Туған елдің туын биік көтерген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Біздің халқымыз ірі тұлғаларға бай. Қазақты қазақ етіп, оның тарихын жасаған, айтулы ұлттардың қатарына қосып, әлемге атын шығарған осы тұлғаларымыз. Соңғы жылдары тарих ғылымында «Тұлғатану» атты жаңа сала пайда болып, жан-жақты дамып келе жатыр. Тұлғаларды дәріптеу, оларды кейінгі ұрпаққа таныстыру - үлкен тәрбиелік мәні бар өзекті мәселе. Ертеректе өткен хандарымыздың, батырлар мен билеріміздің, ақын-жыршылары­мыз­дың тұлғалары зерттеліп, тарихтағы орны анықталуда. Сол сияқты көр­некті қоғам қайраткерлері, ел басқарған, халқына адал қызмет еткен абзал азаматтардың өнегелi өмірі де жан-жақты зерттелуде. Солардың ішінде Асанбай Асқаров ағамыздың алатын орны ерекше.
None
None

Өмір жолын 17 жасында мектеп мұ­ға­лімінен бастаған Асекең, 1942-1946 жыл­дары Армия қатарына шақырылып, ба­тальон, полк деңгейінде әскери-сая­си ұйымдастырушылық қызметтер ат­қарды. Ұлы отан соғысы жылдарында жауын­герлерді баптап, оларды қаһар­ман­дық, ерлік көрсетуге баулып, жеңіс­ке жетуімізге үлкен үлес қосты.

Соғыстан елге оралған соң, саяси жә­не идеологиялық жұмыстармен ай­на­лысты. Аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, аудандық, облыстық комсомол комитеттерінің хатшысы болды. Жамбыл облысының Красногор жә­не Меркі аудандарында партия ко­митетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Небәрі 36 жасында Жамбыл облыстық Кеңесі атқару комитетінің тө­ра­ғасы, екі жылдан кейін осы облыс­тың партия комитетінің бірінші хат­шысы болып сайланды. Облыстың эко­номикасын, мәдениетін дамытуға ора­сан зор еңбек сіңірді. Ірі өндіріс орын­дары бой көтерді, ғылыми-зерттеу орталықтары, мәдениет ошақтары ашыл­ды. Жамбыл қаласы өсіп-өнген, гүл­денген қалаға айналды. Халықтың мә­дениеті мен тұрмысы жақсарды. 
1965-1978 жылдары Алматы облыс­тық партия комитетінің бірінші хат­шы­сы қызметін атқарды. Астаналық об­лыс­тың ғылыми-техникалық, мә­­дени-әлеу­мет­тік, экономикалық әлеуетін биік дең­гейге көтерді. Балқаш өңіріндегі Ақдала алқаптары күріш өсіретін асыл аймаққа айналды. Қарадала, Шеңгелді, күртідегі Бозай аймақтары суландырылып, мол­шылық, береке мекеніне айналды. Бүкіл Жетісу өңірі гүлдей жайнап түр­лен­ді. Алматы қаласы көркейіп өсе түс­ті. Жаңа ірі өндіріс орындары ашы­лып, ықшам аудандар дүниеге келді. Көп­теген сәулетті ескерткіштер мен алып ғимараттар соғылып, көшелері сән түзеді.
1978-1985  жылдары Оңтүстік Қазақ­стан облысын басқарып, оны жандан­ды­рып, гүлдендіріп, көркейтіп кетті. Жос­пардағы нысандарды былай қой­ған­­да, оған қоса, Даңқ мемориалы, ба­лалар темір жолы, ипподром, зоопарк, ден­д­ропарк сияқты халыққа қызмет ететін нысандарды іске қосты. Облыс тұр­ғын­да­ры Асекеңнің оңтүстік өңі­ріне сіңір­ген ерен еңбегін осы күнге дейін аңыз етіп айтып жүр. 
