектарды құрайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдаланбағаны үшін 50 шаруашылыққа жерлерін тиісті мақсатында пайдалану қажеттігі жөнінде ескертулер берілді.
Басқармамен қазіргі уақытта пайдаланбауына (игермеуіне) байланысты заңбұзушылықты жою жөнінде берілген нұсқамалардың орындалу мерзімі аяқталған жер учаскелеріне тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Олар, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша тоғыз шаруашылықтың жалпы көлемі 9,2 мың гектар құрайтын жер учаскесін басқарманың талап-арызы негізінде сот шешімімен мемлекет меншігіне мәжбүрлеп қайтарылды.
Ал 41 шаруашылық 14,8 мың гектар құрайтын жер учаскелерінен ерікті түрде бас тартып, мемлекет меншігіне қайтарды. Яғни жалпы нобайы басқарманың тексеру жұмыстарының нәтижесінде бүгінгі күні 50 шаруашылықтың жалпы көлемі 24,0 мың гектар құрайтын ауыл шаруашылығы жерлері пайдаланбауына байланысты мемлекет меншігіне қайтарылып отыр.
Бұған қоса тоғыз шаруашылықтың 3,1 мың гектар құрайтын жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою жөнінде біздің басқарманың талап-арызы сот органында қаралуда.
Енді кәсіпкерлік мақсаттағы жерлерге келетін болсақ, үш шаруашылық субъектісі 0,4648 гектар құрайтын жер учаскелерінен ерікті түрде бас тартуына байланысты мемлекет меншігіне қайтарылды.
Ал жеті шаруашылық 1,96 гектар құрайтын жер учаскелерін басқарманың нұсқамасынан кейін игерді.
Үш шаруашылықтың 1,8 гектар құрайтын жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою жөнінде басқарманың талап-арызы сот органында қаралуда.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні - меншік иелері жерлерін өз мақсатында, уақытында, яғни заңда көзделген мерзімде игеруі тиіс. Олай болмаған жағдайда ол жерлер мемлекет мұқтажына қайтарылуға жатады.

С.Әбілхалықов «Мемлекеттік басқарудың тиімді тетіктері қалыптасуда» деген ақпаратында Орал қалалық әкімдігінде «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқарудың тиімді тетіктері және есеп беру кепілдігі мен ашықтығы» тақырыбында екі күндік жиын басталғанын жазған.
ҚР Президенті жанындағы Модернизациялау бойынша ұлттық комиссия, ҚР Парламентінің Мәжілісі, Батыс Қазақстан облысының әкімдігі, Дін істері және азаматтық қоғам, Ақпарат және коммуникациялар министрліктері, БҰҰ-ның Қазақстандағы даму бағдарламасы (ПРООН) мен ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесі ұйымдастырған жиынға мемлекеттік құрылым, қоғамдық кеңес, ҮЕҰ, БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов Елбасы республикамызда азаматтық қоғамның қалыптасуына же-те мән беріп отырғанын атап өтті. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында да бұл мәселе барынша қамтылған. «Осыдан дәл бір жыл бұрын, яғни 2015 жылдың 2 қарашасында ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» заңы шыққан болатын, - деді Марат Лұқпанұлы. - Қазіргі таңда облыс аумағында 12 аудандық, Орал қалалық және облыстық қоғамдық кеңестер жұмыс істеуде. Бұл қоғамдық кеңестер мүшелерінің көпшілігі - қоғамдық ұйымдардың өкілдері. Облыстық қоғамдық кеңесте алты комиссия құрылып, өз жұмыстарын ойдағыдай атқарып жатыр».
Жиында сөз алған БҰҰ-ның Қазақстандағы даму бағдарламасының жобалар бойынша менеджері Гүлмира Төлесбаеваның айтуынша, олар Батыс Қазақстан облысымен тығыз байланыста жұмыс жасауда. Яғни азаматтық қоғамды дамыту, жасыл экономика технологияларын енгізу сынды жобалар бойынша біраз іс-шаралар атқарылды. Бұл байланыс алдағы уақытта да дами түсетініне сенім мол.
- ҚР «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» және «Қоғамдық кеңестер туралы» заңдары Ұлт жоспарына сәйкес дайындалды. Еліміздің тәуелсіздік алғанына 25 жыл толды. Біз қазір егемендіктің жаңа сатысына қадам басудамыз. Алдағы мақсатымыз - әлемде барынша дамыған 30 елдің қатарына кіру. Бұл бағытта елімізде көптеген іс-шара қолға алынып жатыр. Жоғарыда айтып өткен қос заңның қабылдануы - сондай шаралардың бірі. Мен «Қоғамдық кеңестер туралы» заң жобасын дайындауға атсалыстым. Соған орай біз 29 рет жұмыс тобының жиынын ұйымдастырдық. Оған барлық қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. БАҚ-та көптеген материал жарияладық. Заң жобасын дайындауда көпшіліктің пікірлері ескерілмей қалған жоқ. Содан болса керек, аталмыш қос заңымыз Еуропа елдерінде жоғары бағаланды. Мәселен, «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңын дайындағаны үшін ҚР Парламенті Мәжілісінің комитет төрағасы Мәулен Әшімбаевтың атына Женевадағы Электрондық ақпарат құралдары ұйымының бас хатшысынан алғысхат келді. Жалпы алғанда, бұл заңдар мемлекетімізде азаматтық қоғамының дамуына тың серпін беретіні анық, - деді осы шараға арнайы келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті басшысы, әдеп кеңесінің төрағасы Болат Исқақовтың сөзіне қарағанда, биыл мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа кезеңі басталды. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытындағы іс-шаралар да жаңғыртылды.
ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің өкілі Мария Дубовицкая аталмыш ұйым өз серіктестерімен бірге Қазақстанды демократияландыру бағытында көптеген тренингтер өткізгендігін жеткізді. Сөйтіп, олар да «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» және «Қоғамдық кеңестер туралы» заңдарының қабылдануына өз үлестерін қосты. Бұл заңдар ашықтықты, есеп берушілікті, ақпарат алуға қолжетімділікті қамтамасыз ететіні, сыбайлас жемқорлықты болдырмауға септігін тигізері анық.
Жиын барысында «Интерньюс-Қазақстан» ұйымының заңгері Ольга Диденко, БҰҰ-ның Қазақстандағы даму бағдарламасының өкілдері Әлия Құртайева, Нелли Төлегеновалар жоғарыда аталып өткен заңдардың мән-маңызы, олардың мемлекетке, қоғамға, адамдарға пайдасы туралы тренинг өткізді.

