Түкті кілем тек үйге төселетін бұйым емес — қолөнерші
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан кілем тоқу өнері — халқымыздың баға жетпес мәдени мұрасының бірі. Әсіресе, Сыр бойында кең тараған түкті кілем тоқу дәстүрі өзіне тән тоқу технологиясымен, ою-өрнегімен және нақышымен ерекшеленеді. Алайда бүгінде бұл өнерді жетік меңгерген шеберлер қатары сиреп барады.
Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі, Қызылорда облысының «Қолөнершілер орталығы» қоғамдық қорының төрайымы Қарлығаш Ілиясова әжесінен үйренген дәстүрлі өнерді қайта жаңғыртып, кейінгі буынға үйретіп жүр. Оның айтуынша, ұлттық қолөнерді сақтап қалу үшін шеберлік сабақтарымен қатар нақты мемлекеттік қолдау мен өндірістік мүмкіндік қажет.
— Әңгімемізді өзіңіз айналысып жүрген кілем тоқу өнерінен бастасақ... Қазақтың дәстүрлі кілемдері қандай түрлерге бөлінеді?
— Қазақтың дәстүрлі кілемдерін негізінен тақыр кілем, арабы немесе шегірен кілем және түкті кілем деп үш түрге бөлуге болады. Әрқайсысының өзіндік тоқу ерекшелігі бар. Мәселен, тақыр кілемде жіп ширатылып, желіге оң-теріс тәсілімен өткізіледі. Оның бетінде түк болмайды, ою-өрнек жіптердің көмегімен түсіріледі. Арабы, шегірен кілемдер де осыған жақын. Ал түкті кілемнің ерекшелігі — бетінде түгі болады. Жіптерді арнайы шалып, оң және теріс бағытта айқастыра тоқиды. Кейін кілемнің бетіндегі түкті біркелкі етіп тегістейді. Шамамен бір сантиметрдей түгі болады. Түкті кілем өте жұмсақ әрі жылы келеді. Бұрын мұндай кілемдер әр үйдің төрінен орын алған. Қазір, өкінішке қарай, оны тоқитын шеберлер азайып кетті.
— Қазақ кілемінің өзге халықтардың кілемдерінен басты ерекшелігі қандай? Оны ою-өрнегі, тоқу техникасы немесе қолданылатын материалы арқылы ажыратуға бола ма?
— Ең әуелі тоқу техникасы және ою-өрнегімен ерекшеленеді. Сыр өңірінде түкті кілем тоқу өнері жақсы дамыған. Бала кезімізде әжемізден шатыргүл, пәтінісгүл аталып кеткен өрнектерді үйрендік. Шатыргүлдің өрнектері геометриялық пішіндерге негізделген. Оның ішінде үшбұрыштар, түрлі сызықтар мен ара ұясына ұқсас өрнектер кездеседі. Кейін, әсіресе, 1982-1983 жылдары кілем тоқуда раушан гүлдері мен басқа да бейнелер қолданыла бастады. Мен де тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде өзім тоқитын кілемнің шетіне раушан гүлдерін салдым. Ортасына дәстүрлі шатыргүл өрнегін түсіріп, жиегін гүлдермен көмкердім. Әжем алғашында бұған қарсы болды, мен де өз ойымнан қайтпадым. Сол кілемді әлі күнге дейін сақтап, қолданып жүрмін. Ою-өрнектердің өзіндік мәні бар. Мысалы, түрлі түсті ара ұясына ұқсас өрнектер отбасының берекесі мен бақ-дәулетін білдіреді деген түсінік болған. Қызыл, қара түстер жиі қолданылған. Қызыл түс жамандықтан, тіл-көзден сақтасын деген ниетпен таңдалған деп ойлаймын. Әрине, әр шебердің өз түсінігі, өзіндік өрнек салу мәнері бар.
— Кілемнің қазақ отбасы үшін тұрмыстық бұйым болудан бөлек маңызы қандай?
— Бұрын ата-әжелеріміз әр баласына арнап кілем тоқып беретін. Бұл — отбасының ғана емес, тұтас ұрпақтың мұрасы. Әсіресе, қыз ұзатылғанда жасауына міндетті түрде түкті кілем қосылған. Кілеммен бірге көрпе-жастық, басқа да бұйымдар берілген. Менің әжем төрт қызына төрт кілем тоқып берген. Солардың біразы әлі күнге дейін үйімізде сақтаулы. Бұрын кілемнің қадірін білген. Қазір кейбір адамдар ескі кілемдерді жаңасына айырбастап, оның тарихи әрі рухани құндылығын ескермейді. Өзімнің де маңдай термен тоқыған бір кілемім шамамен 20-22 жыл бұрын тұрмыстық қажеттілікке байланысты Германияға сатылып кетті. Таза жүннен тоқылған, көлемі 2×3 метрлік кілемімді сол елден өңірімізге келген қонақтар 20 мың долларға сатып алды. Әрине, кейін өкіндім. Тағы бір туындымды бір кездері үйдегілер орнына басқасын алатын болып деп сыртқа шығарып тастапты. Ұзындығы 5 метр болатын, оны өзім сақтап қойдым. Тазалап, қайтадан пайдалануға жарамды еттім. Қазір үйімде тұр. Бұл — менің еңбегім ғана емес, өмірімнің бір кезеңінің естелігі.