Асекең зейнетке шығысымен Шым­кенттен Алматыға көшіп келді. Көп ұза­май Горбачевтың  өзімбілермен, өр­көкірек, солақай саясатының кесі­рі­нен Желтоқсан оқиғасы бұрқ етті. Ол бәрімізге, жалпы қазақ халқының ба­сына түскен үлкен нәубет еді. Жел­тоқсан оқиғасын ұйымдастырушы­лар­дың бірі Асанбай Асқаров деп байбалам салу­шылар шықты. Көпе-көрнеу жап­қан жала, ойдан құрастырылған кінә асқындай түсті. Менің шамалауымша, Асекеңді ұстап, тар қапасқа жабуға, бі­рін­шіден, көре алмаушылық себеп бол­ды. Екіншіден, және ең басты себеп, түк кінәсі жоқ Асекеңді ұстап, темір тор­ға қамағандағы солақайлардың мақ­саты - Асекең арқылы Д. Қонаевты да қаралап, масқараламақшы болды. Екеуі құда, екеуінің арасында қалайша алыс-беріс болмайды, соны дәлелдеу керек, ал араларында шын мәнінде алыс-беріс жоқ болса, оны «болдыру» керек деп жанталасты.
Горбачевтың негізгі мақсаты - Ди­мекеңді орнынан тайдырып, бас кө­те­рер қазақтарды бір-біріне айдап сап, мансапқа таластырып, халқымызды құ­лақ кесті құлға айналдырып басқару бо­латын. Өкінішке қарай, оның ол ойы­ның біразы жүзеге де асты. Өзбе­кстан­ды «мақта ісімен» қаралағаны сияқты «қазақ ісін» ұйымдастырып, біраз абзал азаматтарды қамауға алды. Қазақтың кейбіреулерінің қолтығына су бүркіп, туған халқына қарсы айдап салды. 
Асекеңе тағылған кінәлар дәлел­денбеді. Мысалы, «Асанбай Асқаров туыс­тарын Шымкентке алып барып, лауазымды қызметке қойды-мыс» деген сөз болды. Асекең Шымкентке өз туыс­тарынан бір адамды да апармаған. Сол елдің жергілікті азаматтарымен қызмет істеді. Қорғасын зауыты, мақта, тағы ба­сқа шаруашылық өнімін қосып жа­зып, көзбояушылық жасап, Социа­лис­тік Еңбек Ері атанды деген шағым бойын­ша да тексеру жүргізіліп, қосып жаз­ған ешқандай факті табылмады. Асе­кең алғаш көзге түсіп, омырауына қада­ған Ленин орденін 1947 жылы 25 жа­сында, Мерке аудандық комсомол ко­митетінің бірінші хатшысы боп күн­діз-түні тыным көрмей, сол жылдары соғы­лып жатқан теміржол құрылысына белсенді араласып, тусырап жатқан дала­ға қызылша еккізіп, мал басын кө­бейтіп, ауыл шаруашылығын дамытып, мол өнім алғаны үшін кеудесіне таққан. Кейінгі алған толып жатқан марапат­тары­ның бәрі (Социалистік еңбек ері ата­ғы, бес Ленин ордені, Октябрь ре­волюциясы және екі Еңбек қызыл ту ор­дені, 20-ға жуық медаль және ондаған мақ­тау грамоталары) - өзінің ерен ең­бегінің айғағы.
Жалақор, бәлеқорлар әйтеуір қара күйе­ні жаға беруді мақсат тұтып, Асе­кеңе «шовинист, ұлтшыл» деген де айып тақты. Тексеру барысында бұл да бос сөз боп шықты. Біз білетін Асекеңнің от­басы нағыз интернационал отбасы. 
Қысқасы, жабылған жаланың бәрі дә­лелденбеді. Желтоқсан оқиғасы Асе­кеңді халқына жаңа қырынан танытты. Шал­қыған, жұлдызы жанған кезінде ғана емес, қиын-қыстау, қапаста жүр­ген кезінде де Асекең Асекең боп қал­ды. Әке қанынан, ана сүтінен дарыған мықтылығын, даналығын, даралығын көрсетіп, қиындыққа, қатерге қарсы тұрып, жасымай, сынбай өзінің адал­дығын дәлелдей білді.