Г.Дыбысқалиқызы «Мемқызметші сыйлықтар алып қойса...» деген ақпаратында облыстық кәсіпкерлер палатасының мәжіліс залында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру» тақырыбында облыс кәсіпкерлерінің форумы өткенін айтқан. Бұл шараны «БҚО Азаматтық альянсы» қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының БҚО бойынша департаментінің қолдауымен «Азаматтық бақылау» жобасы бойынша ұйымдастырды.
Басқосуда «Мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты мен кәсіпкерлердің құқықтарын сыбайлас жемқорлықтан қорғау мәселесі» жайында баяндаған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының БҚО бойынша департаментінің басқарма бастығы Данияр Тұрғанбаевтың айтуынша, соңғы жылдары елімізде жемқорлық дертіне қарсы іс-қимылда оң динамика басым. Бұған халықаралық рейтингтерді көрсеткіштері дәлел бола алады. Сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары 168 елдің ішінен Қазақстан 123-орында. Еліміздегі бұл бағыттағы оңды істер 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның қабылданып, іске қосылуына орай жүргізіліп отырған саясаттың нәтижесі екені сөзсіз. «Мысалға, қабылданған заңдарда мемқызметшінің тәртіп нормасы нақты көрсетілген. Қазіргі заңдылықтарға сәйкес мемқызметшіге сыйлықтар алуға болмайды. Егер де мемқызметші сыйлықты қабылдап қойған болса, оны жеті күннің ішінде жергілікті атқару органдарына немесе арнайы мемлекеттік қорға қайтаруы тиіс. Олай болмаған жағдайда мемқызметші жауапкершілікке тартылады. Сыйлықтың бағасы екі айлық есептік көрсеткіштен аспаса, онда қызметші тәртіптік немесе әкімшілік жолмен жазаланады. Ал сыйлық бағасы бұдан жоғары болса, пара ретінде қылмыстық іс деп қаралады», - деді Данияр Тұрғанбаев. Оның айтуынша, жыл басынан бергі уақытта облыста 39 тұлға сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деп танылып, 30 тұлға түрлі жазаға тартылған. Биыл сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен анықталған қылмыстық құқықбұзушылықтар бойынша соттардың шешімдерімен 90 млн. теңге шамасында айыппұл салынды.
Аталмыш департамент жұмысының негізгі басым бағыттарының бірі - кәсіпкерлікті қорғау саласында мемлекеттік органдардың бизнеске заңсыз араласуынан қорғау. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері 8 факті анықталып, шағын және орта кәсіпкерліктің жеті өкілінің құқығы қорғалған. Аталған қылмыстар бойынша төрт лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған. - Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім бастығы М. Отаубаевты өзінің қызмет бабын пайдаланып, жер қойнауын пайдаланушыға қысым көрсету арқылы үшінші біреулер үшін құм-қиыршықты тас қоспасын тегін әлденеше рет алғаны үшін сот кінәлі деп тапты. Оған 2,1 млн. теңге шамасында айыппұл салынып, мүлкі тәркіленді және өмір бойы мемлекеттік органдарда жұмыс істеу құқығынан айырылды. Төрт кәсіпкер өздерінің құқықтары бұзылса да, Отаубаевтың қылмысын хабарлауға асықпаған және бұл қылмыстардың іске асуына жағдай жасаған, - деген Данияр Мұқанұлы барлық кәсіпкерлерді жемқорлыққа «нөлдік төзбеушілікке» шақырды.
Жиында өңірдегі шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы жөнінде облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Бақдәулет Ибраимов баяндады. Оның айтуынша, биылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша кәсіпкерлік саласында 46502 субъекті тіркелген және олардың 33896-сы жұмыс істеуде. Жалпы, бұл салада 102 800 адам еңбек етеді. «Бизнестің жол картасы - 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы бойынша биыл 15 млрд. теңгеге несие мөлшерлемесін субсидиялауға 92 жоба мақұлданған. Олардың ішіндегі 7,7 млрд. теңгеге мақұлданған 41 жоба (45 пайызы) ауылдық жерлерден. Аталмыш бағдарламаны іске асыруға 2016 жылға республикалық бюджеттен облысқа 2,2 млрд. теңге бөлінді және индустриалдық инфрақұрылымды дамытуға қосымша қордан 440,5 млн. теңге бағытталды. Сондай-ақ биыл 18 млн. теңге шамасындағы гранттық қаржыландыруға 15 бизнес-жоба іріктеліп алынды.
Басқосуда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалы басшысының орынбасары Нұржан Мақсотов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басқарма басшысы Біржан Хайруллин, «Ақ жол» партиясы облыстық филиалының өкілі, «ТДК-42» телеарнасының директоры Табылғали Сапаров және өзгелері сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру, қоғамдық кеселге
қарсы стратегияның іске асырылуының жай-күйін мониторингтеу жайындағы ой-пікірлерімен бөлісті.
Алайда бұл шара облыс кәсіпкерлерінің форумы деп айдарланғанымен, қатысушылардың денін мемлекеттік органдардың өкілдері құрады, ал кәсіпкерлер жоқтың қасы десе де болады. Содан соң жиында күн тәртібіндегі мәселе бойынша талдау, сараптау жағы жетіспей жатты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің облыстағы департаменті тарапынан айтылған әңгіме «бір жақты», тек пара берушілерге қатысты болды да, ал пара ұсынатындар жайында ешқандай сөз болмады...

Н.Алтайұлы «Отаныма оралғаныма қуаныштымын» деген мақаласында оралман отбасы туралы жазған.
Мырзабек Сәбденов әңгімесін дәл осылай, яғни «Отаныма оралғаныма қуаныштымын» деп бастады. Өзінің ұл-қызы Өзбекстанда жарық дүниеге көрініп, олардың алды шаңырақ көтеріп үлгерсе де, 2003 жылы Мырзабек ағамыз отбасымен Қазақстанға көшіп келеді. Ұлына атамекен қадірін ұмыттырмай, әр кез әңгімелеп отыратын әкесі Асылбек он жыл бұрын Ташкент облысындағы Шыршық қаласында өмірден озса, араға екі ай салып анасы Айниса да қайтыс болды. Кейіпкеріміздің айтуынша, әкесінің туған жері негізінен Оңтүстік Қазақстан облысы. Кейін осы облыстағы Бостандық ауданына қоныс аударған. Кеңес Одағын әйгілі саяси әпербақан Никита Хрущев басқарған кезде қазақ жерін оңды-солды талан-таражға салу пиғылы асқынып, басым тұрғыны қазақ ұлтынан болғанына қарамастан, біраз елді мекен көрші елдің құрамына берілді. Оған қоса Мәскеудің «айттым, болды!» әмірімен Бостандық ауданы да Өзбекстан КСР-ның иелігіне өтті. Сөйтіп, көптеген қандасымыз атамекенімен қоса, өзбекстандық болып шыға келді.
Мырзабек Сәбденов 1980 жылдан бастап Шыршық қаласындағы электрохимиялық зауытқа жұмысқа орналасады. Кәсіпорында еңбек ете жүріп, қаладағы политехникалық институттың кешкі бөлімін тәмамдап, инженер мамандығын игеріп, азотты қышқыл өңдеумен айналысатын зауытта еңбек еткен-ді. Оның зиянды өндірістегі еңбегін ескерусіз қалдырмаған біздің үкімет 2014 жылы зейнетақы есебінде өтемақы тағайындайды.
«Атамекенімізге аңсарымыз ауа берген соң, Қазақстан елшілігіне өтініш жазып, құжаттарымызды тапсырдық. Оңтүстік Қазақстан облысында біраз туыстарымыз тұратын. Бірақ көші-қон саласының мамандары бізге солтүстік немесе басқа өңірлерді таңдаса, құжатты тез рәсімдеп, ерте азаматтық алуға және жеңілдік иеленуге мүмкіндік туатынын айтты. Ойлана келе, таңдауымыз Орал қаласына түсті. Аллаға шүкір, бү-гінде үш ұлымды аяқтандырып, екі қызымды ұзаттым. Олардан сегіз немере, төрт жиен сүйіп отырмын. Тұңғышым Мұратбек Ақтөбе қаласында кәсіпкерлікпен айналысады. Батырбек пен Азамат қасымда, менің қос қолғанатыма айналды. Қыздарым Гүлмира мен Замира, бірі Алматыдан, бірі Оралдан теңін тапты», - дейді әке марқайып.
Қарапайым болмысы шүкіршілікпен тоғайып отырса да, Мырзабек аға басынан қиыншылық өткермеді деп айта алмаймыз. Орал қаласына келген соң, несие қаражатына шағын автобус алып, №5 және 35-маршруттың бағыттарында қоғамдық көлік есебінде жолаушылар тасымалымен бір жылдай айналысады.Қала ішінде ұзын автобустар шығарыла бастаған соң, саудамен шұғылдануға бел байлайды. Ташкент қаласында тұратын қарындасы Ази жеміс-жидектер жіберіп, аяғынан тік тұрып кетуге жәрдемдеседі. Қазіргі кезде кәсіпкердің қалада азық-түлік дүкендері бар және орталық базарда сауда нүктелеріне иелік етеді.
- Жеке кәсіппен айналысатын адамға тәуекел және сабыр қажет. Алғашқы қадамнан пайдаға кенелу мүмкін емес. Әсіресе, сауданың бастапқы кезеңінде шығын көп, табыс аз болады. Қиындықты біртіндеп еңсеріп, кіріс көзін молайта түсесің. Көшіп келген жылдары зайыбым Жәмила Оңтүстік Қазақстанға қоныс аударуды ұсынды. Оған төзімділік таныту қажеттігін ескерттім. Түбінде осында тұрақтағанымызға бәрімізден сен артық қуанасың дедім. Расында, осы шаһарда ісіміз оңалып, дос-жаран, тамыр-таныс тауып, құдандалы болдық, - дейді Мырзабек Асылбекұлы.
Ол мемлекеттің шағын және орта бизнеске зор қолдау білдіріп жатқанына қуанышты. Әсіресе, еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың бекемдігін көңілге басты медеу санайды. Дегенмен дағдарысқа байланысты қиындықтар туындап жатқанын жасырмады.
- Үкімет өндіруші және өңдеуші кәсіпорындарға демеуқаржыны мейлінше бөліп бағуда. Сол секілді мемлекеттік бағдарламаларға сауда-саттықпен айналысатындарға қолдау тетіктері енгізілсе, біздер үшін зор көмек болар еді. Шетелден келетін импорттық өнімдер теміржол арқылы Ресей айналып жетеді. Нәтижесінде делдал көмегіне сүйенуге тура келеді. Бұл тауардың қымбаттауына әсер етеді. Осы жағы реттелсе, - деді ол.
Негізінен кейіпкеріміздің алғашқы мамандығы кино түсіру саласына қатысты екенін атап өткен ләзім. Балалық шағы өткен Шыршық қаласындағы орыс мектебін тәмамдаған соң, 1974-79 жылдары Ташкент қаласындағы кинотехникумда оқиды. Кейін жолдамамен Бостандық ауданында кинофикация саласы басшысының орынбасары боп қызмет етті.
- Менің ойымша, Қазақстанда кино өнерін дамытуға айрықша көңіл бөлу қажет. Ол үшін Өзбекстан мамандарымен тәжірибе алмасуды ұсынар едім. Соғыс кезінде әйгілі «Ленфильм» киностудиясы Өзбекстанға көшірілді. Білікті киномамандар шоғырланған соң, көрші ағайын бұл салада кәсіби тұрғыда едәуір ілгерілеп кетті, - дейді Мырза-ағамыз.
Әңгімелесе отырып, Мырзабек Сәбденовтің бірнеше тілді меңгеріп алғанын білгенімде, тіпті таңырқай түстім. Бала күнінен қазақ, өзбек, орыс тілдерінде емін-еркін сөйлейтіні өз алдына, татар, түрікмен, тәжік, ағылшын, қытай, әзірбайжан, армян тілдерін өмір мектебі үйретіпті. Кеңес Одағы ыдырағанда біраз елдің өнеркәсібі тоқырағаны мәлім. Сонда Шыршық қаласындағы зауыт басшылығы жұмысшыларын жыл сайын екі-үш ай ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр болған. Ондай кезде іскер азамат жамбастап жатып алмай, Ресейге барып еңбек етіп, табыс тауып отырған. Кәсіптен нәсіп таба жүріп, біраз ұлт өкілдерімен араласты. Түркіменстанның Тэджэн қаласында әскери борышын өтегені де ізсіз қалған жоқ. Оның айтуынша, 2000 жылдары Шыршық қаласындағы қазақтардың біразы елге көшкен. Байырғы тұрғындар азайған сайын, тәжіктердің саны көбейе түсіпті. Қазіргі кезде қалада бір ғана қазақ мектебі қалыпты.
Кейіпкеріміз көші-қон саласы жандана түссе екен дейді. Қазіргі кезде бес жыл өткен соң ғана азаматтық беріледі. Бұл шарт шеттен келіп, қандастарымыздың тұрақты жұмыс табуына айтарлықтай кедергі болуда және жеңілдік алу құқын шектеуде. Сондықтан Өзбекстаннан атамекеніне қоныс аударғысы келетін біраз ағайынның іркіліп отырған жайы бар. Көші-қон саласына қатысты мәселелердің шешімін табатынына сенетінін жеткізген Мырзабек Сәбденовтің марқұм ата-анасына деген ризалығы сөзінен айқын аңғарылып тұрды. Әкесі Асылбек Сәбденов ҰОС кезінде Мәскеу қаласының түбіндегі сұрапыл шайқастарға қатысып, Берлинге дейін жеткен екен. Кейін елдегі бейбіт еңбекке араласқан. Өзбекстан иелігінде кеткен біраз елді мекеннің негізгі иесі қазақ екенін айтып, атажұртқа деген іңкәрлікті ұрпағының жүрегіне дарытқан ақсақалдың пейіште нұры шалқығай!
- Отбасымда «үш жүздің» басы қосылған. Өзім Ұлы жүздің Сіргелі тармағынан болсам, жұбайым Орта жүздің Қоңыратынан, ал кіші келінім Кіші жүздің Алаша руынан. Құда-жекжатпен бас қосқанда, тіпті мәре-сәре боламыз, - дейді Отанына оралғанына шексіз қуанышты отағасы.
«Орал өңірі» газетінің 8 қараша күнгі санында «Денсаулық» клубына 25 жыл» деген ақпарат басылған.
ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және «Денсаулық» волейбол клубының құрылғанына 25 жыл толуына орай Зашаған кентіндегі «Арман» спорт кешенінде ардагерлер арасында волейболдан жарыс өтті.
Аталмыш жарысқа Ақжайық, Сырым, Бөкей ордасы, Қазталов, Теректі, Бөрлі аудандарынан және Орал қаласындағы «Денсаулық» волейбол клубының командалары қатысып, өз бақтарын сынады.
- Бүгінгі шараның да маңызы зор. Әр салада еңбек етсе де, «Денсаулық» волейбол клубының құрамына кіріп, спортпен шұғылданып жүрген ағаларымыз баршылық. Сіздердің ізбасарларыңыз алдағы уақытта еліміздің намысын қорғайтынына сенім білдіреміз. Ардагерлеріміздің денсаулықтары мықты болсын, - деді сайыстың ашылу салтанатында сөз алған облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар.
Сондай-ақ «Денсаулық» волейбол клубының ардагерлері Нариман Өтешев, Нұрлыбек Бірманов, Александр Дергунов жарысқа қатысушы командаларға алғыстарын білдіріп, жүрекжарды тілектерін жеткізді. Аталмыш клуб ардагерлерінің атынан жас волейболшыларға сыйлықтар табыс етіліп, балғын спортшылардың шеберліктерін байқап, қошемет көрсетті.
Тартысты әрі қызықты өткен сайыс нәтижесінде «Денсаулық» клубы жеңіс тұғырының жоғарғы сатысына көтерілді. Теректі және Ақжайық аудандарының командалары екінші, үшінші орындарды өзара бөлісті. Жақсы ойын үлгісін көрсеткен Қазталов ауданының волейболшылары марапатқа ие болды.

