Тұғыры биік - Мойынқұм - Жамбыл ауданы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кең-байтақ қазақ жерінің бір бөлігі Мойынқұм ауданының жері дархан даламыздың масштабы кішірейтілген көшірмесі десек те болғандай, деп жазады «Айқын».
None
None

Мойынқұм Жамбыл облысы құрамында өзінше аумақ болып отау тіккеніне 76 жыл толды. Жер көлемі Жамбыл облысының 44 пайызын алып жатыр, нақтырақ айтсақ 59,3 млн шаршы шақырым. Тарихы бай, жыр-дастандарға арқау болған киелі қасиетті жер. Қазақ хандары Керей мен Жанібектің алғашқы ту тігіп «Қазақ» деп аталуы осы жерден бастау алған. Тарихшылар дөп басып дәл осы жер деп бір шешімге келмесе де Мұхамед Хайдар Дулати өзінің «Тарихи Рашиди» - атты еңбегінде Керейдің хан сайлануы Шу бойы, Мойынқұм, Қозыбасы, Тұлпарсаз деп көр­сеткен әрі жекелеген зерт­теуші ғалымдардың пі­кі­рі де Мойынқұм жерінде тоғы­сатындай. Бір түмен елі­мен неше мыңдаған төрт түлік малымен, Әбілқайыр хан­дығынан бөлініп Шу бойы Мойынқұмда қыстап Қоз­ба­сы­ның Тұлпарсазында хан кө­те­рілген, өздерін сол кезден бас­тап «Қазақпыз» деп атауы дәлел. 

Қазақ өзінің елдігін сақтауда сын болған Жоңғарларды тізе бүк­тіріп талқандаған Аңырақай шайқасына жауынгерлерді дайын­дау Хантауының «Сұңқар» биігінен бастау алып, сол кездегі хандар мен сұлтандардың, билердің бас қосып баталаса жауға аттанған жері. Әркездері хан болған Абы­лай хан, Кенесары ханның жорық жолдары тікелей Мойынқұм жері­мен байланысады. «Хан жолы» болып аталып кеткен үлкен жол­ды ғұлама ғалым Әлкей Мар­ғұлан зерттеуінде Абылай хан атымен байланыстырады. Бұл жол кейінде Қытай, Жетісу қазақ­тары, қырғыздардың орталық Қазақстанмен Ресеймен қатысатын сауда-саттық жолы болды. 
Біздің заманымызға дейінгі мыңжылдықта қалыптасқан «Ұлы Жібек жолы» жайында Х ғасырда өмір сүрген бағдаттық Кураш Ибн Джафар қолжазбасында керуен жолын сипаттағанда Тараз, Құлан, Мерке, Аспара, Мойынқұм деп деректер келтірген. Бұл дегеніміз, Батыс пен Шығыстағы елмен- елді байланыстырған сауда-саттық, қарым-қатынас «Жібек жолы» қазіргі Мойынқұм ауданының аумағын да қамтыған деуге негіз бар. 
 Аңыз әдебиетінің көне жыры «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» да Қарабайдың Бетбақпен Шу бойын сағалағаны жырға қосылған.
 Асан қайғы бабамыздың жер аралап жүріп: 
 «Ей, Мойынқұм! 
Жеті жыл қатарынан жұт бол­са да, тұяқты мал қалса, сенің бауырыңда қалады!» - деп сипатта­ған. Бұл деген сөз бұл аймақ адамға да малға да жайлы қоныс болуға жарайды дегені.
Иса Байғаниннің «Құралай сұлу» поэмасындағы бас кейіпкер Құралай әке наразылығына қара­мастан, сүйгенімен қашып келе жатып Шу  бойында жолбарыс шауып мерт болып, денесі Мойынқұмның кіші Қамқалы жерінде жай тапқан. Оған ертеден сақталып келген кейін жаңаланған Құралай күмбезі - бұл күндері ғашықтардың тәу етіп баратын символына айналды. 