Тар қапасқа түскеннен кейін өзіне көр­сетілген өрескел зұлымдықтар ту­ра­­лы Асекең былай дейді: «Ка­линиченко, Сидоренко, Клещев сынды ор­талықтың тергеушілері қалайда мені ату жазасына ұшырату жөнінде тап­сырма алғандықтарын ашық айтып жүр­ді. Тергеудің алғашқы күнінен бас­тап, Калиниченко «сенің алдыңнан жа­сыл жарық жанып тұр, саған жасыл дү­ние қауіп төніп тұр» деген жұмбақты сан қайтара сапырды да. Әуелгіде бұл жұмбақтың мәнісін түсінбедім. Кейін тергеуші Сидоренко оның ату жазасы екендігін түсіндірді. Ол менің «адамның кінәсі жоқ болса ше?»  деген сауалыма, «се­ні қылмысты етуге тергеудің күші жетеді» деп жауап берді.
Қамалғаннан кейін екі айдан соң, Мәс­кеуде Калиниченко: «Аңқау бола бер­меңіз, сіз кінәлі болмасаңыз да біз сіз­ді ататын дәрежеге жеткіземіз. Сіз - біреусіз, ал біз тергеушілер - қы­рық­пыз. Егер 37 жыл болғанда, сізді бая­ғыда атып жіберетін еді. Бізге алғыс ай­тыңыз, біз созып, сізге кінәңізді мой­ныңызға алуыңызға мүмкіндік беріп жүр­міз. Сіз кінәлі емес екеніңізді не­мен дәлелдейсіз? Ал біз дәлелдейміз. Сіз бізге жеуге берілген бір жапырақ ет­сіз»  деген болатын. Тергеушінің осы сөз­дері үстінде мен өзімді-өзім әзер ұстадым. Бірақ қатты ұрысып қалдық.  («Тағдыр», «Елнұр» баспасы, Алматы 2007 ж. 286 б.)
- Алдын ала жүргізілген тер­геу­лер ба­рысында да, сот мәжілісінде де қан­ша жерден қорқытып-үркіткенімен, әзә­зілдік жасағанымен, өз басымды, на­мысымды қорлағанымен, ешқандай кінә, айыпты мойындаған жоқпын. Тер­геу көпе-көрнеу заңға қайшы жағ­дайда жүргізілді. Тергеушілердің теріс әре­кеттері мен заңды өрескел бұзып отыр­ғаны жайлы КСРО Бас про­куро­ры­ның атына, КОКП орталық Коми­те­тінің Бас хатшысы, КСРО Президенті М.С. Горбачевтің атына бір емес, бір­не­ше рет арыз жаздым. Менің бір де бір арызыма жауап болған жоқ. Жалпы СОКП Орталық Комитетіне - 12, ССРО прокуратурасына 10 арыз жаз­ған екенмін. Менің қаншалықты дә­ре­жеде кінәлі екендігімді партиялық ко­мис­сия тарапынан дәлелдеу жөніндегі сан­сыз тілектерім де аяқсыз қалып жат­ты, - дейді Асекең сол кездегі екі­жүзді Одақ басшылары жөнінде. («Тағ­дыр», «Елнұр» баспасы, Алматы 2007ж. 282 б.)
Ары мен намысына жанын пида ету­ге дайын, адалдық пен әділдік үшін то­зақтың бар азабына төзген, сөйтіп жүріп өз басы емес, халқының ары мен абы­ройын ойлаған азаматты қалайша қ­а­дірлемеске, қалайша батыр демеске?!
Рухы биік адам ретінде қанды шең­гел қапастан аман-сау, абыройымен шық­ты. Бүкіл елі боп, бүкіл жұрты боп «Ас­қаровты құтқару комитетін» құрып, қо­ғамдық адвокаттар көмекке келіп, оның ішінде орысы, еврейі, қазағы, өз­бегі бар, бәрі Асекең үшін аянбай қыз­мет етті. Жамбылдың, Алматының, Шым­кенттің ел ақсақалдары бастаған топ күн сайын ағылып Бішкекке кеп, со­тына қатынасып, рухани қолдау жа­сап отырды. Жалпы, Асқаровтың ісін әділ қарау керек деп тілек білдірген 20 мың­нан астам өтініш түсіпті. Олардың ішінде 43 депутаттың, атақты жазу­шы­лардың, белгілі қайраткерлердің тілек­те­рі бар. Сөйтіп, Асекеңнің нағыз ха­лық­тың ұлы екенін дәлелдеді.