Ғ.Бәймен «Жаңа бапкер мен ойыншылар келді» деген ақпаратында допты хоккейден жоғары лига командалары арасында Ресей чемпионатында өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығына» жаңа бапкер мен ойыншылар келгені жөнінде жария еткен.
«Ақжайық» спорт клубының директоры Азамат Шайхының айтуынша, бас бапкерлікке Саратовтан келген Владимир Кожевников тағайындалды. Ол осыған дейін «Ақжайықпен» бір топта ойнап жүрген Саратовтың «Универсалын» жаттықтырып, біраз табысқа қол жеткізген. Команданы күшейту мақсатында жаңа бапкермен бірге Ресейден жеті бірдей ойыншы алынды. Олар: жартылай қорғаушылар Сергей Гаврилов (Қазан), Евгений Суковин (Омбы), Артем Недоступов (Саратов), Максим Никишов (Краснотурьинск), қорғаушылар Сергей Пантеев (Навашино, Нижегород облысы) және Александр Подметалин (Саратов). Оған қоса өткен жылғы маусымда «Ақжайық» құрамында мергендігімен көзге түскен тағы бір ресейлік, шабуылшы Сергей Башаев (Ишеевка, Ульянов облысы) өнер көрсетуін жалғастырады. Сонымен қатар «Ақжайықтан» біраз ойыншының кеткендігі белгілі болды. Соның ішінде жастайынан жарқырап көрініп келе жатқан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, екі мәрте әлем чемпионатының қола жүлдегері Ескендір Нұғманов енді Норвегияда бағын сынап көрмек. Оның орнына капитандық тізгінді Орал допты хоккейінің тағы бір түлегі Максим Өтебалиев алды.
Биыл өзінің құрылғанына 40 жыл толуын атап өтетін «Ақжайық» жаңа маусымда бұрынғыдай «Маяк» (Краснотурьинск), «СКА-Свердловск» (Екатеринбург), «ДинамоҚазан-2» (Қазан), «Универсал» (Саратов), «Никельщик» (Верхний Уфалей), «Знамя-Удмуртия» (Воткинск), «Локомотив» (Орынбор) командаларымен бір топта өнер көрсетпек. Бұл топтағы ойындар 30 қарашада басталып, алдағы жылы 26 ақпанда мәреге жетеді.
«Басты мақсат - өз тобымызда табысты ойын өрнегін көрсетіп, финалдық сайыстарға жолдама алып, жоғары топ командалары арасында жүлдегерлер қатарынан көріну», - деді Азамат Шайхы.
Айта кетейік, қазіргі кезде «ҚПО б.в» компаниясының қаржысына «Жастар» стадионында жасанды мұз айдыны салынуда. Сондықтан «Ақжайық» жаңа маусымда өз айдынындағы кездесулерін Оралға қарасты Зачаган кентіндегі «Стеновик» стадионында өткізеді.