Ақын-жыршы Сауытбектің сүйіктісі Ақбөпеге қолы жетпей, «мал бергені барады алып кетіп» деп жырлағандағы Ақбөпенің туып- өскен жері. 
Әр кездері небір зұламат заман­дарды басынан өткерген қазақ бала­сына Мойынқұм жері пана да, қорған да болған. ХІХ ғасырдың орта шамасында жоңғар, орыс, қоқан басқыншыларынан теперіш көрген Жетісу қазақтары Шу, Талас бойын паналаған.
Шоқан Уәлиханов «Баянауыл дуандары жайында» деген зерттеу еңбегінде Баянауыл қазақтары 1849 жылдардағы ауыр жағдайларда қоныс ауыстырып Бетбақты 2 жыл бойы мекендеген.
Ел еркіндігі жолындағы күрескер қоқандықтарға қарсылықта көте­ріліс­шілердің көсемі болған, қызыл үкіметтің саясатын қолдамай қар­сы­лық білдірген.Иманжүсіп 1929-1930 жылдары Мойынқұмды паналаған. Осында ұсталып, атылған.
Мемлекет қайраткері ақын Сәкен Сейфуллин атаман Аненков­тің ажал вагонынан қашып шығып, Таразы қаласына қарай бағыт алғанда қуғыншы жендеттерден құтқарып, Шу өзенінен аман-есен алып өзін діттеген жеріне жеткізген мойынқұмдық Сүйіндік қария болған. «Тар жол тайғақ кешу» ең­бе­гінде Сүйіндікті батыр деп көр­сеткен.
Жыр алыбы, шығыстың Гөмері атанған Жамбыл бабамыз 1946 жыл­дың ақпан айында Жамбыл тауының баурайында туғандығын, атын сол таудың атымен атағандығын өзі айтып кеткен. Адамның болмысы туған жердің табиғатымен астасып жатады дегендей, бабамыздың ұлық дәрежесіне көтерілуіне осы Мойынқұмның қасиеті мен топыра­ғы да әсер еткен болар. 
Әрі батыр, әрі шешен Бөлтірік бабаның өмір жолы Мойынқұммен байланысады. Оған Бөлтірік қыстауы, Бөлтірік жайлауы аталуы дәлел. Бұл жерде бабамыз талай дауларды әділ шешіп төреліктер жасаған. Бабаның денесі Мойынқұм шекарасына тақау жерде жерленген.
Мойынқұм халқы тарихтың көшінде басынан талай-талай, қилы-қилы замандарды өткерді. Қазан төңкерісіне дейін әкімшілік жағынан Пішпекоязына, Семей губерниясының Қарқаралы оязына, Ақмола губерниялық оязына қараса қазан төңкерісінен кейін Сырдария, Алматы Оңтүстік Қазақстан облыс­тарына 1939 жылдың 1 қараша айында жаңадан құрылған Жамбыл облысының құрамына Көктерек ауданы (1965 жылдан Мойынқұм ауданы) болып енді. Патшалық Ресей тұсында ХІХ ғасыр соңында жазалы болып жер аударылған орыс халқы өкілдері Шу бойының құнарлы, шаруаға ыңғайлы жерлеріне ор­наластырылды, билік жүргізді. 1916 жылғы окоп қазуға бұратана елдерден адамдар алуға байланысты патша жарлығына қарсы шықты. Көтеріліске қатысқандардың біразы ұсталып жазаланды.
Қазан төңкерісінен кейін жер өң­деп, мал өсіріп, күнін көріп тіршілік еткен адамдарды бай, құлақ, кедей деп жіктеп, ату, асу, азаптау тероры басталды. 5-10 қойы, ірі қарасы, жылқысы барлар байлар санатына жатқызылды, жер аударылды. Бірлі-жарымды сауаты барлар әртүрлі сылтаулармен ұсталып түрмеге қа­малды, азапталды, атылды. Тек бір сол кездегі азғана шағын аумақты Коминтерн ауылынан 14 адам (хат жазып, оқи алатындар, ауыл молдасы) қамалып азапталды, атылды. Бірде-бірі елге оралмады. Мұндай жағдайлар әр ауылдарда да болды. 
