Түбіртектегі «ОДН»: Көпқабатты үйлерде тұрғындардың ақшасын қалай ұрлайды

Астана қалалық тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әлиxан Қуатбековтың айтуынша, үйдің жалпы қажеттіліктеріне кететін электр энергияның ақысын бақылау үшін арнайы есептеуіш құралдары бар. Оны қызмет көрсетуші компания орнатуы тиіс. Сосын аталған құралдары міндетті түрде коммерциялық есепке тапсыру қажет. «Есептеуіш құралдары «Астанаэнергосбыт»-қа коммерциялық есепке тапсырылса, барлық шығындар дұрыс әрі әділ есептеліп, тұрғындар арасында тең бөлінеді. Сондықтан есептеуіш құралдарын коммерциялық есепке тапсыруды талап ету керек. Әйтпесе, ПИК, яғни қызмет көрсетуші компания жасырын басқа бір киоскілерді, сауда орындарының шығындарын қосып жіберуі мүмкін. Сол себепті коммерциялық есепке міндетті түрде беру керек. Сонда ұрлық та болмайды, қосып жіберу де болмайды. Негізі, (Астанада әрбір пәтер үшін - авт.) 700-1 000 теңге көп. Дегенмен, барлығы тұрғын үйдің инфрақұрылымына байланысты. Ал, енді, бес қабатты үйлерде подьезд бен есік алдындағы жарықтан басқа ештеңе жоқ қой. Мәселен, көпқабатты үйлерде лифтілер, су айдау қондырғылары және тағысын тағы бар. Бұның барлығы - энергия. «ОДН» деген сол», - деді Ә.Қуатбеков ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.
Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, жалпы қажеттіліктеріне кететін электр энергияның ақысын бөлек тариф, немесе электр қуаты үшін келетін төлемнің ішіне кіргізуге болады. Бірақ бұның барлығы тұрғындардың жалпы жиналысында xаттаманың негізінде шешілуі тиіс.
Айта кетейік, Астанада көпқабатты үйлерде әрбір пәтерге келетін осы төлемақының көлемі 700-1 000 теңгеге дейін жетіп жатады.