Н.Алтайұлы «Күн тәртібінде: Үш тілде білім беру» деген ақпаратында білім саласына қатысты жаңа реформаға сәйкес биыл еліміздегі педагог мамандардың тілдік біліктілігін көтеруге байланысты дайындық курстары жүргізіліп жатқанын хабарлаған.
2019 жылы барлық мектепте жоғары сынып оқушылары үшін жаратылыстану бағытындағы төрт пән - физика, информатика, биология, химия ағылшын тілінде жүргізілетіні белгілі. Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің тілдер және менеджмент факультетінің мамандары мұғалімдерді ағылшын тілінде оқытуды қазан айында бастапты. Қазіргі уақытта тілашар курсына қатысушылардың екінші легінде курстың алғышарттарын меңгеруге кіріскен Орал қаласының өзінен және Бөрлі, Теректі, Қазталов, Тасқала аудандарынан келген 230 мұғалім бар.
Облыстық білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің қолдауымен курс қатысушыларына Назарбаев зияткерлік мектебі мен облыстық дарынды балаларға арналған қазақ-түрік мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты ұжымдары өз тәжірибесімен бөліседі. Үштілділікке байланысты алғашқы дайындық курсының ұйымдастырушысы, Еуразия индустриалдықэкономикалық колледжінің директоры Роман Бисенғалиев қалалық және аудандық білім беру бөлімдерінен ағылшын тілі курсына бекітілген педагогикалық құрамды өзгертпеуді, яғни тұрақты қатысып отыруын талап еткенін айтады. Екіншіден, курсқа жасы 45-ке дейінгі мұғалімдер қабылдануда. Курс алдында тестілеу арқылы мұғалімдердің тілдік деңгейін анықтап, сол арқылы топқа бөліп, деңгейлеп оқыту қолға алынған. Келесі кезеңге дейінгі аралық мерзімде тілдік курс онлайн режимде жалғасатын болады. Екі ай сайын мұғалімдер облыс орталығына келіп, сынақ тапсырып отырады. Ауданнан келетіндердің іссапар шығындарын білім беру бөлімдері түгелімен қамтамасыз етеді.
«Оқыту курсы әр топқа 144 сағатқа есептелінген. Жыл соңына дейін үш лекпен 38 топқа бөлінген 563 мұғалім қамтылады. Қазіргі уақытта салалық терминологиялық сөздіктер мен оқу-әдістемелік құралдарын дайындап, пайдалануға беріп жатырмыз. Келесі жылғы маусым айына жоспарланған тілдік курстың екінші кезеңінде әр пәннің мұғалімдеріне ағылшын тілі бөлек оқытылады. 2018 жылы жоспар бойынша үшінші кезеңнің оқу-әдістемелік жұмыстары ұйымдастырылады. Оқыту курсын тендер рәсімі негізінде облыстық бюджеттен бөлінген 80 миллион теңге қаражатқа жүзеге асырамыз. Мұғалімдерге әзірше 15 тіл маманы дәріс беруде. Өткен айда 118 мұғалім ағылшын курсының алғашқы легінде оқыды», - дейді Роман Масалимұлы.
Жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде оқытудың нәтижесіне байланысты еліміздегі сарапшылар әрқилы пікір білдіріп жатқаны тұрғындарға мәлім. ҚР Білім және ғылым министрлігі заман талабына сай үш тілде оқыту ұрпақтың жаһандық бәсекеде мығым болуын қамтамасыз етеді деп сендіреді. Ал бірқатар қоғам қайраткері мен ұлт зиялылары жаңа реформаны іске қосу қазақ тілінің ғылымдағы рөлін төмендетіп, оқу үдерісінде балалардың психологиясына кері әсерін тигізетінін айтып, дабыл қағуда. Роман Бисенғалиев те бұл жоба аяқсыз қалмаса екен деп алаңдайды. Себебі еліміздегі білім саласына жаңа министр тағайындалса, жаңа реформаның басы қылтиятыны белгілі.
М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың профессоры, химия ғылымдарының докторы Дина Меңдәлиева: «Негізінде, нақты ғылымдарға қатысты қазақ тілінде жазылған сапалы оқулықтар және әдістемелік құралдар жеткіліксіз. Кейбір ағайындарым оқу жүйесіне жаңа реформа енгізілетінін естігенде, балаларын қазақ мектебіне беру жайын ойлануға мәжбүр болды. Негізінен түпкі салдарын жете зерделеп қолға алу керек еді», - деді біздің қойған сауалымызға.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Ғұмарованың уәжінше, министрлік мемлекеттік тілді дамытуға баса көңіл бөлуге тапсырма берген. «Он екі жылдық оқыту жүйесіне көшу - заман талабы. Болашақ мамандығы жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерімен тығыз байланысты болса, оқушы жоғарғы сыныпқа өтерде өз еркімен таңдаған екі пәнді ағылшын тілінде оқиды. Ал гуманитарлық салаға бет бұратын түлектер үшін аталған пәндер қазақ тілінде жүргізіледі», - деді ол. Оның айтуынша, 1992 жылы облыста балалардың 52,3 пайызы қазақ мектебіне барса, араға он төрт жыл салып бұл көрсеткіш 67,4 пайызға дейін артқан. Соңғы жылдары бірыңғай қазақ тілінде оқытатын мектептер ашылуда. Қазіргі кезде облыстағы 384 күндізгі мектептің 259-ында - қазақ, 33-інде орыс тілінде сабақ берілсе, 92-сі аралас мектеп екен. Білім ошақтарын қазақ тілді мектепке айналдыру мәселесі де күн тәртібінен түспейді.
Реформаның жемісін алдағы жылдар айқындайды. Ең бастысы, мемлекеттік тілдің болашағы - ұрпақ болашағымен тығыз байланысты екенін ұмытпайық!

Г.Әжігереева «Балықты бекерге зерттемейді» деген мақаласында бекіре тұқымдас балықты өсіру мәселесін сөз етеді
Биылғы қыркүйек айында «Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-ның Батыс Қазақстан және Атырау филиалдарының, Мәскеудің Бүкілресейлік балық шаруашылығы және океанография институтының қызметкерлері Жайық өзенінде бірлескен экспедициялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырысы бойынша жүргізілген зерттеу жұмыстары Жайық өзеніндегі бекіре балықтарының уылдырық шашу орындарын паспортизациялауды, олардың жағдайын зерттеуді, морфометриялық көрсеткіштерін (көлемін, ауданын зерттеу) анықтауды, сол уылдырық шашу орындарының тиімділігін сараптауды, картасын жасауды көздейді.
- Облыс аумағында Жайық өзенінің ортаңғы ағысының төменгі бөлігі және төменгі ағыстың жоғарғы бөлігі орналасқан. Сондықтан біздің өңір аумағындағы өзен бөлігінде бекіре тұқымдас балықтардың ең тиімді уылдырық шашу орындары орналасқан, - деді «Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-ның БҚ филиалының директоры Төреш Мырзашев. Оның айтуынша, 2003 жылы жүргізілген паспор-тизациялық зерттеулердің нәтижесінде БҚО мен Атырау облысы аумақтарындағы өзен бөлігінен бағалы балықтың 68 уылдырық шашу орны анықталған. Соның ең тиімді, ең табиғи қолайлы уылдырық шашу орнының 55-і біздің өңірге тиесілі. Каспий теңізі - тұзды су, теңізді бекіре балықтары жайылым ретінде пайдаланғанмен, олар жыныстық жағынан жетілгеннен кейін табиғи инстинктпен уылдырық шашуға Жайыққа, тұщы суға көтеріледі. «Бекіре уылдырық шашуға Жайыққа екі рет шығады. Көктемгі анадромдық бағытта уылдырық шашуға шығатын балықтармен (оларды «яровые» дейді) қатар күзге таман келіп, Жайықтағы шұңқырларда қыстап шығып (олары «озимые») көбейетіндері бар. Бекіре балықтары негізінен Жайық өзенінің арнасында және өзен жағалауында орналасып, суы көтерілгенде судың астында қалатын қүмды-қиыршық тасты орындарды уылдырық шашуға тиімді пайдаланады. Жалпы, уылдырық шашу орындары 2003 жылдан бері мүлдем зерттелмеген. Соны қайтадан тексеріп, қандай жағдайлар орын алды, уылдырық шашу орындары өзгеріске үшырады ма, соны зерттеп картасын жасадық, - деді Төреш Қайыржанұлы.

Зерттеу нені көрсетті?