Қазақтың маңдайына жазылған соры болып 1924 жылы орталықтан қандықол Голощекин мемлекетті басқаруға жіберілді. Онсыз да титықтап күнін зорға көріп отырған елді жоғары жақтың қолдауына сүйенген Голощекин «Кіші Октябрь» саясатын жүргізді. Малын, дүние мүліктерін тәркіледі, халықты күн көріс мүмкіндігінен айырды, ел ашаршылыққа ұшырады. Көнекөз қариялардың айтуы бойынша кейбір ауылдарда жан баласы қалмаған. Қалғандардың біразы Қырғыз, Өзбек, Түрікменстан жерін паналады. 1929-33 жылдардағы қолдан ұйымдастырылған ашар­шы­лық­тың зардабы ұрмаған отбасы болмады. Ел енді-енді есін жиып, еңсесін көтере бастағанда Ұлы Отан соғысы басталды. Мойын­құмдықтардан 3010 адам соғысқа аттанды. Оның 880-і соғыс алаңын­да қалып қойса, 147-сі хабарсыз кетті. Елге оралғандардың көпші­лігі жаралы, мүгедек болды. Жан­қиярлық ерлігі үшін көпшілігі мемлекеттік орден, медальдармен марапатталды. 
Ұланбелде туып-өскен кейін Түрікменияға қоныс аударған Мәди Бегенов Кеңес Одағының батыры атанды. Күләш Майбасова апамыз Калининградта  офицер ағасына бара жатып, соғыс ойранына тап болып Украина жерінде партизандарға қосылып жау тылында шайқасты. Жұрт Күләш апайды «Партизан апа» деп кетті. Қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұловамен майдандас болып Казачиха селосы үшін болған шайқаста Әлі Асылбеков, Әлия Молдағұлова екеуі де ауыр жараланып №4112-госпитальға түскен. Шайқаста көрсеткен ерлігі үшін Мәскеуден арнайы полковник Г.Беляев келіп №680 минометті Әліге тапсырған. Сол миномет қазір Мәскеуде қарулы күштер музейінде сақтаулы тұр. Гвардия аға сержанты Асылбеков Әлі ІІ-ІІІ дәрежелі «Даңқ», «Қызылту», «Қызыл жұлдыз», І-ІІ дәрежелі «Ұлы Отан» соғысы ордендерімен бірнеше медальдармен марапатталып, 1946 жылы елге оралып, бейбіт күндері берекелі еңбек етті. 
95-ке келіп 2015 жылы өмірден өткен Әлмахан Смайлов 7 жыл бойы (1939 жылдан) Буденныйдың атты әскері құрамында соғысты. 
Мойынқұм аудандық (ол кез­де Көктерек ауданы) партия комитетінің бірінші хатшысы бол­ған Қамбар Молдабеков 1942 жылы өзі сұранып майданға аттанды, Ле­нинградты қорғады. Полковник шеніне дейін көтеріліп,  бір шайқаста ауыр жараланып, госпитальда  қайтыс болған. Қамбар Молдабековтің партбилеті, әскери киімдері посыл­камен аудандық партия комитетіне келген еді, - деп айтып отыратын еді Соғыс және еңбек ардагері, ауданда басшы­лық қызметтер атқарған Хамит Мауленов ағамыз.
1944 жылы Великая Луки қала­сын азат ету шайқасында ауыр жа­ра­­лан­ған Асанбаев Дүйсен аға­мыз жүрек тұсынан өтіп омыртқа­ға қа­да­лған жау оғын 30 жыл дене­сін­де сақтап 1974 жылы Алматы қа­ла­сында госпитальда алдырған. Сол жолы мадақталған ІІІ дәре­же­лі «Даңқ» ордені иесін 28 жыл­дан кейін тапқан. Ағамыздың кеудесі толған соғыс, еңбек орден-медальдары еді. Мұндай мысалдар көптеп саналады. Бір үйден аттанған ағайынды Әлімбет, Қалтай, Мақан Үсіпалиевтерден екі майдан бағытынан (Ленинград, Сталинградта екеуі) ауылға бір күнде бір мезгілде қара қағаз келуі бүкіл ауылды дүрліктіріп күңірентті. 