— Бір кілемді тоқуға орта есеппен қанша уақыт кетеді? Оның көлемі мен өрнегіне қарай еңбек мөлшері қалай өзгереді?
— Бұл кілемнің көлеміне, өрнегіне және қолданылатын жібіне байланысты. Бір үлкен кілемді кемінде үш айда бітіруге болады. Оның өзінде күн сайын таңғы сағат сегіз-тоғыздан кешкі сағат жетіге дейін үзіліссіз жұмыс істеу керек. Бұрын бір кілемді үш-төрт адам бірігіп, асарлатып тоқитын. Ортада бір-екі адам жұмыс істесе, екі шетінде тәжірибелі шеберлер отыратын. Себебі кілемнің екі шеті түзу шығуы керек. Кейде бір кілемді үш-төрт ай тоқитын, тіпті бір жаз бойы еңбек ететін. Қазір көлемі 2×3 метрлік түкті кілемнің бағасы шамамен миллион теңгеден басталады. Ал шағын кілемшелердің бағасы — 250-500 мың теңге аралығында. Бұл жерде тек жіптің құны емес, ең бастысы, адамның еңбегі бағалануы керек. Қолмен тоқылған дүниені бір күнде немесе он күнде жасап шығару мүмкін емес. Оның артында үлкен уақыт, тәжірибе мен төзім жатыр.
— Шеберлердің осы еңбегіне сай қолөнер бұйымдарына сұраныс бар ма?
— Қазір ұлттық нақыштағы бұйымдарға қызығушылық қайта артып келеді. Бірақ дәстүрлі түкті кілемге келгенде сұраныс пен өндірістік мүмкіндік қатар дамуы керек. Қолдан тоқылған кілемнің құнын түсінетін адамдар бар. Оны бағалай білетін жан үшін мұндай бұйымның орны бөлек. Меніңше, түкті кілем тек үйге төселетін бұйым емес. Ол — ұлттық болмысымызды танытатын дүние. Қазіргі жастар үлкен кілем тоқымаса да, шағын кілемше, сөмке немесе тұрмыста қолданатын ұлттық нақыштағы бұйымдар жасап, осы өнерді күнделікті өмірге енгізсе екен деймін.
— Шәкірттеріңіз бар ма?
— Иә, қазір осы бағытта шәкірт тәрбиелеп жүрмін. ЮНЕСКО-ның қолдауымен дәстүрлі түкті кілем тоқу технологиясын қайта жаңғыртуға мүмкіндік туды. Қажетті құрал-жабдықтар беріліп, арнайы үйрету жұмысы жүріп жатыр. Қолөнердің қыр-сырын үйренуге қызығушылық танытқандардың арасында жергілікті мектептердің технология пәні мұғалімдері бар. Себебі мектеп бағдарламасында қолөнер, соның ішінде кілем тоқу тақырыбы қарастырылған. Мұғалімнің өзі білмесе, оны оқушыға қалай үйретеді? Сондықтан алдымен ұстаздардың осы өнерді меңгергені маңызды. Шәкірттеріміз шамамен жарты жыл бойы үйренді. Аптасына екі рет сабаққа келіп, тоқу технологиясын, қандай жіп қолдану керек екенін, желі тартуды, қажетті құралдарды пайдалануды меңгерді. Ең қуаныштысы, қазір олардың кейбірі өздері өзгелерге үйретіп жатыр. Бұл — дәстүрлі өнердің жалғасын тапқанының белгісі.
— Түкті кілем тоқу өнерін үйренуге жастардың қызығушылығы қай деңгейде?
— Қызығушылық бар, бірақ оны жүйелі түрде дамыту қажет. Қолөнерді меңгеру үшін уақыт пен шыдам керек. Сондықтан жастарға бұл өнерді бірден табыс көзі ретінде ғана емес, ұлттық мұра ретінде де түсіндіруіміз керек. Менің басты мақсатым — өзім білетін дүниені өзгелерге үйрету. Кейінгі ұрпақ осы тоқу технологиясын меңгеріп, ата-бабадан қалған асыл мұраны үзіп алмай, әрі қарай дамытса екен деген тілегім бар.
— Өзіңіз атап өткендей, Сыр өңірінде түкті кілем тоқу өнері ертеден жақсы дамыған және өзіндік ерекше мектебі бар. Алайда қазіргі күні бірегей қолөнерді кең көлемде, өндірістік деңгейде дамытуға не кедергі болып отыр?