Жайық өзенінде бекіре балықтарын кәсіби аулауға ешуақытта рұқсат етілмегені белгілі. Өйткені Ақ Жайықтың облыс аумағындағы бөлігі КСРО заманында ерекше қорғалатын аймақ болды. Өзен тек бекіре балықтары емес, басқа да кәсіби балықтардың уылдырық шашатын өрісі болып есептеледі. Ал Каспий теңізінде кәсіби балық ауланып келгенмен, 2010 жылы оған да тыйым салынды. Одан кейін тек ғылыми мақсатта Атырау қаласында орналасқан екі бекіре өсіру зауыттарына (балықтың аналығы мен аталығы) өндірушілер қажет болғандықтан, оларға белгілі балық аулауға квота бөлініп келді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің №177 бұйрығы бойынша 2016 жылдың 30 маусымынан бастап бекіре балығын аулауға тыйым салды. Мәскеу ғалымдары бекіре тұқымдас балықтың уылдырық шашып, табиғи көбеюі тек Жайықта сақталғанын айтады. Рас, Еділде бекіре тек Вольжск қаласына дейін көтеріле алады. Одан әрі Вольжск бөгеті, су қоймалары мен ГРЭС-тер тұр. Ал Орск қаласынан бастап Жайық өзенінде бірде-бір су қоймасы салынбаған. Сондықтан бекіренің емін-еркін көбеюіне толық жағдай жасалған.
- Зерттеулердің нәтижелері бойынша ғылыми тұрғыдан ұсыныстар дайындалып, беріледі. Бекіре балықтарының уылдырық шашу орындарын қорғау, бекіре балықтарының табиғи көбеюіне қолдау жасау маңызға ие. Экспедицияның мақсаты да - сол. БҚО филиалы ғалымдарының зерттеулері бойынша 2013-2015 жылдары аралығында Жайық өзенінде шоқыр балығының шабақтары бар екені анықталды. Облыс аумағындағы бекіре балықтарының көбею орындарында осы шоқыр балығының әлі де болса, табиғи жолмен өсе алатындығын көрсеттік. Сүйрікке келетін болсақ, ол көп миграция жасамайтын көлемі кішірек (40-50 см) балық, оның популяциясы Жайықта сақталып отыр, - деді Т. Мырзашев.

Бағалы емес балықтар популяциясы күш алуда

Мамандардың айтуынша, бекіре - құнды, эволюциялық жағынан ең көне балық. Бүгінде олардың түр ретінде жойылып кетпеуі табиғат қорғаушылардың, ғалымдардың, экологтардың басын ауыртатын жайт. Өткен ғасырдың 90-жылдарының екінші жартысына дейін Каспий теңізінен бекіре балықтары өзенге көтеріліп отырса, сол жылдардың екінші жартысынан бастап олардың популяциясы күрт төмендеп кетті. Қазір қорытпа, бекіре, пілмай сықылды балық түрлері өңірімізге жете алмай жатыр, яғни популяциялық саны бірнеше есе қысқарып кеткен. Жайықты 47 балық түрі мекендесе, соның 40 пайызын тұқы тұқымдас кәсіби балықтар, 11 пайызын бекіре тұқымдас балықтар құрайды, ал қалғандары басқа тұқымдастарға жатады. Ғылыми-зерттеу мақсатындағы суға салынатын ауларға тек қана тұқы кәсіби балықтары түсетіні соны айғақтайды. Облыста балық шаруашылығы маңызы бар 238 су айдынының 163-і (Жайықты және оның сол және оң жақ жағалауларындағы су жайылымдарын қоса алғанда) халықаралық маңызға ие. Қалған 75 су айдыны жергілікті маңызы бар саналады және оған Жайық-Көшім, Қамыс-Самар суландыру жүйесінің су айдындары, Шалқар көлі, Өлеңті, Шолақаңқаты, Қалдығайты, Ембулатовка, Быковка, Шыңғырлау және өзгелері жатады.
2006-2016 жылдар аралығында өңірдегі 74 су айдыны балық шаруашылығына маңызы бар болып есептеледі. Су айдындарындағы ең көп тараған балық түрлері табан -14, балпан - 15, торта және қызылқанат -16, мөңке - 19, алабұға 20 су айдынында жиі кездеседі. Олар да салмағына, ұзындығына қарамастан кәсіби балықтар болып есептеледі. Кәсіби құнды балықтарды сазан, жайын, шортан, көксерке, аққайраң балығын кәсіптік, спорттық-әуесқойлықпен аулаушылар жеткілікті. Сондықтан таңдап аулаудың кесірінен су айдындарында осындай балықтар азайып кеткен. Оның орнын құны жағынан бағалы емес балықтар басып, олардың популяциясы көбейіп барады. Әзірге балықтың бір түрі мүлдем жоғалып барады деген факті жоқ. Кері-сінше Орал төңірегіндегі су қоймаларында бұрын ихтиофаунамызда кездеспеген ротан-головешка деген балық тірлік етуде. Денесінен басы үлкен, ұзындығы 12-14 см болатын бұл жыртқыш балық өзгелердің қорегіне бәсекелес әрі өзге балықтардың шабақтарымен қоректеніп, экологиялық орыннан басқа балықтарды ығыстыратын мүмкіндігі бар. Ғалымдар балықтың бұл түрін Ресей жағынан түрлі жағдайлармен (балықтандыру кезінде немесе су жайылымдарынан) келіп, таралған деп есептейді. Әдетте табиғи су айдындарында мұндай балықпен күресу тек мелиоративтік аулау әдісімен жүргізіледі. Мысалға, дөңмаңдай да - жерсіндірілген балық, Тайпақ жағында жайылма суларда көп кездеседі. Білетіндер оны әуелде Рыбцехтағы тоғанда өсірілгенін, тоған бұзылған жағдайда шығып кетіп, Шағанға, одан әрі Жайыққа өтіп кеткенін айтады. Негізі оларды Қиыр Шығыстың өсімдік қоректік балықтары деп атайды. Жаз айларында су келмеген жылдары су асты шөптері қаулап өседі. Сонда ғалымдар ақ амур, шұбар дөңмаңдай, ақ дөңмаңдай балықтарын өсіруге кеңес береді. Алайда ақ амурға ағыс керек. Мұндай балықтардың мелиоративтік-биологиялық маңызы бар.

Балықты молайтуға ықыласты

Облысымызда жыл санап табиғат пайдаланушылар қатары өсіп келеді. Аталмыш ҒЗИ-мен 2007 жылы балық шаруашылығы қолданылуында 17 су айдынынан 378 тонна балық аулауға лимит берілген. 2008 жылы 14 су айдынынан - 256,8 тонна, 2009 жылы 15 шақты су айдынынан - 775,5 тонна, 2010 жылы 27 су айдынынан - 1185 тонна, 2011 жылы 17 су айдынынан - 1132,6 тонна, 2012 жылы 14 су айдынынан - 605,5 тонна, 2013 жылы 8 су айдынынан - 288 тонна, 2014 жылы 10 су айдынынан - 273,4 тонна, 2015 жылы 8 су айдынынан - 257,6 тонна, 2016 жылы 12 су айдынынан 355,7 тонна балық ұстау лимиті бекітілді. Ең көп балық аулау көлемі 2010-2011 жылдарға сәйкес келеді. Өйткені бұл жылдары әкімдіктің шешімі бойынша су айдындары табиғат пайдаланушыларға көбірек бекітілген.
Соңғы кезде табиғат пайдаланушылар балық аулаудың экстенсивті түрінен интенсивті түріне көшірілуде. «Бұл үшін кейбір су айдындары көлдік тауарлық балық шаруашылығына көшіріледі. Осы жағдайда табиғи ихтиофаунаны құнды кәсіби балық түрлерімен алмастыра отырып, су айдындарына құнды балықтар жіберіп, толықтырады. Осының арқасында балық көбейіп, балық аулау өнімділігі артады. Биыл үш су айдыны көлдік тауарлық балық шаруашылығын жүргізуге ұсынылды. Олар - Жаман Бөрлі (Федоровка жағында), Улекта (Орал-Ақсай күре жолы жағында), Гремячий (Белес ауылы маңында). Осы шаралардың барлығы өзен-көлдердегі балық түрін молайтуға, облыс тұрғындарын балық түрлерімен молынан қамтуға жол ашады», - деді «Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-ның БҚФ-ның директоры Төреш Мырзашев.