Билік тізгіні қолда тұрған кезде аза­матты әркім-ақ мақтайды, әркім-ақ бас ие­ді, достық көңілін білдіреді. Ал мы­нан­дай қиын-қыстау кезеңде халқының Асе­кең жанынан табылуы тілмен ай­тып жеткісіз ерекше құбылыс. Кей­біреулер Асекеңді құтқару жолында өз ба­сын қауіпке де тікті.
Бейбіт заманның өзінде бәріміз Асе­кең, Асекең деп ардақтап келдік қой. Ол кезде де атақ-даңқы, абыройы өзін­ше асқақ, биік болатын. Ал басына іс тү­сіп, темір торда 4,5 жыл отырып, бос­тан­дыққа шыққаннан кейін ол кісінің абыройы тіпті аспандап кетті. Асекеңді енді тек қана төңірегі, ағайын-туғаны, жа­қындары ғана емес, бүкіл қазақ, Қа­зақстанның барлық халқы, тіпті көр­ші­лес қырғыз, өзбек, тәжік те, орыс, та­тар­лар да мойындады. Аты бұрынғыдан да бетер аңызға айналды. Ол кісі шын мәнінде аңызға лайықты адам еді. 
Бішкекте өткен соттың қорытынды оты­рысында соңғы сөйлеген сөзін адам таң қаларлық өреде сөйлегені белгілі. Денсаулығы болса нашар, жасы келген, 4,5 жыл темір торда отырып, азап шек­кен кісі ғой. Соған қарамастан, бес са­ғат табанынан тік тұрып, қажымай, сыр бермей, бұрынғы ойына ой қосып, ақы­лына ақыл қосып, логикалық жүйе­мен өзінің адалдығы, ақтығы, еліне сіңірген еңбегі туралы дәйекті дәлелдер келтіріп айтқан әр сөзін жұрт көздеріне жас ала отырып тыңдапты. 
Асанбай ағамыздың тағы бір ерекше қасиетін айтайын. Шерхан Мұртаза аға­мыз 1992 жылы Жуалыда өтетін өзі­нің 60 жылдық мерейтойына шақырып, Асекеңді алып баруды маған тапсырып еді. Таразға дейін ұшақпен бардық. Те­резе жағындағы орындыққа жайғасып, төмен қарап жер жағдайын бағдарлап біраз үнсіз отырды. Әлден соң әңгімесін бас­тады. Үстінен ұшып бара жатқан бар­­лық колхоз, совхоздардың атын атап, тарихын талдап айтып берді. Қан­ша мың қойы, ірі қара малы, жыл­қы­лары, егістік көлемі бар, қыстауы мен жайлауы қайда, сол жылдары оларды кім басқарды, бәрін түгел-түгел Таразға жеткенше картаға қарап отырғандай әңгімелеп берді.
Мен Асекеңнің еске сақтау қабіле­тіне таң қалдым. Ойланып қарасам, мұ­ның да өзіндік негізі бар екен. Ол кісі атқарған тірлігін шын ниетімен, жан дүниесімен, ақыл-парасатымен ойла­нып-толғанып барып атқарады.
Осы ұлылық ол кісіні қажырлы қай­рат­керлікпен қатар, ақындыққа, жазу­шы­лыққа, ғалымдыққа алып келді. Атал­­ған рухани салалардың әрқай­сы­сын­да өзінің өшпестей ізін қалдырды. «Өсиеттей өлмейтін артымызға сөз қал­дырсақ, мына жалған дүниеден өкін­бей өттік дер едім»  деп жазды Асан­бай ағамыз. Жүрек қылын шерт­кізген нәзік өлең-жырлары, оқыған сайын ойландыра түсетін естелік шы­ғармалары, ұлыларды дәріптеген «Ұлы Тұран ұлдары» деген үлкен қомақты еңбегі, солардың арасында арттағылар айта жүрсін деген асыл сөздері қалды бізге рухани мұра боп.
Ағамыздың аузынан мен өз құла­ғыммен естіген небір асыл сөздер бар еді, олардың көбі қазір есімде жоқ, бі­ра­зы ғана қалыпты жадымда. 