— Ең үлкен мәселе — тұрақты өндірістің жоқтығы және қаржы тапшылығы. Бұл өнерді дамыту үшін шеберлерге жағдай жасалуы керек. Біріншіден, арнайы шеберхана ашып, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету қажет. Екіншіден, осы іске қатысатын адамдарға тұрақты жалақы төленуі керек. Өйткені әр шебердің отбасы, күнделікті тіршілігі бар. Тек «үйреніңдер, дамытыңдар» деп айту жеткіліксіз. Бұрын кілем тоқитын фабрикалар болды. Қазір олардың ізі қалмады. Сондықтан Сыр өңірінде дәстүрлі кілем тоқу өндірісін қайтадан қолға алу қажет деп есептеймін. Мемлекет тарапынан нақты қолдау болса, бұл өнімді отандық бренд ретінде нарыққа шығаруға мүмкіндік бар. Жалғыз өзіме инвестиция құйып, үлкен өндіріс ашу қиын. Бірақ үйретуге мүмкіндігім бар. Қазір шәкірттер дайындап жатырмын. Одан кейін осы істі жалғастыратын өндіріс орны болса, көп нәрсе өзгерер еді. Қолөнер шеберлеріне тұрақты жұмыс беріліп, еңбегі лайықты бағаланса, бұл сала да дамиды.
— Көрме, жәрмеңке сияқты іс-шараларға қатысып жүрсіз. Өзге мемлекеттердің ұлттық кілем тоқу өнерімен салыстырғанда біздің мүмкіндігіміз қандай?
— Түрікменстанда болғанымда олардың кілем тоқу өнеріне ерекше мән беретінін көріп, таңғалдым. Бізді қарсы алғанда жолдың бойына дейін кілем төсеп қойған. Ұлттық өнерін мақтанышпен көрсетіп, насихаттап жатыр. Сонда өзіміздің Сыр өңіріндегі қолөнердің де қаншалықты бай екенін ойладым. Бізде де тарихы терең, тоқу технологиясы ерекше түкті кілем бар. Бірақ оны кеңінен танытуға, өндіріске енгізуге әлі де күш салуымыз керек. Сыр кілемінің өзіндік өрнегі, тоқу тәсілі, тарихы бар. Оны тек тұрмыстық бұйым ретінде емес, мәдени мұра ретінде танытуымыз қажет. Сонда ғана өзге елдерге де таныта аламыз.
— Қолмен тоқылған кілемнің арнайы аппаратпен тоқылған бұйымнан айырмашылығы бар ма?
— Айырмашылығы бар. Қолмен тоқылған дәстүрлі түкті кілемде әр жіп арнайы шалынып, бір-бірімен айқастырылады. Сол арқылы кілемнің түгі берік бекітіледі. Ал аппаратпен тоқылған кілемнің технологиясы өзгеше. Жіптің орналасуы мен бекітілу тәсілі де басқа. Аппаратпен белгілі бір суретті түсіруге болады, бірақ дәстүрлі қолөнердің технологиясын толық алмастыра алмайды. Сондықтан мен үшін ең маңыздысы — ата-бабамыздан жеткен тоқу тәсілін жоғалтпау. Заманауи технологияны қолдануға болады, бірақ дәстүрлі әдістің өзін де сақтауымыз керек.
— Жақын арада жүйелі түрде жастарды дайындамасақ, дәстүрлі түкті кілем тоқу өнері мүлдем ұмытылып, тек музей экспонаты болып қалмай ма? Оның алдын алу үшін нақты не істеу керек?
— Бізге дейінгі әжелеріміз осы өнерді көзінің қарашығындай сақтап, бізге жеткізді. Енді біз оны кейінгі ұрпаққа аманаттауымыз керек. Қазір дәстүрлі түкті кілем тоқудың қыр-сырын білетін шеберлер азайып барады. Жасы үлкен ұстаздарымыз бар, бірақ олардың орнын басатын жастарды дайындауымыз қажет. Білгенімізді үйретпесек, ертең бұл өнер ұмытылуы мүмкін. Менің арманым — Сыр өңірінде түкті кілем тоқитын тұрақты өндіріс ашылып, жастарды осы кәсіпке тартсақ екен. Әр үйде ұлттық нақыштағы бұйымдар қолданылса, әр бала ата-бабасының өнерін танып өссе деймін. Ең бастысы, қазақтың ұлттық қолөнерінің иісі шығып тұрса екен. Өйткені бұл — біздің тарихымыз, мәдениетіміз және ұрпаққа қалдыратын мұрамыз.
Бұған дейін біз Солтүстік Қазақстан облысы Лобаново елді мекенінде тұратын ата-бабадан қалған ұлттық өнерді ұмыттырмай, келер ұрпаққа аманаттап келе жатқан Қапезовтер отбасы туралы жазған едік.