Туған жерде де лайықты демалыс орындары бар

Ал, шипажайда демалғысы келетін азаматтарға Алматы, Қарағанды, Жамбыл облыстарында, сондай-ақ, Сарыағаш, Рахман бұлақтары, Жұмбақтас сияқты атақты шипажайлар бар. Белсенді демалыс түрін таңдағандар рафтингпен айналысып, аңға шығып, балық аулай алады. Тау ауасын жұтқысы келгендер Алатау мен Алтайды өрлеп, шаңғы базаларында демалуына болады. Тарихи-мәдени ескерткіштерді тамашалап, зиярат жасаймын деушілер оңтүстік өңірлердегі Қожа Ахмет Ясауи, Арыстан баб, Айша бибі, Гауһар ана, Укаша ата т.б. кесенелеріне жыл бойы үздіксіз ағылып жатады. Қазір жаз мезгілі болғандықтан, біз жағажайдағы демалыстың жай-жапсарын бір шолып өткенді жөн көрдік.
Қазақстандықтар, әсіресе Алакөлге жиі барады. Көлемі жөнінен еліміздегі су айдындары ішінен екінші орынды алатын көлге 15-ке жуық өзен келіп құяды екен. Суының емдік қасиеті бар. Судың құрамында хлорид-натрий тұзы болғандықтан, ол адам денсаулығына оң әсер етеді. Кей деректерге көз салсақ, Алакөлге жылына 250 мыңнан астам демалуға келеді екен.
Көлге қалай жетуге болады? Егер Астанадан жолға шықсаңыз, әуелі ұшақпен Алматыға жетіп алып, әрі қарай пойыз немесе автобуспен бара аласыз. Ал Алматыдан пойызға отырып, Көктума станциясына дейін жетіп алуыңызға болады. Алматыдан Алакөлге дейін шамамен 650 шақырым.
Алакөлде жекелеген пансионаттар, сондай-ақ жеке үйлер де қонақтарды жатын орынмен, тамақпен қамтиды. Пансионатта бір адамға күніне 5-15 000 теңге аралығында шығын шығуы мүмкін. Оның ішіне 3 мезгіл тамақ та кіреді. Жекелеген үйлерге орналассаңыз, одан арзанырақ болуы мүмкін, бірақ қызмет көрсету деңгейі де бағасына сай болады. Көлден басқа табиғат таңғажайыптарын тамашалағыңыз келсе, жақын маңдағы Жалаңашкөл родон бұлағына, Жоңғар Алатауына баруыңызға да болады.
Жақында ғана Алакөлдің маңындағы Қабанбай ауылында демалып қайтқан суретші, блогер Аңсаған Мұстафа осы сапары жайында арнайы фоторепортаж дайындады. Оның айтуынша, пансионат пен ас-ауқатының сапасы өте жақсы, көл жағалауы таза. Ол демалыстан тек қана әдемі әсерлермен оралған. Алакөлде бойындағы радиациядан тазару үшін тіпті ғарышкерлер де шомылған көрінеді.
Аумағы жөнінен Каспий, Арал теңіздерінен кейінгі үшінші орынды алатын Балқаш үш облыстың аумағына созылып жатыр. Оның жағалауында да демалыс орындары аз емес. Ондағы баға да тәулігіне адам басына 5 мың теңгеден басталады. Ал үй жалдайтын болсаңыз, әр адам үшін 2000 теңгеден алуы мүмкін. Ол тек жатын орын үшін, тамақ бұның ішіне кірмейді.
Каспий теңізі жылы суымен, теңіздің хош иісімен өзіне баурап алады. Мұнда шомылу маусымы мамырдан қыркүйекке дейін жалғасады. Ал, Ақтау - Қазақстандағы теңіз жағасында орналасқан жалғыз қала. Сондықтан, бұл жерден жатын орын табу қиын емес. Көпшілік пәтер жалдап немесе қонақ үйлерге тоқтайды. Бағасы тәулігіне 5 000 теңгеден басталады. Ал егер бұған көңіліңіз толмаса, «Кендірлі», «Стигл» секілді демалыс орындары, Шағала санаторийі бар. Бұл демалыс кешендерінде келушілерге барлық жағдай жасалған.
Біз еліміздегі үш көлдің жағалауында қалай демалуға болатынын тілге тиек еттік. Ал енді оған бару үшін тиімді турлар мен саяхаттар жайын туристік агенттіктерге хабарласып біле аласыз. Шетелден кем соқпайтын демалыс орындары, саф таза ауа, туған жердің тұмса табиғаты сізді бей-жай қалдырмас деген сенімдеміз. Республикамызда бұлардан басқа да ірілі-ұсақты демалыс орындары жеткілікті.