Мына нақыл сөзді жиі қайталайтын: «Ұлы болсаң жақсының, құлы болма нәп­сінің. Нәпсіні тыя білу керек, оны би­леп жеңген абзал. Әр адамның өзінің әділ соты болуы керек - ол оның ар-ұя­ты. Соны өлтіріп алмаңдар» - дейтін.
«Шіркін, әділдік күшті болса. Ал күш әділетті болса халықтың көсегесі кө­герер еді-ау» - деп қоюшы еді сөз ара­сында.
«Өзін-өзі түсінген дана, өзін-өзі жең­ген қаһарман» - деп отыратын.
Енді ойлап қарасақ, Асекең өзін ай­тыпты ғой, әрі дана, әрі қаһарман бо­лып өтті емес пе өзі бұл өмірден.
Асекең ауылда, елде, қазақшы­лық­тың бел ортасында қайнап өскен кісі ғой. Салт-дәстүріміздің титтейіне, май­да-шүйдесіне дейін біледі. Ол кісінің қа­зақшылығы, қазаққа іш бұратыны ке­ремет. Асекең бүкіл елдің қамқор қай­раткері еді.
Осы жерде белгілі жазушы Бе­ке­жан Тілегеновтың «Тұйық өмірдің құ­пиясы» атты роман-толғауынан («Ай­тылмай қал­ған шындық», Алматы, «Дәуір» бас­пасы, 1992 ж.) үзінді кел­тіре кетейін:
«Қазақстан Жазушылар одағында жік­шілдік белең алып, шығармашылық, жол­дастық атмосфера бұзылып, сы­пайы­лыққа, ұстамдылыққа, ақылға ша­қырған ұсыныстар еленбей бара жат­қан соң, Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің екінші хат­шысы В.Месяцтың басшылығымен бюро өтеді. Онда жекелеген жазушы­лар­дың бағыт-бағдары талқыланады.
Қарт қаламгер Сәбит Мұқанов біраз өк­пе-ренішін айта келіп: «Есенберлин ма­­ған кітабын сыйлаған емес. «Хан Ке­не­ні» орыс тілінде оқып шықтым. Әуе­зов­тың пьесасымен үндес екен... Ке­не­сары - бүкілодақтық масштабта әш­­­­кереленген адам. Ол туралы қаулы осы уақытқа дейін бар, күшін әлі жой­ған жоқ. Осыдан кейін мұндай кітаптың қа­лай жарық көргеніне қайран қала­мын?. Тарихта екі Кенесары болған жоқ, біреу-ақ болған. Ендеше, Коммунистік партияның Орталық Комитеті бұл кі­таптың шығуына неге рұқсат берді? Кенесарының іс-әрекетіне көзқарас, қатынас біреу-ақ болу керек. Оның ісі, әре­кеті Россияға жат, қарсы жүргізілді. Ал біздің Орталық Комитеттің қол­дауы­мен осындай адам туралы кітап шы­ғарып отыр. Жұрт жабылып осы кі­тапты оқып жатыр. Біраз адамдар, сту­денттер ұлтшыл ұран көтеріп жүр... Ха­лықтардың арасын ашып, араз­дас­тырған, тарих әшкереленген осы бір өлік­ті қайта тірілтудің қаншалықты қа­жеті болды? Бұл кітап жастарға кері­сін­ше әсер етіп, ұлтшылдық сезімін өр­шіте түседі. Жазушының жалпы та­рихқа көзқарасы дұрыс емес. Ал бұл жақ­сылыққа әкелмейді, зиянын тигі­зеді»  деген [133 б.].
Ғабит Мүсірепов: «Ілияс Есен­бер­лин­нің кітабын талқылауды Одақ менің ке­лісімімсіз белгіледі. Одақ арнайы ті­зім құрып, өз адамдарын ғана жинады. Бұл - жабайылық дер едім» - дейді [135 б.].