Жаңақала ауданынан Н.Ғаббасов «Қаңғыбас иттер қажытты» деп қаңғыбас иттер мәселесін көтерген.
Соңғы кезде ауданда «үйірімен» жүретін иттерден бала тұрмақ, үлкендердің өзі қорқатын болды. Әсіресе, таңертеңгі мезгілде балаңды сабаққа апарайын деп мектепке бара қалсаңыз, мектеп аулаларында қаптап жүрген иттерді көріп, бала түгілі, өзің мектепке әзер кіресің. Сол мектеп аулаларында жүрген төрт аяқтылар - бір-бір үйдің асыранды иттері. Оқушы балаларға еріп келген иттер, кішкентай қожайыны мектепке кіріп кеткендіктен, оны күтіп, аула ішінде қалып, басқа балаларға қауіп төндіруде.
Мұндай қараусыз жүрген асыранды иттерді айтпағанда, қоқыс жәшігін аралап қаңғып жүрген иесіз қаңғыбас иттер қаншама?! Жылына екі рет кемінде 8-9-дан күшіктейтін қаңғыбас иттер жыл сайын жүздеп ұсталып, атылып жатса да, азаятын түрі жоқ. Ауыл тұрғындары тамақ іздеп, әбден ашынып, ызаланған иттер шабуыл жасай ма деп, балаларын мектепке жалғыз жіберуден қалды. Тіпті мұндай оқиғалар ауданымызда жиілеп барады. Жақында Анель есімді бүлдіршінді Ж. есімді ауыл тұрғынының асыранды иті қауып алған. Анельдің анасы Әсемгүл Сүлейменова:
- Анель және Жанель есімді егіз қыздарым мектепалды даярлыққа барады. Әкесі екеуміз жұмыста болғандықтан, қыздарымды сабақтан әжесі алып келеді. 18 қазан күні сағат түскі 12-нің шамасында әжесі әдеттегідей немерелерін алып үйге келеді. Жанель әжетханаға барғысы келіп қысылғандықтан, әжесі оны алып үйге кіріп кетеді де, ал Анель көрші балалармен аулада ойнай тұрайыншы деп сыртта қалады. Осы қас қағым сәтте сыртта қалған Анельдің қатты жылаған дауысы естіледі. Бір жамандықтың болғанын сезген әжесі жүгіріп сыртқа шықса, бет-аузы қанға боялып, бір нәрседен қатты қорқып тұрған Анельді көреді. Не болғанын түсіне алмай абдырап тұрған әжесінің қасына келген көршісі Анельді сары түсті иттің қауып алғанын, оны иттен әзер арашалап алғанын айтады. Дер кезінде «Жедел жәрдемге» қоңырау шалып, итке қабылған қызыма алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Ендігі жерде қызымның алдағы уақытта ем-домын дұрыс алуы үшін қапқан итті анықтау керек болды. Осы мақсатта есік алдындағы қоқыс жәшігінде тамақ іздеп толып жүретін иттерді аңдыдым. Іздеген сары итім көп күттірмеді. Қызымды қапқан сары ит қоқыс жәшігін айналып өтіп, көпқабатты үйлердің бірінің жанында әңгімеле-сіп тұрған бір топ адамның арасына барды. Сол жерде велосипед ұстап тұрған бір жас жігітке барып еркелеп, иіскелеп, соның қасынан шықпай қойды. Сол жерге барып «Мына ит кімдікі?» деген сұрағыма велосипед ұстаған қараторы жас жігіт «Менікі, жай ма?» деп қарсы сұрақ қойды. Мен «Кімнің баласысыз?» деп едім, бір нәрседен сезіктенді ме «Неге, жайшылық па?» деп қатқылдау сөйледі. «Итіңіз қызымды қауып алды, сол себептен иттің иесін іздеп жүрмін» деп едім, «Бұл ит қабаған емес, қызыңыздың өзі ойнап жабысқан шығар» деп велосипедіне мініп алып кетіп қалды. Артынан қасында тұрған адамдардан иттің қожайынының аты-жөнін сұрастырып біліп, полиция қызметкерлеріне хабарладым. Қазір иттің құтыру ауруына қарсы егілгендігі анықталуда, - деді қызының денсаулығына алаңдаған ана.
Бұл - тек бір ғана оқиға, аудандық орталықтандырылған аурухананың мәліметіне сүйенсек, соңғы тоғыз айда аудан бойынша үй жануарларына тістеліп немесе таланап қалған адамдар саны 50-ге жеткен.
- Биыл итке қабылып түскен 50 адамның 24-і Жаңақала ауылынан. Адам қапқан 24 иттің 18-інің иесі анықталған болса, алты ит иесіз болып табылды. Бұл дегеніміз - алты адам ит қапқан дене жарақатынан бөлек, түрлі ауру жұқтыру қаупіне ұрынды деген сөз. Тұрғындар үй жануарларына қабылып, «Жедел жәрдем» бөліміне түскен кезде біз дереу тұтынушылар құқығын қорғау басқар-масына және аудандық ІІБ-ға жедел хабарлама түсіреміз. Ал олар ит иесін анықтап, иесі анықталған жағдайда адамға жұғатын аса қауіпті, жұқпалы және вирусты аурулардың барлығына зерттеу жүргізу үшін жануарды 10 күн қамауда ұстайды. Егер жануар клиникалық сау болып танылған жағдайда, ол иесіне қайтарылады. Одан әрі біз қабылған адамды толық тексерістен өткізіп, құтыруға қарсы вакцинаны егуді тоқтатамыз, - дейді аурухананың хирург дәрігері Арман Жоламанов.
Енді аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының соңғы үш жылдағы мәліметіне жүгінсек, үй жануарларына қабылып немесе талану оқиғалары Жаңақала, Пятимар, Бірлік, Көпжасар және Жаңақазан ауылдық округтерінде көптеп кездеседі екен. Бір қуантарлығы, ауыл тұрғындарын қапқан сол иттердің ешбіреуінен құтыру белгісі табылмаған.
Жаңақала ауданы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Жаңақала аудандық ветеринариялық станция» МКК директорының міндетін атқарушы Берік Шорманов:
- Ит ату ережесінің сақталмауынан ауыл тұрғындары жарақаттанған оқиғалар болғандығы рас. Сол себептен де биыл біз ұйықтататын дәрі жағылған инемен ататын пневматикалық мылтық сатып алдық. Бұл қару мылтыққа қарағанда қауіпсіз. Пневматикалық мылтықпен атып ұйықтату тәсілі арқылы биыл аудан бойынша 437 ит ауланып жойылды.
Ал Еуропа елдеріндегідей итті аулап, арнайы жерде ұстау тәсіліне келсек, ол - өте дұрыс әдіс. Бірақ ол үшін көп қаражат керек. Бізге қаңғыбас иттерді жою үшін жергілікті бюджеттен жылына 600 мың теңгеге жуық қаражат қана бөлінеді. Ал жаңағы иненің басына жағатын дәрінің өзі 100 мың теңге тұрады. Қаңғыбас иттерді қамап ұстау үшін оларға арнайы орын, тамақ және оларды қадағалап қарау үшін арнайы қызметші қажет. Оның барлығына қанша қаражат қажет екенін өзіңіз ойлап көріңіз, - дейді.
Жауапты мамандармен сұхбаттаса отырып, жалпы осы салада әлі де шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бар екендігіне көз жеткіздік. Бөлінген қаражаттың аздығы қаңғыбас иттермен күрес жүргізуге біршама кедергі келтіріп отыр. «Жылына мұнша қаржы бөлінді, оған мынадай көлемде ит өлтірілді» деген жалаң цифр мен статистикаға сүйене берсек, ертең мұның бетін қайтару қиын болып қалуы бек мүмкін. Сол себепті қаңғыбас иттермен күресті жүйелі жолға қойған дұрыс. Өйткені оның артында адам өмірі тұр...

