Тұқым шаруашылығының 72 пайызы отандық өнім – министрлік

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда тұқымның 72% немесе 1,74 млн тонна отандық тұқым өндірушілердің есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы мәлім етті.

тұқым
Фото: Ақорда

«Жыл сайын ел аумағында 23,3 млн гектар алқапта ауыл шаруашылығы дақылын өсіру үшін 2,4 млн тонна тұқым қажет. Бүгінде тұқым қажеттілігінің 17% немесе 400 мың тонна аттестатталған тұқым өндірушілер арқылы, 11% немесе 260 мың тонна импорт есебінен қамтамасыз етілген. Қалған 72% немесе 1,74 млн тонна отандық тұқым өндірушілердің есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Осылайша, елімізде тұқыммен қамту көрсеткіші 89 пайызды құрайды», - деді Ермек Кенжеханұлы Мәжіліс қабырғасында өткен жиын барысында.

Осылайша, вице-министр отандық тұқым себу үлесін 53 пайызға теңеді.

Одан әрі министрдің орынбасары тұқым шаруашылығындағы басты мәселелерге тоқталды.

«Біріншіден, тұқым импорты жылдан жылға өсіп келеді, мысалы, 2018 жылы 57 мың тонна болса, қазір 270 мың тоннаға жетіп отыр. Тұқым шаруашылығын субсидиялаудың жетілмегендігі мен жеткіліксіздігі біздің басты проблемаға айналып отыр. Сонымен қатар тұқым шаруашылығы субъектілерінің ашық болмауыда мәселе туындатады», - дейді министрдің орынбасары.

Айта кетсек, осы жиында Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев Алматының апорт алмасы мен қызғалдақты ресми түрде отандық мақтаныш, бренд етіп бекітуді ұсынды.

Бүгін Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінде «Тұқым шаруашылығын дамыту. Өсімдіктердің жаңа сорттарын қорғау жөніндегі халықаралық одаққа мүше болу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Соңғы жаңалықтар