Ал енді осы жиынға қатысып отыр­ған Асқаровтың сөзі мынау: «Жазу­шы­лар одағы дұрыс жолда, дұрыс бағытта деп ойлаймын. Ал әдебиетті тек бір ұр­пақ жасамайды, әдебиеттің дамуына барлық ұрпақ, барлық жазушы үлес қосады. Өткен өмірімізге менсінбей қарауға болмайды. Аға жазушыларға да ұлғайған жастарыңды, тәжірибелеріңді бұлдай бермеңдер деп айтар едім. Қазір біз­дің әдебиетіміз - кемелденген, өс­кен әде­биет. Қаншама құнды шығарма­лар ту­ды, елеулі істер істелді.
Жазушылар одағы маңызды мәсе­ле­лерге көбірек назар аударуы керек. Же­ке-ара қатынас емес, шығармашы­лық мәселе бірінші кезекте тұруы ке­рек. Бүгінгі жиында жеке шығармалар жө­нінде әңгіме болған жоқ. Тек Есен­берлиннің романы туралы ғана пікір айтылды. Тек тарихи тақырып туралы ғана әңгіме қозғалды. Бірақ бұл мәсе­ле­ге де байыппен қарауымыз керек. Жал­пы тарихты бейнелеуімізге қарсы бол­мауымыз керек. Тек кім қай тұрғы­дан, қай бағыттан бейнелейді, мәселе осында. Жаңа бәрің Есенберлинге жа­бы­лып, сынап жатырсыңдар. Ола­рың дұ­рыс емес. Мен де кітапты оқып шық­тым. Жекелеген кемшіліктері болуы мүм­­кін. Бірақ, негізінен теріс, зиянды кітап деп айта алмаймын. Романнан соншалық үлкен қатені көріп тұрған жоқпын. Кітапта ұлтшылдық сарын бар де­генге де қосылмаймын. Бұл - қате пі­кір. Мұндай айып тақсақ, өсіп келе жат­қан жастарға қандай тәрбие бе­реміз, қандай үлгі көрсетеміз?! Мұндай пікірді абайлап, байқап айту керек» [141 б.].
Бұл жиында Ә.Жәмішев, Ә.Жұма­баев, С.Имашевтар да сөз алды. Бірақ әде­биет туралы әдеттегі жаттанды, жал­пы пікір болған соң, бұл сөздерді кел­тірмедім. Мәжілісті Месяц қысқаша қо­рытып, екі жақтың да көңілін қал­дырмай бірігіп жұмыс істеуге, ынты­мақ­тыққа шақырып, жиналысты жа­бық деп жариялады.
Осы жерде сол жиналыстан алған бір әсерімді айта кеткім келеді. Ақсақал жазу­шымыз Сәбит Мұқанов бастап бар­лығы Есенберлинге жабылып ро­манын жамандап, одан саяси қате, ұлт­шылдық белгісін, іздеген кезде, твор­честводан мүлде аулақ, таза партиялық рухта тәрбиеленген функционер, ком­мунистік талаптан, партиялық бағадан бас­қаны мойындамайтын Асанбай Ас­қаровтың осы жолы Есенберлинге ара­ша түскеніне таңым бар. Қайран қал­дым. Тіпті осы жазушыларға жақын де­ген, идеология саласын басқарып жүр­ген Имашевтың өзі де, идеология бө­лімінің қызметкерлері де осы ро­ман­ды құбыжық көріп, ұлтшылдық іздеп жүргенде, Асқаровтың араша түскеніне қалай қайран қалмассың». («Тұйық өмір­дің құпиясы», 142 б.)
Ол кезде Асекеңнің өлең жазатын өне­рін көпшілік біле бермейтін. Ал кейін­гі кезде Асанбай ағаның жазып шы­ғарған өлең жинақтары, естелік жә­не әдеби кітаптары ол кісінің қайбір жазу­шыдан кем емес екенін көрсетті емес пе? «Тағдыр», «Жұмақ пен тозақ жыр­­лары», «Көзқарас», «Ұлы Тұран­ның ұлдары», «Мен еліммен біргемін» және тағы басқа еңбектері ол кісінің ой-өрісінің кеңдігі, ұлттық рухының биік­тігі, халқының тарихы мен тұр­мысын терең білетіндігі, көргені мен естіп-білгеніне үлкен пайымдылықпен және парасаттылықпен қарайтыны сияқ­ты қасиеттерінен туған шығар­ма­лары, жазбауға болмайтын жүрек сыр­лары еді. Ал ағамыздың жазылмай қал­­ған, қағазға түспеген, әңгіме ара­сында ауызша ғана айтылған терең фи­ло­софиялық ой толғамдары қан­ша­ма?!