Шыңғырлау ауданынан А.Шотпанов «Алматыдан жеткен аманат» жөнінде баяндайды.
Таяуда Алатаудың баурайындағы ару қала Алматыдан Шыңғырлауға сәлемдеме келіп жетті. Біреуінің өзі, біреуінің әкесі шыңғырлаулық болып келетін қос апамыз сәлемдеме сый жолдапты. Екі қорап ағаш көшеттері.
Сәлемдемені жолдағандар - жерлес апамыз Толқын Қазмағанбетова мен академик Лұқпан Қылышевтың қызы Алма Қылышева.
Ойхой, Толқын апай?! Тағы да жақсы ісіңмен қуанттың-ау бізді. Осыдан біраз күн бұрын апай телефон шалды. «Біздер, Алма апаң екеуміз туған жерге ағаш көшеттерін жібергелі жатырмыз. Тұқымды немерелеріммен бірге теріп, әзірлеп қойдым. Қорапшаға салып беретін кісі іздестірудеміз. Өзің күтіп ал». Айтты, бітті. Елжанды апайдың еркін сөзі қанат бітіргендей болды. Дереу аудан басшысына, орман шаруашылығы мекемесіне телефонмен хабарласып, жұмысты бастап жібердік. Тұқымдарды қайда егеміз, үлгеруіміз керек. Жоспар жасап, қай жердің ыңғайлы болатынын ойлап дегендей.
Сөйтіп, күткен күн де жетті-ау. «Алматы-Орал» жолаушылар пойызының 10-вагонына жіберілген сәлемдемені күтіп алдық. Бәрі ойдағыдай.
Жолсерік жігіт суретке түсуден бас тартып еді: «Бұл - тарихи оқиға, ертең емен, қарағайлар жайнап тұратын болады жерімізде, ал оның тұқымдарын сен әкелдің, азамат», - деп көндірдік, әйтеуір.
Екі қорапты алып, аудан әкімі Альберт Есәлиевтің кабинетіне келдім. Жауапты адамдар жинала қалдық. Альберт Темірболатұлы жасы сексеннен асқан апайдың ауданды абаттандыруға қатысты үлесіне риза болды. Біз де қуандық. Айтпақшы, хаты қораптармен бірге келіпті.
Хат «Туған елге сәлем!» - деп басталыпты. Алыстан елді аңсап жүрген апамыз алғашқы кезекте өзін оқытқан ұстаздарын еске алып, аты-жөндерін жазыпты.
Ш. Сағындықов, М. Жанәлиев, Хайрушев, оқу ісінің меңгерушісі Лукерия Кириллқызы, Хасен Ергемұлын еске түсіре отырып, соғыс кезіндегі мектеп үйі, ондағы оқу үдерісіндегі қиындықтарды баяндайды.
«1943 жылдың күзінде ауылға вагонмен кісілер келді. Мектепке Украинадан келген адамдарды орналастырды. Біз оларға отын, су әкеліп беріп тұрдық. Ішінде кәрі адамдар болды. Оларды Цхай, Жамал Аманжолова және басқа да дәрігерлер емдеді. Солардың арасынан бір апай ұлты орыс әлде еврей ме екен, географиядан сабақ берді. Бізге орысша ән үйрететін. «Впереди страна Болгария, поза-ди река Дунай» - деген жолдар есімде қалыпты». Жады қандай жақсы апайдың. Жеті параққа жазған хатының ішінде өлеңдер де бар екен.
Ұстаздар асыл жан боп жаралған,
Сан мың ұрпақ құштарлықпен нәр алған.
Талайлардың көкірегін оятып,
Есімдері күллі әлемге таралған, - деген өлең жолдарын жаза отырып, «Қайдасыңдар, достарым», - деп тебіренеді алматылық апамыз. Достары Ұштап, Мақпал Айтжанова, Сәуле Шотаева, Шабақ, Қалима Иманғалиеваларды сағынышпен еске алады.
Хатты оқи отырып, Толқын Рақымжанқызының ерік-жігеріне, елге деген сарқылмас сағынышы мен перзенттік махаббатына таңғалдық, кең жүректілігіне риза болдық.
Енді сәлемдемеге келейік. Ағаш тұқымдарын егу жөнінде аудан басшысымен ақылдасып, ішкі саясат бөлімінің басшысы Анар Аманкелдіқызы және орман шаруашылығының басшысы Нұрлан Ықсанұлының ұйымдастыруымен игі іс атқарылды. Емен, каштан ағаш тұқымдары орталық саябаққа егілді. Бір қуаныштысы - дәрігер апаларының беріп жіберген аманатын жас дәрігерлер мен орманшылар өз қолдарымен отырғызды. Аманат орындалды деуге болады. Ал қалған тұқымдар аудандық орман шаруашылығы мекемесінің көшеттер өсіретін арнайы орындарына егілді.
Қазанның соңғы күндерін ала келген қар аппақ болып жер бетін басып қалды. Ақ ниетпен сәлемін жолдаған апамыздың аманатын орындау сәтінде аспаннан жапалақтап жауған ақ қарды жақсылыққа жорыдық. Лайым, солай болсын.
Айтпақшы, апамыз хатының соңында: «Мен сендерді сағындым, елдегі істеліп жатқан жақсылықтарға риза болып қайттым (жазда келіп кеткен еді). Жеңістің 70 жылдығына шыққан шағын кітапшаға ризамын, оны жалғастырып, батырлардың ұрпақтары туралы көрсетіп жазсаңдар, жақсы болар еді», - депті.
Елім деп жүрегі елжіреп жүрген алматылық апамызға: «Ел сіздермен бірге. Жерлестік қатынасымызды үзбейік. Алматы мен Шыңғырлау арасындағы тілектер жалғасады. Сіздер жіберген тұқымдардан болашақта дәу емен бой түзеп, өздеріңіздей берік, төңірегіне түгел саялы болғай», дейміз.

А.Өтебәлі «Тойға тегін көмек» деген ақпаратында облыс әкімдігінде облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысы өткенін хабарлаған.
Бұл жиынды облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов жүргізіп, ең алдымен жиналғандарды отырыстың күн тәртібімен таныстырды. Күн тәртібіне сәйкес жиында ана мен бала денсаулығын қорғау мәселесі, жастардың жұмысқа орналасуына ықпал ету бойынша ресурстық орталықтар жұмысы және Жәнібек ауданы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның жұмысы жөніндегі баяндамалар тыңдалды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұржамал Жұмағұлованың сөзінше, облыста балаларды емдеу және әйелдерді босандыруға жәрдемдесу ұйымдарының жабдықталуы талап етілген нормативтерге сәйкестендірілген. Аудандардағы осындай ұйымдардың заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталуы 82,87 пайыз, көп бейінді балалар ауруханасында 85,88 пайызды құрайды. Жалпы, облыс бойынша мұндай ұйымдар қажетті құрал-жабдықтармен 90 пайызға жабдықталған.
- Ана өлім-жітімінің көрсеткішін талдауда 2015 жылдан бастап оның тұрақты төмендеуі байқалуда. Облыс рейтингіне едәуір әсер ететін индикаторлардың бірі нәресте өлім-жітімінің көрсеткіші болып табылады. Бұл 1000 тірі туылған сәбиге 7,5 пайызды құрады, 2015 жылы бұл көрсеткіш 8,6 пайыз болған, республикалық көрсеткіш - 8,8 пайыз. Мұндай жақсы көрсеткіштер ана мен бала денсаулығын қорғау бойынша жасақталған жоспарлы жұмыстардың тиянақты орындалуы нәтижесінде болып отыр. Биыл 9897 әйелге перинаталдық биохимиялық скрининг жүргізілді. Және 10082 жаңа туған нәресте неонаталдық скринингтен өткізіліп, нәтижесінде 5 баланың ауру екені анықталды. Бұл балалар арнайы есепке алынды. Сондай-ақ биылғы 9 айда 65 әйел және 729 бала Астана және Алматы қалаларындағы ғылыми орталықтарға жолданды. Кардиологиялық көмек көрсету жөніндегі «Жол картасы» бойынша ағымдағы жылдың 9 айында 33 балаға ота жасалды, - деген Нұржамал Жұмағұлова одан әрі әйелдер мен балаларға медициналық көмек сапасын жақсарту мақсатында өңірімізде ұйымдастырылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.
Бұдан соң облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың директоры Кенесары Нұршинов сөйлеп, орталық-қа жастардың көбінесе жұмыссыздық мәселесімен келетінін айтты. Оның сөзінше, осы мәселені шешу мақсатында орталық бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізіп, түрлі мекемелермен, кәсіпкерлермен серіктестік туралы келісімшарт жасасуда. 2014 жылдан күні бүгінге дейін барлығы 248 меморандумға қол қойылған. Осындай жұмыстардың нәтижесінде биыл жұмыссыздық мәселесімен жолыққан 2030 адамның 366-сы тұрақты жұмыспен қамтылған. Ол сондай-ақ ресурс орталығы мамандарының жоғары оқу орындары мен мектептерге және қаладағы жалдамалы жұмысшылар жиналатын жерлерге тоқсан сайын барып, жастармен кездесу өткізетінін айтты. Бұдан басқа жалғызілікті жас аналар мен мүмкіншілігі шектеулі жандарға да орталық тарапынан қажетті кеңестер беріліп, нақты көмектер көрсетілуде. Мысалы, орталық мүмкіндігі шектеулі Өмірболат Сейітқалиевке жеке кәсібін ашуға көмектесті. Сондай-ақ орталықтың көмегі арқасында Сырым, Жаңақала, Қазталов аудандарында, Орал қаласында мүмкіндігі шектеулі жастардың үйлену тойларына көмек көрсетіліп, оларға той барысындағы қызметтердің тегін көрсетілуіне жағдай жасалды, - деген Кенесары Нұршинов ««Зенит» зауыты» АҚ, «Батыс су арнасы» ЖШС және «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ, «Гидроприбор» ҒЗИ АҚ, секілді ірі мекемелерде жастар ісі жөніндегі комитеттер құрылып, олардың белсенді жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
Жиын барысында баяндамашыларға комиссия төрағасы мен мүшелері тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, оған тиісті жауаптар қайтарылды. Ұйымдастырушылар аудандардағы комиссия жұмысына бақылау жасалуы керектігін айтып, келесі отырысқа өз ұсыныстарымен келуді тапсырды. Бұл аталмыш комиссия жұмысын ширату үшін қажет.

