Туберкулез диагностикасы: Кох таяқшаларын 2 сағаттың ішінде анықтауға болады

АСТАНА. KAZINFORM — Енді елімізде туберкулез дертін екі сағаттың ішінде диагностикалау мүмкіндігі бар.

Ғалымдар туберкулезге қарсы күресте үлкен жетістікке жетті
Фото: Report.az

Толығырақ Денсаулық сақтау министрлігінің ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры, Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас фтизиатр-дәрігері Мәлік Әденов айтып берді.

— Елімізде медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдары деңгейінде туберкулезді диагностикалаудың заманауи жылдам молекулалық-генетикалық әдістері енгізілді. Бұл туберкулез микобактерияларының туберкулезге қарсы препараттарға дәрілік сезімталдығын 2 сағаттың ішінде анықтауға мүмкіндік береді. Бұл емді бастамас бұрын уақытты едәуір қысқартуға және аурудың таралу қаупін азайтуға мүмкіндік береді, — деді Мәлік Әденов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, туберкулез дертін диагностикалаудың зертханалық әдістері халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және барлық өңірдегі орталықтарда бар. 

Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының ақпаратына сүйенсек, биыл 6 айда медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында туберкулезге күдікті 44 941 адам XpertMTB/Rif әдісімен зерттеуден өтті. Оның ішінде 4 230 адамнан оң жағдай анықталды (9,4%). 

— Туберкулез инфекциясы анықталған 8633 пациент профилактикалық ем алды. Сол сияқты 600 мыңнан астам қазақстандық флюорографиялық зерттеу-қараудан өтті, — дейді министрлік өкілі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай биыл алты айда елімізде туберкулез дертінен өлім-жітім 20 пайызға төмендеді.

Ал биыл наурыздағы есеп бойынша елімізде туберкулезден өлім-жітім 50 пайызға азайған

Айта кетейік, АҚШ ғалымдары туберкулезге қарсы күресте үлкен жетістікке жетті

Соңғы жаңалықтар