Ел соғыс зардаптарын жойып, қалпына келтіруге жұмыла кірісіп еңбек етті. Халық шаруашылығын көтерудегі жанқиярлық еңбектері үшін көптеген мойынқұмдықтар мемлекет тарапынан құрметтеліп, ма­рапатталды. 9 ауыл шаруашы­лы­ғы­ның еңбеккерлері Социалистік Еңбек Ері атанды. Мал өсіріп, толайым табысқа жеткені үшін ел құрметіне бөленіп, Жазылбек Қуанышбаев екі мәрте Еңбек Ері атағына ие болды. «Дала академигі», «Малшылардың Маршалы» деген атаққа, халық қошеметіне бөленді. Жазекең КСРО, ҚСР Жоғарғы Кеңестеріне депутат болып сайлан­ды. Мәскеуде, Съездер сарайында коммунистік партияның Бас хат­шысы Л.Брежнев өзі келіп сә­лем­десіп, арқасынан қақ­қан. Ағыбай батыр бабамыздың фотосуретін Ленинградтағы Эр­митаж­дан тауып, елге ең бірінші болып көбейтіп таратқан, табыс­тырған осы Жазекең. Жалпы, Жазекеңнің түр-тұлғасы мен мінезі, адамгершілік қасиеттері бірін-бірі әдемі толықтырып тұрушы еді. Еңбегімен ел құрметіне бөленіп, толайым табысты жұмыстар ат­қарған, қоғам жұмысына белсене қатысқан осы жердің тумасы Түйте­бай Темірбеков, 1929-31 жылдары барлық азғантай малын ортаға салып бірігуге мұрындық болған Мажыра Ниязбекова 1936 жылы Орталық Атқару комитетіне (КазЦИК) мүше болған. Кейін де КСРО Жоғарғы Кеңесіне әр кездері Мешітбай Қойшыбеков, Нұржамал Туғанбаева, Күлзада Тілеубаева, Қазақстан Республикасы жоғары кеңесіне Ділдаш Итбасова, Айтбай Назарбеков (аупарткомның бірінші хатшысы), Шотай Тайбағаров, Шоман Шәріпбаев, Тұрмағамбет Арыстанбековтар депутат болып халық сеніміне, құрметіне ие болды. 
Аудан абыройын асқақтатып, атағын шығарғандардың бірі Шотай Тайбағаров болды. Нар тұлғалы жігіт шыңдалған шеберлігін көрсетті. Екі дүркін қой қырқудан КСРО чемпионы, Экономикалық өзара көмек кеңесіне мүше елдердің абсолютті чемпионы, Қазақстанның бас жүлдегері атанды.
Аудан көлемінде ұжымдарды басқарып, тірліктің көзін таба біл­гендер еліне, жеріне жанашыр жақ­сылар мен жайсаңдар аз болған жоқ. Көпшілігі бақилық болып кетті. 
Бұл күндері де заман талабын жете меңгеріп, шаруаларын дөңге­летіп, еліміздің экономикасы мен әлеуетіне үлестерін қосып жүргендер көбейе түсуде. 