Асекең ең алдымен басшы ретінде ел көзіне түсті. Ол жай басшы емес, ерек­ше дара басшы, дана басшы болды. Бас­шылық жөнінде оның өз қағидасы бар еді: «Жақсы басшы болу үшін адам­да үш қасиеттің болуы шарт: 1) білік­тілік пен зиялылық,  2) тазалық пен адал­дық,   3) халқын шексіз сүю. Осы үш қасиет болса, қалған басқару тәжі­ри­бесі, ұйымдастыру қабілеті келе-ке­ле өз уақытында қалыптасады. Ал бұл қа­сиеттер жоқ болса, онда ондай бас­шы елдің соры» - деп отыратын Асе­кең. Өзі осы қағидасына берік болды, оны бұлжытпай орындады.
Асқаров алыптығының тағы бір қы­ры - ол тек қана дарынды басшы, да­ра тұлға болып қойған жоқ, сонымен қа­тар мәртебесі биік Ұлағатты ұстаз бол­ды. Қазақтың талай-талай талантты ұл-қыздарын тәрбиелеп, баянды бас­шы­­лық­қа баулыды, үлкен орбитаға шы­­ғар­ды. Асекеңнен дәріс алған, үй­ренген, шапағатын көрген шәкірттері жүз­деп, мыңдап саналады. Партияның сол кез­дегі әділ принциптеріне негіз­дел­ген бұл жүйе «Асқаров мектебі», «Асқаров уни­верситеті» деп аталды кезінде. 
Осы тұста мына оқиға есіме түседі. Асе­кең өмірден озардан біраз күн бұ­рын көңілін сұрап емханаға бардым. Қа­сында Бақытжан бар екен. Әжеп­теуір уақыт әңгімелесіп отырып қал­дық. Оның арасында Қазақстанның әр тұсынан келген азаматтар кіріп-шығып, көңілін сұрап, сәлемдесіп, Асекеңнен көрген жақсылығын, тиген шапағатын айтып жатты. 
Сонда Бақытжан: «Папа, барлық ел­ден жақсылығыңызды аямадыңыз, бәріне қол ұшын беріп көмектестіңіз. Ал өз балаларыңызға келгенде неге тар­­шылық жасадыңыз» - деді. Асекең­нің жауабы: «Бақыт, сен менің өз ба­лам­сың, егер мен елді ойламай, сендерді ой­ласам, онда менің кім болғаным?!». Мі­не, Асекеңнің шын табиғаты, шы­найы болмысы. 
Асанбай ағамыздың өмірден озға­ны­на 15 жыл болды. Бірақ аты ұмы­ты­лып, атақ-абыройы көмескіленген жоқ. 
Халқы Асекеңді  аса көрнекті  қай­раткер, айтулы және айбарлы бас­шы, ғұлама ғалым, үлкен жазушы, та­лант­ты ақын, елінің ардақты да абзал аза­маты, ұлы перзенті ретінде шығарып сал­ды. 
Биік таудың төбесі, асқар шыңы алыстаған сайын жақсы көрінеді деуші еді. Асекеңнің Ұлы тұлғасы өзі өмірден өт­кен соң күн сайын ұлыланып бара жат­қаны рас. Дегенмен, Асекең - тірі ке­зінде ақ аты аңызға айналған, хал­қының адал бағасын алған, шексіз құр­метіне бөленген адам.
Өйткені Асанбай Асқаров - Алаш­тың алыбы, қазақтың арысы, ұлттың на­мысы, елдің ары мен абыройы еді. Қай­таланбас біртуар дара тұлға, дана тұл­ға еді.
Асанбай ағамыздың осы дана, дара тұл­ғасы халқының есінде мәңгі сақтала бер­мек. 

Көпжасар Нәрібаев, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі 

"АЙҚЫН" газеті, 2016 жыл 12 шілде

Соңғы жаңалықтар