,
БҚО әділет департаментінің заңды тұлғаларды тіркеу жұмысын ұйымдастыру бөлімінің бас маманы А.Бұсұрманова «Қазақстан 21-орында!» деген мақаласында «Елбасымыз «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында Қазақстан Республикасы үшін 2050 жылға дейінгі жаңа бағыттың экономикалық саясатын ұсынған болатын. Елдің экономикасын дамытуда жеке кәсіпкерлік субъектілерінің алатын орны ерекше», деп жазады.
Елбасы Жолдауының ең негізгі мақсаты - 2050 жылы Қазақстан Республикасын әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосу және ұлттық экономикамыздың жетекші күші кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау. Аталған мәселелерді жүзеге асыру үшін жергілікті бизнес-бастамаларды көтермелеу және мейлінше аз, бірақ қатаң реттеу есебінен ішкі нарықты дамыту, кәсіпкерлік жолындағы қолдан жасалатын кедергілерді болдырмау, жаңа жағдайларды, соның ішінде біздің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргенімізді ескере отырып, отандық кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін жетілдіру және олардың мүдделерін қорғау мен ілгерілету үшін қажетті барлық шараны қабылдау да маңызды.
Бүгінгі таңда елімізде жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғаның тіркелу жүйесін жеңілдету үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, кәсіпорынды ашу саласында бүгінгі таңда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін «электронды үкімет» веб-порталында тіркеу мерзімін өтінішті берген кезден бастап жұмыс күнінің бір сағаты ішінде жүзеге асырылады. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және қызметінің тоқтатуын тіркеу кезінде тіркеу алымын төлеу жойылып, шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін 100 теңге жарғылық капиталын талап ету алынып тасталды. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғалар үшін мөрдің болу талабы жойылды және аталған санаттағы заңды тұлғалар үшін (акционерлік қоғам мен коммерциялық емес ұйымдарды қоспағанда) тіркелу органына құрылтай құжаты ретінде жарғы талап етілмейді. Өз кезегінде кәсіпкерлік субъектілері тиісті мемлекеттік немесе өзге де ұйымдарға ұсынуы мүмкін өздеріне қажетті ақпараттық анықтамалар түрлерін халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы немесе «электронды үкімет» веб-порталы арқылы жылдам ала алады. Аталған өзгерістердің барлығы жоғарыда аталған құжаттарды орындау аясында кәсіпкерлік субъектілеріне жасалған жеңілдіктер болып табылады.
«Алдымен экономика, содан соң саясат» деген қазақстандық даму формуласы өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Тәуелсіздік алған жылдары басталған экономикалық модернизация бүгінде жанжақты орындалуда. Заңды тұлғаларды тіркеу саласында енгізілген бұл өзгерістер еліміздегі кәсіпкерліктің дамуына себебін тигізері сөзсіз.
Қазіргі таңда ел экономикасы әлемге әйгілі халықаралық бедел көрсеткішімен бағаланады. Соның бірі - «Doing Business» Дүниежүзілік банкінің рейтингі. «Doing Business» Дүниежүзілік банкінің есеп беруі бойынша 2015 жылы Қазақстан Республикасы әлем елдері арасында 41-орынды алып, «Кәсіпорынды ашу» көрсеткіші бойынша 21-орынға көтерілген.

Н.Оразаев «60 адамды жұмыспен қамтыған қос нысан» деген мақаласында оралдық кәсіпкерді үлгі етеді.
Зашаған кентінің «СХИ» деп аталып кеткен аймағында су жаңа бөбекжай мен моншаның бар екенін екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Соңғы кездерде осы екеуінің атына байланысты жылы лебіздерді жиі естіп жүргендіктен, «Жақсыны көрмекке» деп, қос нысанды аралап көрдік. Енді сол көрген-білгендеріміз бен алған әсерімізді газет оқырмандарымен бөлісуді жөн санадық.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің бизнес өкілдерімен өтетін үлкенді-кішілі басқосулардың бәрінде дерлік «Біз сіздердің бай-қуатты болуларыңызға барынша жағдай жасадық, жылдар бойы сіздердің компанияларыңыздың көтерілуіне жан-жақты көмек көрсеттік. Енді сіздер халыққа қарай бет бұруларыңыз керек. Халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарса, бизнестің болашағы да кемелдене бермек», - деген пікірді үнемі кәсіпкерлердің санасына сіңіріп келеді.
Өңіріміздегі көптеген кәсіпкерлер бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінен жалтарған емес. Айталық, аулаларды абаттандыру, балабақшалар салу немесе оларға құрал-жабдықтар алып беру, мектеп салу немесе кірісі аз отбасылардың ұл-қыздарын жаңа оқу жылына даярлау секілді игі істердің басы-қасында үнемі үлкен жүректі кәсіпкерлер жүреді.
Міне, осылардың қатарына жоғарыда айтқан қос нысанның иесі «Өрлеу жолы» деп аталатын жауапкершілігі шектеулі серіктестікті де қосуға болады. Ол 200 орындық «Жәңгір хан» бөбекжайы мен «Хан-Арасан» атты қоғамдық монша салып, 60 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, "Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін" дамытуға сүбелі үлес қосуда.
Кәсіпкерлік иелігіндегі «Жәңгір хан» балабақшасы 2015 жылы ашылған. Ілкіде 150 балдырғанды қамтыған бөбекжайда бүгін 205 бүлдіршін тәрбиеленуде. Балабақша 40 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жас ерекшеліктеріне қарай сегіз топқа бөлінген бүлдіршіндерге бастапқы сапалы білім, саналы тәрбие алуға барлық жағдай жасалған.
- Балабақшадағы әр топта 25 балдырғаннан бар. Әрқайсысына екі тәрбиеші мен бір көмекші тәрбиеші бекітілген. Барлығы да тәжірибелі, білікті мамандар. Өткен жылы бөбекжайға арнайы білімі бар үш жас маман қызметке тұрса, биылғы оқу жылында да үш жас маманды жұмысқа алдық. Балабақшада бүлдіршіндердің оқып, алғашқы білім алуларына, уақтылы демалуларына, ойнауларына барлық жағдай бар. Мектепалды даярлық топтарына қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгеру, компьютер мен бейнелеу өнеріне баулу кабинеттері заманауи құрылғылармен жабдықталып, арнайы мамандармен қамтылған. Мемлекет тарапынан да зор қолдау көріп отырмыз. Әр балдырғанға мемлекеттік тапсырыс арқылы 19 мың теңге шамасында демеуқаржы төленеді. Балабақшада қызмет ететін адамдардың еңбекақылары сол қаржы есебінен төленеді. Бұл - біздер үшін үлкен қолдау. Балабақшаға келуші балалар да, олардың ата-аналары да дән риза. Бүлдіршіндерін біздің бөбекжайға әкелгісі келетіндер саны да көп. Оларды кезекке тіркеп отырамыз, - дейді бөбекжай меңгерушісі Жангүлім Қадемова (суретте).
Таяуда ашылған «Хан-Арасан» деп аталатын үш қабатты көпшілік монша ғимараты заман талабына сай салынған. Астыңғы қабатында адам кірсе-шыққысыз екі сауна, екінші қабатында әйел адамдар, үшінші қабатында ер-азаматтарға арналған монша орналасқан. Әр қабатта шаштараз, сұлулық салоны, шайхана бар.
Моншаға соңғы үлгідегі жылу қазандықтары қойылған. Дүйсенбіден басқа күні қала тұрғындарына қызмет көрсететін моншаға келушілердің қарасы көп. Он шақты адамға есептелген, ішінде бильярд, караокесі бар саунаның құны сағатына 10 мың теңге болса, шағындау сауна сағатына 5 мың теңге. Ерлер және әйелдерге арналған көпшілік моншаға бір мезетте жүздеген адам жуына алады. Моншаның бағасы ересектерге 600 теңге болса, балаларға - 400 теңге.
- 2013 жылы «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» бағдарламасы аясында қалалық әкімдіктен құрылыс салуға жер телімін алып, балабақша мен моншаның құрылысын бастадық. 2015 жылдың қыркүйегінде бөбекжайды пайдалануға бердік. Ал осыдан бір ай турасында моншаның құрылысы аяқталды. Тек ғимараттардың құрылысы ғана емес, барлық инфрақұрылым желілерін өз күшімізбен, жеке қаржымызбен жүргіздік. Әрине, құрылыс жұмыстары қомақты қаржыны, уақыт пен шыдамдылықты талап етті. Бірақ екі нысанның да игілігін көріп, алғыстарын жаудырған халықтың бата-тілегін естігенде, қиындығымыз ұмытылғандай, - дейді «Өрлеу жолы» ЖШС директоры Ақмарал Бахаева (суретте).
Міне, заман талабына сай кәсібінен нәсіп тапқан «Өрлеу жолы» ЖШС-ның бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Тек өз қара басын ойлап, пайда табуды ғана мақсат тұтпай, ел игілігі, халықтың мүддесі үшін қызмет атқарып жүрген кәсіпкер атаулы табысқа кенеле бергей делік.

Соңғы жаңалықтар