Ресейге 300 жылдан аса уақыт бодан болған қазақ елі небір ауырт­пашылық замандарды басынан кешірді. 300 жыл бойы бабаларымыз азаттық үшін, егемендігіміз үшін әміршіл, әкімшіл жүйемен арпа­лысып, күресумен болды. Тіліміздің, дініміздің жойылып кетуіне қауіп төнді. Өзге жұрттар жерімізге де егелікке аңсары ауып, неше түрлі әдіс-айлаларды ойластырып, ием­денуге әрекеттер жасады. Орыс патшасы Николай ІІ - «Мне все равно, как живут казахи, пусть живут, пусть живут как хотят, меня интересует их земля» деп ашық ойын білдіргені бар ғой. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, сәті түсіп жүйе әрекеттеріне қарсылық білдіріп ерлік, батылдық көрсетіп, жастар көшеге шықты жүйе де қарсыласып бақты. Көшеге шыққан жастарды ұрды, соқты, қинады, адамгершілікке жат әрекеттер жасады. Мың өліп, мың тірілген бабалар ұрпақтары қайтпай қайсарлық көрсетіп, ақыры аңсаған арманына жетті. Сол азаттық үшін күрестің басы-қасында жерлесіміз, Мойынқұмның тумасы Қайрат Рысқұлбеков те жүріп еді. Еркіндік үшін күресте әкімшілік-әміршілік заманның қолшоқпары жастарды бағытынан қайтарамыз деп ұрды-соқты, жас Қайраттың өмірін қиды. Өміріне төнген қауіпке қарамай ол: 
Қайрат деген атым бар, 
Қазақ деген затым бар.
Еркек тоқты құрбандық, 
Атам десең атыңдар, - деп ұрандатып өтті.
Халықтың ұлы атанған Қайратқа Президентіміз Жарлығымен «Халық Қаһарманы» атағын берді. Қадір тұтқан еліміз Қайратқа ескерткіштер орнатты, мәдениет ошақтарына, мектептерге, көшелерге атын беріп, құрмет көрсетті. Осындай тұғыры биік тұлғаға Мойынқұм ғана емес, бар қазақ қарыздар.
Мойынқұм жерінде талай мемлекеттік қайраткерлер, жақ­сылар мен жайсандардың табан ізі қалған, өсіп-өркендеуіне көмек қолдарын созған. 1928 жылы мемлекет қайраткері Ораз Жандосов Мойынқұмға келіп, елді бірігіп, ұйымдасып, шаруа жүргізуге үгіттесе, Қазақстан Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов 1953 жылдың қараша айында ауданға келіп, 418 шақырымдық (оның 300 шақырымы Мойынқұм аумағында) Мойынты - Шу темір жолының ашылу салта­натын Шығанақ стансасында өткізіп, сөз сойлеп лентасын қиып пайдалануға берген. 
Шу бойына жапсарлас жатқан Бетбақтың даласын, оның өсімдік әлемін, су көздерін, азықтық қор­ларын зерттеп келешек тағдырын шешкен аса көрнекті ғалым Кәрім Мыңбаев арнайы экспедиция ұйымдастырып, жетекшілік етіп, Ұланбел ауыл шаруашылығы стансасын ашқан. Кейінде сол станса негізінде ірі мал совхоздары ұйымдастырылды.
Қазақстанды ұзақ жыл басқарған ірі мемлекеттік қайраткер, хал­қымыздың аяулы перзенті Дін­мұхамед Ахметұлы Қонаев 1975 жылы ауданға келіп, жай-күйімен танысты, халықпен жүздесті. Қа­зақстанның Министрлер Кеңесінің төрағасы болған айтулы азамат Байкен Әшімов және әр кездердегі орынбасарлары, министрлердің басым көпшілігі ауданды аралап, хал-жағдайымен танысып кө­мек қолдарын созып отырды. Сондай-ақ Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Әзілхан Нұршайықов, Хамит Ерғалиев, Тұманбай Молдағалиев, Сырбай Мәуленов, Қасым Қай­се­нов, Қадыр Мырзалиев, Оралхан Бөкеев, Шыңғыс Айтматов, т.б. көп­теген ақын-жазушыларымыз Ша­ра Жиенқұлова, Роза Бағланова, Би­бігүл Төлегенова, т.б. көптеген өнер саңлақтары да әр кездері Мойын­құмның құрметті қонағы болды. 

Есенаман ОШАҚБАЕВ, Еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы

Соңғы жаңалықтар