14:24, 14 Ақпан 2013 | GMT +5
Туберкулезге шалдыққан сотталушылар дәрі-дәрмектермен 90 пайызға қамтылып отыр - вице-министр
АСТАНА. 14 ақпан. ҚазАқпарат - Еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде отырған туберкулезбен ауыратындар дені сау жазасын өтеушілерден толық оқшауланған.

Бұл туралы бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің іске асырылу мәселесін талқылау барысында Ішкі істер министрінің орынбасары Амантай Күреңбеков мәлім етті.
Министр орынбасарының айтуынша, бүгінгі таңда еліміздің Қылмыстық-атқару жүйесінде құрт ауруына шалдыққандар саны 831 адамды құраған. «Бұлардың барлығы басқа сотталушылардан толық оқшауландырылған. Аумақтық денсаулық сақтау ұйымдарының жәрдемі арқасында біз оларға көмекті дер кезінде көрсетіп келеміз. Қазіргі таңда ондай азаматтардың медициналық препараттармен, дәрі-дәрмекпен қамтылу көрсеткіші 90 пайызды құрап отыр», - деді А. Күреңбеков.